• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Заң Бүгін, 11:19

Жаңа ғимаратқа кепілдік беру мерзімі 10 жылға ұзартылуы мүмкін

20 рет
көрсетілді

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Құрылыс кодексінің жобасы жөнінде Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев баяндама жасады, деп жазады Egemen.kz.

ҚР Азаматтық кодексінде жаңадан салынған ғимаратқа кепілдік мерзімі - 10 жыл, салалық кодексте - 2 жылдан кем болмау керек делінген. Министр бұл мерзімді 5 жылға дейін ұзарту көзделіп отырғанын атап өтті. 

Десе де мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов бұл мерзімнің де жеткіліксіз екенін айтып, салдарына тоқталды.

«Құрылыс компаниялары осыны пайдаланып, екі жылдық келісімшартқа отырады. Ал екі жылдың ішінде ғимараттың сырты бүтін, іші түзу көрінгенімен, уақыт өте келе ақаулар пайда болып, авариялық жағдайға жетіп жатыр. Үш жылдан кейін құлап жатқан мектептер, қасбеттердің құлап, сәл жел тұрса шатырлардың ұшып жатқанын көріп жүрміз. Сондықтан екі жылдық кепілдік – жұмыс істеп кетсек болды деген түсініктің туындысы. Оның салдары - суық ауруханалар, төбесінен жаңбыр тамшылаған - мектептер. Біз бір топ депутат ұсыныс жасағанбыз. Іргетасқа, қасбетке, шатырға, тірек қабырғаларына кепілдік 10 жыл болу керек. Басқа элементтерге 5 жыл бола берсін», деді  депутат.

Өз кезегінде Ерсайын Нағаспаев депутаттың сөзімен келісіп, ұсыныс әлі де пысықталатынын айтты.

«Шынымен де қазіргі екі жылдық кепілдік құрылыста дефект шыққан кезде қиындықтар туындатады. Сондықтан біз құрылыс компанияларының жауапкершілігін күшейту үшін кепілдік мерзімін кемінде 5 жылға дейін ұзартуды ұсынып отырмыз. Ал сіз атаған элементтерге 10 жылдық кепілдік енгізу мәселесін пысықтап жатырмыз. Жалпы біз бұл бастаманы қолдаймыз», деді Өнеркәсіп және құрылыс министрі.