• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Архив Бүгін, 08:30

Мұстафа Шоқайдың АҚШ-тағы кітапқа енген суреті

50 рет
көрсетілді

Америкада білім алып жүргенде жинаған ұлтымыз туралы деректер қоржынын ақтарып, оқырманға ұсынудан жалық­паймыз. Мақсат – қилы кезең­де тарыдай шашылған қазақ­тың алыстағы дерек­терін елге жеткізу. Бірде Вашиң­тон қаласындағы ескі кітаптар дүкеніне бас сұқтым. Екі қабат­тан тұратын дүкен бүкіл әлем­нің рухани байлығын бойына жинап алғандай. Сөрелерде әр елдің та­ри­хы мен тағдырынан сыр шер­те­тін кітаптар дестеленіп тұр.

Мен бірден Орталық Азия бөліміне қа­тысты кітаптарды ақтара бастадым. Кенет қолыма сырты әбден ескірген, парақ­тары сарғайған сары кітап түсті. Міне, қызық. Кеңес одағының құрылу тари­хы­нан ақпарат беретін бұл еңбекте Мұстафа Шоқайдың суреті жарияланыпты.

Әлем тарихындағы ең күр­делі кезең­дердің бірі – Ресей империясының күй­реуі мен кеңес одағының құрылуы. Бұл үде­ріс­ті америкалық тарихшы Ричард Пайпс жан-жақты зерттепті. Ол Гар­вард университетінде ұзақ жыл дәріс оқып, әйгілі Ресей зерттеу орталығын басқарды.

Оның «Кеңес одағының құ­рылуы: коммунизм және ұлт­шылдық, 1917–1923» атты кітабы Ресей империясының күйреуі мен большевиктердің көпұлтты кеңестік мемлекетті қандай жолмен құрғанын баяндайды. Автор Украина, Кавказ, Орталық Азия және Еділ–Орал халықтары­ның ұлттық ұмтылыстарын ком­му­нис­тер қалай өз мүддесіне пайдаланып кеткенін нақты көрсетеді.

Бұл зерттеу ХХ ғасыр со­ңында – кеңес одағы құлап, Қа­зақстан мен өзге де түркі елдері тәуелсіздікке қол жеткізген шақ­та ерекше маңызға ие болды. Өйткені Пайпс кеңес одағы үшін «Ахиллестің өкшесі» мұсылман халықтары екенін дәлелдеп берді.

 

 Ричард Пайпс

Автор осы кітабының алғы­сөзінде былай деп жазады: «Бұл кітап алғаш рет 1948–1953 жылдары жазылған, ол уақыт Сталиннің жеке басқа табынуы шегіне жеткен кез еді және кеңес одағын қалыптастырудағы Сталиннің рөлі жөнінде сенімді ақпарат табу қиын болатын. Сондықтан мен 1921–1923 жылдары – одақтың қағидаттары жасалып, іске асы­рылған жылдарды – көбіне үзік-үзік әрі сенімсіз деректерге сүйене отырып баяндауға мәжбүр болдым. Кітап жарық көргеннен екі жыл өткен соң кеңес одағы Коммунистік партиясы­ның ХХ съезі өтіп, онда «жеке басқа табынушылық» айыпталды. Көп ұзамай Ресейдің өзінде және одақтас республикаларда төңкеріс, азамат соғысы және одақтың құрылу тарихы­на қа­тысты көптеген моногра­фиялар мен құжаттар жинақтары жария­лана бастады».

Зерттеу барысында ол Орта Азиядағы ұлттық қозғалыстар­ға, соның ішінде қазақ даласын­дағы оқиғаларға ерекше назар ­аударып, Ресейдің экспансия­сын тек Еуропаға ғана емес, мұсыл­ман аймақтарына да бағыттал­ған үдеріс ретінде қарастыр­ды. Автор Орталық Азиядағы ха­лық­тардың тілін, мәдениетін, сая­си қозғалыстарын арнайы зерттеген. 50-жылдардың со­ңында Алматыға сапарында қазақтардың 1 мамыр мере­кесін­де үнсіз, Сталиннің суретін көтеріп жүргенін көрген Пайпс орыс серігіне: «Ал егер қазақ­тар сіздерге, алжирліктер фран­цуздарға айтқандай, «рахмет, енді кете беріңіздер десе не болады?»  деген сауал қойған еді. Серігінің «Пусть попробуют» («Көрсін, шамасы келсе») деген менмен жауабы тарихтың шындығын бүркей алмады. Ақыры 1991 жылы Қазақ елі мен Орталық Азия халықтары өз тәуелсіздігіне жетті.

