• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Басылым Бүгін, 08:28

Тұлға туралы тың дүние

20 рет
көрсетілді

Президент архивінде ХХ ғасыр­дағы ірі мемлекет және қоғам қайраткері Нығмет Нұрмақовтың өмірі мен қызметіне арналған «Нығмет Нұрмақов. Құжат­тар мен материалдар» атты тарихи-құжаттық жинақтың тұсаукесері өтті. Кітапта оның реформаторлық қызметі, елді индустрияландыруға қосқан үлесі және отбасылық трагедиясы архив деректері негізінде көр­се­тілген.

Нығмет Нұрмақов – 1920–1930 жылдар аралығында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және мәдени бағытын қа­лып­тастыруға белсенді қатысқан тарихи тұлға. Түрксіб теміржолының салынуы­на атсалысқан, сондай-ақ ел астана­сы­ның Орынбордан Қызылордаға көші­рілуіне ықпал еткен қайраткер.

Кітаптың таныстырылымына Парла­мент Сенаты мен Мәжіліс депутаттары, тарихшылар, архив қызметкерлері, зерттеушілер, сондай-ақ Нұрмақовтың ұрпақтары, елор­далық оқушылар мен студенттер қатысты.

Тұсаукесер барысында Президент архи­вінің директоры Әлия Мұстафина сөз сөйлеп, жинақтың ғылыми және тарихи маңызына тоқталды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2022 жылы XX ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығы ашылды. Бұл орталық үш жыл ішінде арнау­лы мемлекеттік архивтерден 700 мыңнан астам іс қабылдады. Қазіргі таңда оларды жүйелеу, сараптау, консервациялау және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Осы материалдар Мемлекеттік комиссия шығарған 72 томдық құжаттар жинағына кірді. Сонымен қатар ғылыми-зерттеу жұ­мысы шеңберінде былтыр Президент архиві 12 томдық «Алашорда ісі» материалдарын ғылыми айналымға енгізді. Бүгінгі Нығмет Нұрмақовқа арналған жинақ – осы ауқымды жұмыстың жалғасы. Бұл зерттеу еңбегі бірнеше жылға созылған мұқият архивтік ізденістің нәтижесі», деді ол.

Сенат депутаты Әсем Рахметова мен қай­раткердің туған інісі Жәмелдің ұлы Мұқан Нұрмақов, сондай-ақ інісі Құрманғалидың қызы Тамара Чувакова да сөз сөйлеп, Нығмет Нұрмақовтың тарихи мұрасын сақтау ісіне қосқан үлесі үшін архив ұжымына алғыс­тарын білдірді.

Жинақ бес бөлімнен тұрады және хронологиялық тәртіппен құрастырылған. Онда Нығмет Нұрмақовтың Омбы семина­риясындағы оқуынан бастап, әділет саласындағы алғашқы реформалары, ҚАКСР Халық Комиссарлары кеңесінің төрағасы ретіндегі қызметі, Мәскеудегі кезеңі мен 1937 жылғы саяси қуғын-сүргінге дейінгі өмір жолы қамтылған. Сондай-ақ отбасына қатысты архивтік деректер де көрініс тапқан.

Жинақ ғылыми-анықтамалық аппаратпен толықтырылған. Бұл жөнінде ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығының басшысы Гүлшат Нұрымбетова айтып берді.

«Жинаққа енгізілген құжаттар Прези­дент архивінен, оның ішінде Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураның арнайы архивтерінен алынған. Сондай-ақ Омбы қаласының тарихи архиві­нен (РФ), ҚР Орталық мемлекеттік ар­хивінен, Ұлттық архивтен, Қарағанды облыстық архивінен және Қазақстан Республикасының кинофотоқұжаттар және дыбыс жазба­ларының Орталық мемлекеттік архивінен алынған материалдар енді. Сонымен қатар жинақ ғылы­ми-анықтамалық аппаратпен қамтама­сыз етілген. Олар есімдер көрсеткіші, географиялық көрсеткіш, ескерт­пелер, қысқарған сөздер тізімі мен этно­мә­дени және әлеуметтік-саяси ұғымдар сөз­дігінен тұрады. Бұл – жинақты ғылыми айналымға енгізуге және болашақ зерттеулерге үлкен серпін береді», деді ол.

Жинақтың тұсаукесерімен қатар ашылған «Дәуір және тұлға: Нығмет Нұр­мақов» көрмесіне қайраткердің өмір жолына қатысты жүздеген түпнұсқа архивтік материал қойылды. Олардың қа­та­рында сот және прокуратура жүйесін қазақыландыруға қатысты бұйрық­тар, Түрксіб құрылысына байланысты үкімет қаулылары, Ф.Голо­щекинмен ара­дағы қайшы­лықтарға қатысты хат алмасу­лар, құпия тергеу құжаттары мен отбасына қатысты материалдар, Алашорда қай­рат­кер­­­­­­лерімен түскен сирек фотосурет­тер бар.

«Архивтің мұндай ғылыми бастамалары ұлт тарихындағы ақтаңдақтарды зерттеп-зерделеу ісіне, тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге тың серпін беріп отыр. Бүгінгі іс-шара соның дәлелі деуге болады. Ұлт қай­раткерлерінің тағдырын жас буынға көрсету арқылы біз өз тарихымыз­ды көрсетіп, үй­ретеміз. Бүгінгі іс-шараны ұйым­­­дастырған Президент архивіне зор алғы­сымды біл­діремін», деді елі үшін еңіреп өткен есіл ердің немересі Роза Нұрмақова.

Қазақстан Республикасы Президентінің архиві тәуелсіздік жылдарында шамамен 90 тарихи-құжаттық жинақ шығарды. Олардың арасында саяси репрессиялар, халық­тарды жер аудару, ұлт-азаттық қоз­ға­лыстар мен Қазақстанның жаңа тарихына арналған еңбектер бар.