• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Экономика Бүгін, 09:31

Еділ Жаңбыршин: «Кен орнын тапқан инвесторға оны игеру құқығы беріледі»

20 рет
көрсетілді

Елімізде геологиялық барлауға жаңа серпін беретін заң жобасы әзірленіп жатыр. Енді аз зерттелген аумақтарда пайдалы қазба тапқан инвесторға оны әрі қарай барлау және игеру құқығы заң жүзінде беріледі. Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, бұл қадам бизнестің тәуекелін азайтып, ел экономикасына миллиардтаған доллар инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Мәселенің мәніне тереңдеу үшін, халық қалаулысының Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз. 

Кім тапса, сол игереді

Мәжілісмен Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, Қазақстанда геологиялық барлауға инвестиция тарту деңгейі басқа елдермен салыстырғанда бірнеше есе аз. Мәселен, елімізде 1 шаршы шақырымды зерттеуге небәрі 7 АҚШ доллары жұмсалса, АҚШ-та – 87 доллар, Австралияда – 167 доллар, ал Канадада 200-дей доллар жұмсалады.

«Біз бизнесті ынталандырып, геологияға инвестицияны ұлғайту үшін заңға өзгерістер енгіздік. Басты мақсат – геологиялық және геофизикалық зерттеулерге қаржы тарту, елдің минералдық-шикізат базасын кеңейту. Қазақстанда 15 шөгінді бассейн бар, соның бесеуі өте жақсы зерттелген. Бұл – Каспий маңы, Маңғыстау, Атырау, Оңтүстік Торғай (Құмкөл маңы, Қызылорда), сондай-ақ Бозащы мен Үстірт өңірлері. Жалпы 2012 жылға дейін еліміздің болжамды ресурсы 22,7 миллиард тонна шартты отын (мұнай, газ, көмір және басқалар) деп есептелген. Алайда 2012 жылы геология комитетінің тапсырысымен жүргізілген қайта есептеу нәтижесінде бұл көрсеткіш 76 миллиард тонна шартты отынға дейін өсті. Оның 70 миллиарды – жақсы зерттелген бес шөгінді бассейнде болса, 6 миллиарды әлі аз зерттелген шөгінді аумақтарда орналасқан», дейді ол.

Депутаттар, ең алдымен, заң жобасына «аз зерттелген аумақ» деген түсінік енгізіп отыр. Мұндай аумақтарға бұрын зерттелмеген немесе аз зерттелген учаскелер кіреді. Олар: Шу-Сарысу, Балқаш, Солтүстік Торғай, Солтүстік Қазақстан, Зайсан өңірі және басқа да елдің шығысы, орталығы және оңтүстігіндегі учаскелер.

Сондай-ақ, осы «аз зерттелген аумақта» өз қаржысына геологиялық зерттеу жүргізген инвесторға оны әрі қарай барлау және игеру құқығы берілмек.

«Қазір қолданыстағы заң бойынша егер инвестор геологиялық зерттеу кезінде жаңа кен орнын анықтаса, ол учаскенің есебін жасайды, мемлекеттік қазба байлық жөніндегі комиссия оны қарап, бекітеді және мемлекет балансына қойылады. Мемлекет оны аукционға шығарады. Аукционға кез келген тұлға қатысып, оны барлауға және игеруге мүмкіндік алады. Ал өз ақшасына геологиялық зерттеу жасап, қазба байлықты тапқан инвестор ол учаскені ұтып алуына кепілдік жоқ. Бұл әрине инвесторлар үшін тиімсіз еді, себебі олар тәуекел етіп, қаражат салып зерттегенімен, нәтижесін көруі екі талай. Енді біз заңға өзгерістер енгізіп, кен орнын тапқан инвесторға басымдық береміз. Инвестор аз зерттелген аумақта геологиялық іздеу-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, пайдалы қазбаның құрылымын тапса, ол әлгі учаскені әрі қарай барлап, игеру құқығына заң жүзінде кепілдік алады. Яғни, кім тапса – сол игереді. Бұл инвесторларға мотивация, ал геологиялық барлау саласына жаңа серпін береді», деп санайды Жаңбыршин.

Егер инвестор өзі ашқан кен орнын барлаудан және игеруден бас тартса, учаскені мемлекетке қайтара алады.

Бұл ретте отандық және шетелдік инвесторларға тең мүмкіндік беріледі. Аукцион арқылы аз зерттелген учаскені кім алса,  учаскені зерттеу және игеру құқығын да сол алады. Барлық өтінім электронды портал арқылы қабылданады.

Сонымен қатар, спекуляция мен монополияға да жол берілмейді. Заң жобасында аз зерттелген аумақты бір инвесторға максимум 500 блокқа дейін беру көзделген. Әр блок шамамен 2,2 шаршы км, яғни жалпы ауданы 1100 шаршы км жерді қамтуы мүмкін. Инвестор алған аумақтың кемінде 30 пайыз бөлігіне міндетті түрде 2D сейсмикалық зерттеу жүргізуі тиіс. Бұл тек қағаз жүзінде емес, нақты физикалық жұмыс жүргізуді қамтамасыз ету үшін қажет.