Осы еңбекте автор ұлты­мыздың сонау бір қасіретті кезеңі, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі туралы да жазады. «Отарлау салдарынан туған жергілікті халықтың наразылығы мен ашу-ызасы көтерілістің аса қатал әрі ауыр сипат алуына себепші болды. Қазақ-қырғыздар патша өкіметі тұсында әдетте әскери қызметтен босатылатын. Алайда соғыс кезінде Ресей үкіметі қосымша жұмыс күші қажет деп шешіп, 1916 жылғы шілдеде қазақ-қырғыздарды май­данның тыл жұмыстарына шақыру туралы жарлық шы­ғарды. Жергілікті халық бұл бұйрықты дала көшпелілеріне қатысты жаңа саясаттың басталуы деп түсініп, қолына қару алды», деп жазады. Бұл дерек бізге түсінікті болғанымен, қазақты білгісі келген шет жұрт үшін ақпарат көзі болмақ. Ғалым осыны айта келе Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы сияқты тұлғалардың есімін атап, еңбегін Батыс жұртына таныстырады.

Сол кезеңдегі ұлттық қайрат­керлердің Орынборда Жал­пы­қазақ құрылтайын ша­қыруға бастамашы болуы, Құрыл­тайдың қарарларында бұрынғы режим тартып алған жерлерді жергілікті халыққа қайтару және 1905 жылдан кейін қоныстанған жаңа ке­лімсектерді қазақ-қырғыз ай­мақ­тарынан шығаруды талап етуі хақында жазады.

«1917 жылғы Түркістан­дағы жергілікті саяси қозғалыс екі бө­лік­тен тұрады: Діни-консерва­тив­тік – «Улема жәмияти» (Ulema Cemiyeti; Діндарлар қауы­мы), жетекшісі – Серәлі Лапин. Олар монархиялық көзқараста болды, басты назарын мұсылман соттарын енгізуге және Түркістанда шариғат заңдарын орнатуға аударды. Зайырлы-либерал­дық – жәдидшіл қозғалыс өкілдері: Мүнәууар Қари мен Мұстафа Шоқай. Олар Түр­кістандағы мұсылман өмірін батыс үлгісінде жаңғыртуды және жергілікті ха­лықтың елдің саяси өміріне бел­сене қатысуын қалады. Алға­шын­да бұл екі топ бір-бірі­не қар­сы болды, бірақ жыл соңы­на қарай орыстардың жергілік­ті ха­­лық­тың саяси мүдделеріне қар­сы тұруы күшейген кезде олар бірікті».

Пайпстың айтуынша, 1917 жылы Түркістандағы мұсыл­ман қозғалысына либерал мұсыл­мандар жетекшілік етіп, олар сәуір айының басында Түр­кістан мұсылмандарының съезін шақыруға бастамашы болды. Съезд қаулысында Ресейде фе­деративтік жүйе енгізу және ­жер­гілікті халықтан тартып алынған барлық жерлерді қай­тару талап етілген. Сондай-ақ Түркістан мұсылман орталық кеңесі – Шура-и Исламия құ­рыл­ды, оның төрағасы Мұстафа Шо­қай болған. Бұл кеңес аз уақыт­тың ішінде Түркістан­ның әр ай­мағында облыстық ұйым­дар құрып, жергілікті халық­тың саяси іс-әрекеттерін орта­лық­­тандыруға ұмтылды. Бұл ұйым мамырда өткен Бүкіл­ресей­лік мұсылман съезіне қа­тысып, Алашордамен байланыс орнат­ты. Бірақ Түркістандағы мұсыл­ман ұйымдары мен дала ай­мақ­тарындағы ұйымдар төңкеріс пен азамат соғысы кезеңінде бір-бірінен тәуелсіз дамыған. Осы жер­де автор маңыз беріп, мына бір деректі өз оқырманына ұсынады. «Түрксовнарком мұсылман­дар мен кеңестер арасындағы күн­нен-күнге ұлғайып келе жатқан алшақ­тықты жоюдың соңғы ­амалы ретінде Мұстафа Шоқай­ға Түркістан кеңестік үкіметінің төр­ағалығын ұсынғаны айтылады. Алайда Шоқай мұның өзі оны қызылдардың қол астына берумен бірдей деп есептеп, бас тартты».

Пайпстың аталған еңбегін­де Мұстафа Шоқай есімі де ерекше орын алады. Оның Түр­кістан мұсылмандарының сая­си ұйымдарын біріктіріп, Алаш қозғалысымен байланыс орнатқаны, Қоқан автоно­мия­сының жетекшілерінің бірі бол­ғаны анық айтылады.

Міне, осы тарихи еңбекте Мұстафа Шоқайдың АҚШ-та сақталған беймәлім суреті де бе­рілген. Оның қасында әзербайжан халқының азаматтық қозғалыс жетекшісі Мехмед Емин Ресул-заде, қырым татарларының ХХ ғасырдағы ұлт-азаттық қозғалысы көшбасшылары Джафер Сей­дахмет пен Челибиджан Чели­биев және башқұрт халқының ірі саяси қайраткері Зәки Уәлидидің суреттері қоса берілген.

Бұл сурет – ұлт-азаттығы жолында күрескен қайраткердің мұрасын жаңа қырынан тануға мүмкіндік береді. Мұстафа Шо­қай­дың есімі – тәуелсіз Қазақ­стан үшін асқақ рух пен азат­тықтың рәмізі. Оның тұлғасын Ричард Пайпс сияқты әлемдік деңгейдегі тарихшылардың еңбегінен көру – біз үшін зор мақтаныш.