• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Заң мен Тәртіп Бүгін, 08:38

Алаяқтар әуресі азаяр емес

80 рет
көрсетілді

Қоғамды түйіні тарқатылмайтындай түйткілге айналған интернеттегі алаяқтардың әуресі алаңдатып отыр. Кейінгі жылдары әлеуметтік желі арқылы жасалатын қылмыстың тамырына балта шабыла қойған жоқ.

Атырау облыстық полиция департаментінің жедел уәкілі Расул Жолдастың айтуынша, алаяқтар WhatsApp, Instagram, Telegram, Facebook желісін, шетелде тіркелген мобильді нөмірлер мен фейк аккаунттарды жиі пайдаланады. Мәселен, биыл 6 айда 50-ге жуық күдікті ұсталып, 133 қылмыстық іс сотқа жолданыпты.

«Кейбір деректерге қатысты тергеу амалдары жалғасып жатыр. Атырау облысында тіркелген киберқылмыстардың басым бөлігі интернет-дүкендер арқылы жалған тауар сату, өзін банк қызметкері ретінде таныстыру, фишинг­тік сілтемелермен жеке дерек­терді ұрлау тәсілімен жасалады. «Кибербақылау» платформасымен 2 мыңнан аса фишингтік сайт бұғатталды. Байланыс операторларымен бірге жалған нөмір­лер мен алаяқтық қоңырауларды анықтау, тұрғындарға SMS ар­қылы ескерту хабарын тарату жұ­мысы тұрақты жүргізіліп отыр. Тұрғындарға киберқауіпсіздік ережелерін сақтауды, күмәнді жайт туындағанда 102 номеріне хабарлауды ескертіп келеміз», дейді Р.Жолдас.

Оның айтуына қарағанда, интернеттегі алаяқтықты анықтау, жолын кесу мақсатында «Кибер­пол» жедел тобы жұмыс істейді. Биыл өңірдегі мектептер мен колледждерде киберқауіпсіздікке ­20 мыңнан аса тұрғын қатысқан ­арнайы лекциялар өткізілген. Бірақ соған қарамастан, тұрғындар арасында алаяқтардың жемсауына айналғандар қатары азаяр емес.

Мәселен, Атырау қаласының 23 жастағы бойжеткен алаяқ­тың арбауына түсіп, қаржысынан қағылған. Ол өзінің алданға­нын түсініп, полицияға жүгінген. Ал тәртіп сақшылары жедел әрекет етіп, күдіктіге қатысты жедел іс-шараны қолға алды. Жедел іздестіру кезінде алаяқ­тық қылмысымен айналысқан күдіктінің Орал қаласында тұра­тын 35 жастағы әйел екені анық­талды. Күдіктінің отбасы бар, алайда бұрын сотты болған. Алаяқ­тық әрекетін жасаған кезде жеке кәсіпкердің дүкенінде сатушы болып жұмыс істеген.

«Күдікті әйел бір рет қолдану үшін бірнеше абоненттік номер­ді пайдаланған. Пәтерді жалға алуға қызығушылық танытқан адам­дардың ақшасын өзінің аты­на тіркелген әртүрлі есепшотқа ­аударым жасау арқылы қыл­мыстық әрекетін жоспарлапты. Сөйтіп, өзінің меншігінде жалға беретін пәтері болмаса да, екі бөлмелі баспананы арзан бағамен жалға беретіні туралы жалған жарнама шығарады. Осылайша, ол жәбірленушінің 110 мың теңгесін жымқырған. Оған Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігінің 4-тармағымен көзделген қылмысты жасағаны үшін айып тағылып, іс сотқа берілді. Сот оған 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Тағы бір алаяқ әртүрлі тәсіл қолданған заңсыз әрекетін бір жыл бойы жалғастырып келген. Орда бұзатын отыздан енді асқан атыраулық күдікті 2022–2023 жылдары танысының сеніміне кіріп, жұмысқа тұрғызуға уәде еткен. Сөйтіп, алдауына көнген танысына 800 мың теңге материалдық шығын келтірген. Қылмыстық іс-әрекетін жасау үшін дауысын әйел адамға ауыстырып, бірнеше сим-картаны пайдаланып отырған. Күдікті мұнымен шектелмей, қала аумағында орналасқан пәтерді жалға алып, оны сату үшін алдын ала төлемдер алған.

«Бір пәтерді 150 мың теңгеге жалға алып, 8 млн теңгеге сататыны жөнінде жарнама шығарған. Жоспарлаған заңсыз ісін жүзеге асыру үшін жәбірленушіден пәтер үшін автокөлік пен 2 млн теңгеге саудаласып, қаржыны нотариалды түрде қарыз алу шартын жа­сақтау арқылы алатынын айт­қан. Сөйтіп, жәбірленушіге 2 млн теңге материалдық шығын кел­тіргені анықталды. Әлеуметтік желіде тұрмыстық техникалық бұйымдарды сатуға жарнама жасап, бірнеше тұрғынды алдаған», деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі.

Ал биыл мамырда тағы бір алаяқ курьер арқылы әрекет етіп, 90 жастағы зейнеткердің 6 млн теңгесін алдап алғаны тіркелді. Күдікті алдымен қарияға телефон шалып, өзін құқық қорғау органының қызметкері ретінде таныстырған. Қарияның қызын жол-көлік оқиғасына кінәлі деп сендірген. Жағдайды «реттеу» үшін ірі көлемде ақша талап етіп, арнайы курьер жіберілетінін айтқан. Қорқыныш пен уайымға салынған қария үйіне келген бейтаныс адамға 6 млн теңгесін беріп жіберген. Алайда жәбірленуші арада 10 күн өткен соң полиция­ға аталған оқиғаға қатысты ша­ғым түсірді. Зейнеткердің шағы­мына байланысты жергілікті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шарасын жүргізді.

«Арнайы жүргізілген іс-шара­ның нәтижесінде курьер ре­тінде әрекет еткен 1994 жылғы ер адам ұсталды. Оның «Яндекс» қосымшасы арқылы курьерлік қызмет атқаратыны анықталды. Курьер тапсырысқа сәйкес 6 млн теңгені басқа адамға жеткізге­нін айтты. Полиция қызметкер­лері курьер арқылы әрекет етіп, зейнеткердің ақшасын иемденген күдікті ретінде Қызылқоға ауданының 2000 жылғы тұрғы­нын қолға түсірді. