• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Басылым Бүгін, 08:05

Қазақ әдебиетінің қанжығасы майланды

20 рет
көрсетілді

Анкарада Түрік тіл қоғамының ұйымдастыруымен өткен «Тілде, ойда, істе бірлік» атты Түркі әлемі балалар әдебиеті сыйлығын табыстау рәсімі өтіп, қазақ әдебиетінің қанжығасы майланды.

Бала табиғатын танып, кішкентай оқыр­ман­ның жүрек лүпілін дөп басатын шығарма жазу, кешегі ертегіні бүгінгі өмірден көріп жүрген технократтық дәуір жеткіншектерін таңғал­дыру кез келген қаламгердің оңтайына келе бермейді. Түркі елдерінің жас оқырманына сапалы, мазмұны терең, тілі көркем шығармалар ұсынған қаламгерлерге берілетін мәрте­белі сыйлық биыл жазу­шы Сәуле Досжанға бұйыр­ғанын сүйіншілегеніміз жөн.

Түрік тіл қоғамы бұл марапатты 2022 жылдан бері табыстап келеді. Қолтаңбасында халқымыздың бай болмысын, ұлттық тәрбие, адамгершілік пен ізгілікті арқау еткен жазушының айтулы жетістігін тұтас қазақ әдебиетіне берілген құрмет деп қабылдадық.

Анкарадағы Ататүрік мә­дениет, тіл және тарих жоға­ры мекемесінің Билкент кампусында өткен салтанатты рәсімге танымал ғалымдар, қаламгерлер мен мәдениет майталмандары қатысты. Сый­лық иегерлері қатарында Сәуле Досжанмен қатар, әзербайжандық Захид Халилов, қырғызстандық Сүлей­ман Рысбаев, өзбекстандық Ми­разиз Азам және Солтүстік Кипр Түрік Республикасынан Шырын Зафержұлдызы Заи­мағоғлу бар.

Салтанатты рәсімді ашқан Түрік тіл қоғамының төрағасы Осман Мерт: «Балалар әдебиеті – тек әдебиет емес, халықтың ертеңі. Себебі бала бойына дән себетін алғашқы күш – сөз. Ал сол сөздің жүйесін түзеп, жү­рекке жеткізетін – балаларға арналған сапалы әдебиет»,  деп, түркі халықтарының әдеби кеңістігін ортақ бағытқа ұйыстыру жас ұрпаққа ортақ құндылық дарыту жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті.

Әдебиет арқылы рухани бірлігімізді нығайтуға бағыт­талған беделді сыйлыққа ие болған Сәуле Досжанның балалар әдебиетіндегі орны – жеке тоқталуға тұрарлық. Жа­зушы оқиғаларды баяндап қана қоймай, жас оқырманның жандүниесін тәрбиелеуге, олардың бойына мейірім мен адамгершілік, әділет пен отансүйгіштік секілді асыл қа­сиеттер орнықтыруға ден қойған, «балалармен бір тілде сөйлесе алатын» қаламгер. Бұл – оның шығармашылық жолына берілген лайықты баға ғана емес, түркі дүниесіне ортақ құндылықтарды дәріптеу жолындағы табанды еңбегінің жемісі.

Осы орайда, Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі мен «TURKTAV» қорының ұйытқы болуымен жазушының «Ауыл­дан шыққан миллионер» атты кітабының түрік тіліне тәр­жімеленген басылымының тұсаукесері өтті.

 

АЛМАТЫ