Егер зерттеулер белгіленген уақытта жүргізілмесе, мемлекет учаскені қайтарып алады. Инвесторға жұмыс бастау үшін үш плюс үш жыл уақыт беріледі. Осы кезеңде пайдалы қазба табылса, оны ары қарай барлап, игеру құқығы беріледі.

Ірі кен орнының кемінде 50 пайызы – мемлекеттікі

Заң жобасын әзірлеген депутаттар ұлттық байлықтың жеке инвесторлардың қолына толығымен өтіп кетпеуіне де баса назар аударған. Геологиялық зерттеуге кіріскен жеке инвестор ірі мұнай не газ кен орнын тапса,  тікелей келіссөздер арқылы кен орнының кемінде 50 пайызы ұлттық компанияға беріледі. Бұл жерде ірі кен орны дегеніміз мұнай бойынша – 100 млн тонна, ал газ бойынша 50 млрд текше метр қоры бар учаске. Осылайша мемлекет стратегиялық ресурстарды өз бақылауында ұстамақ.

«Егер зерттеу нәтижесінде ірі кен орны табылса, онда мемлекет тікелей келіссөздер арқылы кемінде 50% үлесті ұлттық компанияға, мысалы Қазмұнайгаз немесе Қазақгазға береді. Яғни мұндай жағдайда аукцион өткізілмейді, үлес Үкіметпен тікелей келіссөздер арқылы бөлінеді. Қалған бөлігі сол кен орнын тапқан инвесторға қалады. Бұл – мемлекеттің және халықтың мүддесін қорғауға бағытталған шешім»,  деп түсіндірді Жаңбыршин.

Бұдан бөлек, ұлттық компания жеке инвестордың геологиялық зерттеуге жұмсаған шығынының өз үлесіне сәйкес бөлігін өтейді. Яғни, инвестор салған қаражаты үшін әділ өтемақы алады.

Резервке алынған учаскелердің тағдыры

Еділ Жаңбыршин заң жобасында ұлттық компаниялардың қызметіне байланысты да бірқатар өзгеріс көзделгенін атап өтті. Дәлірек айтқанда, ұлттық компанияларға резервтегі учаскелерді игеруге үш жыл ғана уақыт беріледі. Егер жұмыс басталмаса, олар бәсекелестік ортаға беріледі.

«Бұрын ұлттық компаниялар көптеген учаскені резервке алып, игермей ұстайтын. Бұл бәсекелестікті тежеп, жаңа инвесторлардың келуіне кедергі келтірді. Енді жаңа талап бойынша егер ұлттық компания тікелей келіссөздер негізінде үш жыл қатарынан резервтегі учаске бойынша барлау немесе өндіру туралы келісімшарт жасамаса, құзыретті орган оны бәскелестік ортаға шығарып, басқа инвесторлардың алуына мүмкіндік жасайды. Бұл жердегі мақсат — монополияны шектеу, нарықта бәсекені арттыру және жаңа кен орындарын ашу арқылы ресурстық базамызды молайту. Қазір осындай резервтелген он шақты учаске Ұлттық компанияларда бар»,  дейді депутат.

 

«Қазатомөнеркәсіпке» уранды барлауға басым құқық беріледі

Заң жобасында уранды барлау, өңдеу және игеруде басымдықты ұлттық компания – «Қазатомөнеркәсіпке» беру көзделген.

«Қазір әлемде уранға сұраныс өсіп жатыр. Көміртек бейтараптығына көшу мақсатында атом энергетикасын қайта дамыту қажеттілігі туып отыр. Сондықтан Қазақстан уран қорларын зерттеп, жаңа кен орындарын табуды жалғастыруы тиіс. Болашақта уран табылып жатса немесе уранды іздейтін болсақ, басымдықты ұлттық компанияға береміз. Себебі ол стратегиялық ресурс. Мәселен, аз зерттелетін аумақтан уран табылса, оны әрі қарай барлау және игеру құқығы Қазатомөнеркәсіпке өтеді», деп мәлімдеді мәжілісмен.

Қазақстанда уранды толық өңдеу өте маңызды бағыт. Сондықтан заң осы бағыттағы өндірістерді дамытуға ынталандыратын нормаларды қамтиды. Бұл – энергетикалық тәуелсіздік үшін маңызды қадам. Болашақта уранмен ішкі нарықты қамтамасыз ету басты мақсат болса да, Қазақстан уранды сыртқы нарыққа экспорттауды жалғастыра береді, себебі қорымыз үлкен»,  дейді Жаңбыршин.

Мақсат – геологиялық барлауға 1 млрд доллар инвестиция тарту

«Қазақстан Республикасының «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексіне көмірсутектер мен уран саласындағы жер қойнауын пайдалануды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы осы аптада Мәжіліс қабырғасында бірінші оқылымда қаралады.

«Заң жобасы геологиялық барлау саласында ашықтықты арттыруға, бәсекелестікті дамытуға,  ұлттық экономикаға инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Зерттелмеген аумақтардан құнды геологиялық ақпарат аламыз және орта мерзімде шамамен 1 млрд АҚШ доллары мөлшерінде инвестиция тартамыз деген болжам бар»,  деп түйіндеді сөзін Жаңбыршин.