Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасында «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысқан жеңімпаздар марапатталды. Биыл Мәртөк ауданында марал өсіретін «Зәру» шаруа қожалығы, Қобда ауданында «Qobda Milk» брендімен сүт өнімдерін шығаратын «Нұр-МТС» шаруашылығы, Қарғалы ауданында бал шаруашылығымен айналысатын жеке кәсіпкер Николай Ровенский үздік деп танылды.
Салтанатты рәсімде өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов пен облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Алмас Салықбаев жеңімпаздарға сертификаттар мен арнайы мүсіншілер табыстады. Үш кәсіпкер енді Астанада өтетін «Бір ауыл – бір өнім» көрмесіне Ақтөбе облысының атынан қатысады.
«Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ауылдардан бәсекеге қабілетті өнім шығара алатын кәсіпкерді шығару мақсатында үш жыл бұрын қолға алған бастама өміршеңдігін көрсетті. Оның бір дәлелі, жыл сайын осы жобаға қатысушылар қатары көбейіп келеді. Биылғы үздіктерді қолдауда екі мәселеге назар аударылады. Біріншіден, жеңімпаздар өз кәсіптерін дамыту мақсатында мемлекеттік қайтарымсыз гранттар конкурсына қатысып, 5 млн теңгеге дейін қаржы алу мүмкіндігіне ие болады. Екіншіден, кәсіби маркетологтер олардың өнімдерін бірегей жоба ретінде танытуға, сертификаттауға ықпал етіп, экспортқа шығаруға қолдау көрсетеді. Назар аудараралық жайт, өткен жылдан бастап қайтарымсыз гранттар тек «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жеңімпаздары мен әлеуметтік-кәсіпкерлік мәртебесі бар кәсіпкерлерге ғана берілетін болды. Қазірде кәсіпкерлердің жеңілдетілген несие алуына бағытталған түрлі мемлекеттік бағдарламалар бар. Мұның үздік үлгісі – «Ауыл аманаты» жобасы. «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жеңімпаздары өнім өндірушілер ғана емес, өңірлік брендті қалыптастырып жүрген азаматтар. Олар өз жетістіктері арқылы жаңа кәсіп бастағандарға өнеге көрсетіп келеді. Өйткені жобаның түп негізінде жергілікті шикізатты пайдалану, қол еңбегімен бірегей өнім жасау, ауылды дамыту бастамасы тұр», деді облыстық кәсіпкерлік палатасының директоры Дидар Боранқұлов.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында жер-жерде қолда бар шикізатты өңдеп, түрлі тұрмыстық, сәндік бұйымдар жасайтын, экологиялық сапалы тамақ өнімдерін өндірумен қатар, оларды тұтынушыларға жеткізу жолдарын қалыптастырған ауыл кәсіпкерлері жыл сайын көбейіп келеді. Айталық, биылғы жылдың жеңімпазы «Зәру» шаруашылығының иесі Бану Тілегенова сегіз жылдан бері Мәртөк ауданының Қазан ауылында марал өсіріп, оның мүйіздерін емдік мақсаттарға пайдалануды жақсы жолға қойған. Бұдан бөлек, кәсіпкер медициналық туризмді де дамытып отыр. Қысы-жазы Қазан ауылындағы шипажайға жан-жақтан емделушілер көп келеді.
Қобда ауданындағы «Нұр-МТС» шаруа қожалығының басшысы Нұрсұлу Сатаеваның айтуынша, шаруашылық мамандары 300 ірі қараны күтіп-баптап, сауылған сүтін өңдеп, қаптамаларға салып, жан-жаққа таратумен айналысады. Бұл – ауыл кластері үлгісі. Әзірше, шаруашылық өнімдерін ауданға, Ақтөбе қаласына таратып келеді. Қожалық иесі алдағы уақытта гранттық қаржыға қол жеткізсе, сүтті өңдейтін, сақтайтын жаңа жабдықтар сатып алуды мақсат етіп отыр.
Бес жыл бұрын «Ауыл аманаты» жобасымен жеңілдетілген несие алып, оған 10 ара ұясын сатып алған Николай Ровенский осы ерекше жәндікті өсірудің қыр-сырын талмай үйреніп келеді. Бұрынғы теміржол инженері осындай тәуекелге барғанына өкінбейді. Қарғалы өзенінің бойындағы тоғайда омартасын құрған кәсіпкер мамырдан күзге дейін араларын баптаумен айналысады. Бүгінде шаруашылығындағы 30 карника тұқымды ара ұясынан сатылымға төрт түрлі бал шығарып отыр. Өнімдері Ақтөбе облысында жақсы сұранысқа ие.
Шара барысында кәсіпкерлік басқармасының өкілдері қайтарымсыз гранттарға өтінім беру шарттарын түсіндірді. Грант иегері мемлекет қаржысын жабдықтар мен шикізат, франшиза сатып алуға, жаңа технология енгізуге, ғылыми зерттеу жұмыстарына жұмсауға тиіс. Өз кезегінде кәсіпкерлерге де талап қатаң. Өйткені жоба бастауға ұсыныс білдірген кәсіпкер 20% мөлшерінде өз қаражатын қосады. Грантты басқа мақсатқа пайдалануға мүлде болмайды. Түпкі нәтиже – өнім өндіру, бірнеше жұмыс орнын құру. Жақын күндері Ақтөбе облысының кәсіпкерлерінен қайтарымсыз грант алу жобасына өтінім қабылдау басталады.
Ақтөбе облысы