• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Үкімет Бүгін, 08:55

Цифрлық трансформация: Салаға серпін берер стратегиялық міндет

20 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін жаңғырту мәселелері қаралды. Сонымен қатар көлеңкелі экономиканы төмендету бойынша қабылданып жатқан іс-шаралар туралы талқыланды.

Медициналық көмек баршаға қолжетімді болуы керек

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бо­йынша міндетті әлеуметтік медици­на­лық сақтандыру жүйесін жаңғырту қолға алын­ды. Тиісті жұмыс жүріп жатыр. Ол меди­­циналық көмектің қолжетімділігі мен са­пасын арттыруға мүмкіндік береді. Біз­дің басты мақсатымыз – ашық, әділетті және ең бастысы, барлық азаматтар үшін қол­же­тімді денсаулық сақтау жүйесін қалып­тас­тыру», деп атап өтті Премьер-министр.

Осы мақсатта міндетті әлеуметтік меди­ци­налық сақтандыру жүйесін жетіл­д­іру­ге бағытталған заң қабылданды. Заң көр­сетілетін қызметтердің аясын кеңей­тіп, сапасын арттырумен қатар, бүкіл денсаулық сақтау саласының ұзақмер­зімді қаржылық орнықтылығына оң әсерін тигізеді. 2026 жылдан бастап тұрмы­сы төмен азаматтар жергілікті бюджет есебінен медициналық сақтандыру жүйесімен қосымша қамтылады. Бұл әрбір азамат үшін қолжетімді денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Ауқымды өзгерістерді жүзеге асыру үшін орталық және жергілікті органдар күш жұмылдыруы қажет. Осыған байланысты Олжас Бектенов Денсаулық сақтау министрлігіне Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен және өңір әкімдіктерімен бірге медициналық сақтандырудың жаңа тетігін енгізу бойынша үйлесімді жұмыс жүргізуді тапсырды.

«Медициналық көмектің қолжетім­ділігі мен сапасына, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты алаңдаушылық білдірген азаматтарға да құлақ асу қажет. Кейбір жаңа ережелерді түсіну қиын. Сондықтан әрбір отандасымыз медициналық көмек алу тетіктері мен оны жетілдіру жұмыстарынан хабардар болуы керек», деді Премьер-министр.

Бұл ретте балаларға, зейнеткерлерге, мүгедектер мен азаматтардың басқа да жеңілдікті санаттарына медициналық көмек көрсету тәртібі мен көлемі өзгеріссіз қалуға тиіс.

 

Қомақты қаржы тиімді жұмсалса игі

Медициналық инфрақұрылым қарқын­ды түрде дамып келеді. Биыл 655 денсаулық сақтау нысанының құрылысы аяқталып, 1 млн ауыл тұрғыны алғашқы медициналық-санитариялық көмекпен қамтылады. Жалпы, биыл медициналық көмек көрсетуге мемлекеттік бюджеттен 3 трлн теңге бөлінді.

Мемлекет басшысының медицина қызмет­керлерінің мәртебесін көтеру және оларды әлеуметтік қолдауды күшей­ту жөніндегі тапсырмасын орындау шең­берінде кейінгі жеті жылда елімізде дәрі­герлер­дің орташа жалақысы 2,8 есе өсті. Бұл туралы Үкімет отырысы барысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова баяндады.

«Дәрігерлердің орташа жалақысы 159 мың теңгеден 442 мың теңгеге дейін өсті. 1 адамға арналған медицина­лық шығыс­тар 98 мың теңгеден 258 мың теңгеге дейін ұлғайды. Қаржыландырудың ұл­ғаюы медициналық көмектің қол­же­тім­ді­лігіне тікелей әсер етті. Бас­тап­қы дең­гейде көрсеті­летін қызметтер және консуль­та­циялық-диагностикалық қыз­­меттер саны 2,7 есе ұлғайды», деді А.Әлназарова.

Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне қаржының тиімді жұм­салуын және медициналық қызмет­тердің сапасын, оның ішінде цифрлық құралдар мен жасанды интеллект элементтерін енгізу арқылы қатаң бақылауға алуды тапсырды. Сонымен қатар министрлік медициналық көмек көрсету стандарттары мен ережелерін қайта қарауы керек. Емделушілер үшін бәрін оңтайландырып, барынша жеңілдету қажет.

«Әлеуметтік медициналық сақтан­дыру қоры» КеАҚ басқарма төрағасы Айдын Құлсейітов қорды кешенді трансформация­лау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар тура­лы баяндады. Ол бүгінде барлық биз­нес-үдерістерді түбегейлі қайта құру, оларды автоматтандыру, олардың тиімділігін арттыру жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Қорды трансформациялау мақсат­тары субъективизмге қарсы цифрлық тосқауыл жасауға бағытталған. Біріншіден, біз қатаң көпсатылы бақылауды енгізу арқылы қызметкерлердің жеке шешім қабылдау мүмкіндігін болдырмауға тырысамыз. Екіншіден, шешімдерді топ болып дербес есептіліксіз қабылдайтын алқалық жауапсыздық қағидатын барынша азайту қажет», деп атап өтті А.Құлсейітов.

Қорытындылай келе, Премьер-ми­нистр тиісті сала басшыларына бірқатар нақты тапсырма берді. Атап айтсақ,  Денсаулық сақтау министрлігі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін Қордың бизнес-үдерістерін автоматтандыру мен оңтайландыру жұмыстарын аяқтауға тиіс. Сондай-ақ азаматтар мен медициналық ұйымдар үшін ыңғайлы сервистерді енгізе отырып, цифрлық платформаны толықтай қайта қарауы керек. Бұдан бөлек, аталған ведомство Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, биылғы 1 желтоқсанға дейін медициналық сақтандырудың жаңа нормаларын ақпараттық-түсіндіру бойынша жұмыс жоспарын әзірлеп, жүзеге асыруы қажет. Өңір әкімдіктері мен Денсаулық сақтау министрлігіне медициналық кө­мек сапасын арттыру бойынша пәрменді шаралар қабылдап, сақтандыру жүйесіне жар­на төлеуге қатысты міндеттемелердің оры­н­далуын қамтамасыз ету тапсырылды.

 

Кешенді шешімдер талап етіледі

Үкімет отырысында көлеңкелі экономиканы төмендету бойынша қабылданып жатқан іс-шаралар туралы да талқыланды.

«Мемлекет басшысы биыл ішкі жалпы өнімдегі көлеңкелі экономика үлесін 15%-ға дейін азайту міндетін қойды. Бұл көрсеткішті одан әрі төмендете беруге тиіспіз. Бізге таза әрі ашық экономика керек. Осы бағытта барлық мемлекеттік органдар мен бизнес субъектілерінің жұмысын күшейту қажет. Бұл жұмыс тек хат-хабар алмасып, есеп берумен ғана шектелмеуге тиіс. Экономика және салық тұрақтылығы, цифрландыру, сондай-ақ бизнес жүргізуді оңайлату ісінде сапалы әрі кешенді шешімдер қажет», деп атап өтті О.Бектенов.

Президент Жолдауда жаппай цифр­ландыру және жасанды интеллект технологиясын енгізу арқылы экономиканың барлық саласын жаңғырту қажеттігін атап өтті. Бұл – стратегиялық міндет.

Қаржы министрі Мәди Такиев экономиканы көлеңкеден шығару үшін жасанды интеллект пен цифрлық теңгені пайдаланып жатқаны туралы баяндады.

«Электронды шот-фактуралар беру кезінде биометриялық жеке басын анықтау талабының енгізілуі 33 млрд теңгеден астам сомаға жалған шот-фактуралар жазу әрекетінің алдын алды. Е-таңба жобасы арқылы енгізілген автоматтандырылған қадағалау жүйесі ҚҚС теңгерімін тексеруге және «сұр» схемаларды ерте бастан анықтап, жолын кесуге мүмкіндік беріп отыр. Қазірдің өзінде 250 млн электрондық шот-фактура және 500 млн төлем өңделді. Жоба нәтижесінде бюджетке жылына 100 млрд теңгеге дейін түсім түседі деп күті­ліп отыр. Одан бөлек, Ұлттық банкпен бір­лесіп «Цифрлық қосылған құн салығы» қанатқақты жобасын жүзеге асырып жатырмыз. Цифрлық теңгемен есеп айырысу ақшаны көлеңкеге жасыру жолын бұғаттап, барлық жеткізу тізбегін ашық етеді», деді М.Такиев.

Әлі де бірқатар секторда, оның ішінде сауда, құрылыс және ауыл шаруашы­лығы салаларында цифрландыру деңгейі жеткіліксіз деңгейде екеніне назар аударылып, барлық мүдделі министрліктерге өз саласында жаппай цифрландыруды қамтамасыз ету тапсырылды.

 

Деректерді өңдеу орталығы құрылады

Цифрлық бастамаларды жүзеге асыру үшін тиісті ресурстар қажет. Осыған бай­ланысты Жасанды интеллект және цифр­лық даму министрлігі келесі жылы Мем­лекеттік кірістер комитетінің өз алдына Деректерді өңдеу орталығын құруы керек.

Жалпы, еліміздегі бірқатар цифр­лық жоба өз тиімділігін көрсетті. Көлеңкелі экономикамен күресте қолма-қол ақша­сыз төлемдер маңызды рөл атқарады.

«Жобаны одан әрі тарату үшін Қаржы министрлігі Ұлттық банкпен бірлесіп, республикалық және жергілікті бюджеттер, сондай-ақ мемлекеттік холдингтердің бюджеттері шеңберінде цифрлық теңгені пайдалануды қамтамасыз етуі қажет. Жұмыстың нәтижесі туралы маған келер жылдың 1 ақпанына дейін баяндаңыздар. Қарыздар мен субсидиялардың мақсатты түрде жұмсалуына автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізу үшін ақпараттық жүйелердің интеграциясын қамтамасыз етіп, бақылауды күшейту қажет»,  деп тапсырды О.Бектенов.

Кедендік әкімшілендірудің жан-жақты әрі ашық болуы республикалық бюджет кірістерінің көлеміне айтарлықтай әсер етеді. Сондықтан Қаржы және Сауда министрліктері экспорттық және импорт­тық операцияларға мониторинг жасауды кү­шейтуі қажет. Тәуекелдер бейі­нін жаңар­тып, жүк тасымалдарын «жасыл дәліз» қа­ғи­даты бойынша тран­зит­теу үшін жағдай жасау адами фак­тор­дың алдын алуға тиіс.

Сонымен қатар жүктерді тексеру дерек­терін талдау кезінде жасанды интеллек­тіні енгізу қажет. Бұл сыбайлас жемқор­лық­тың жолын кесуге әрі шекарадан өту үдерістерін жеделдетуге мүмкіндік береді.

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша Премьер-министр жауапты ведомстволарға бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда, Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері нақты ұсыныстарды енгізе отырып, көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралардың тиімділігі туралы жыл сайынғы кеңейтіл­ген талдамалық баян­даманы әзірлеу­ді қамтамасыз етуге тиіс. Заңды тұлғаларды тіркеу мен қайта тіркеуді қадағалап отыру үшін Әділет, Қаржы, Жасанды интеллект министр­ліктеріне Қаржылық мониторинг агент­тігімен бірлесіп, биылғы 25 қара­шаға дейін тәуекелдерді басқарудың авто­мат­тандырылған жүйесін енгізуді аяқтау тап­сы­рылды. Талдау дәлдігі мен әкім­шілен­діру сапасын арттыру үшін мем­лекет­тік орган­дар мен қаржы ұйым­дары арасын­дағы ақпа­рат­тық өзара іс-қимыл­ды кү­шейту қажет. Осы­ған байланыс­ты Қаржы, Жасанды интел­лект министр­ліктері және басқа да мемлекеттік органдар деректерді «Smart Data Finance» жүйесі­мен интеграция­лауды қамтамасыз етуі қажет.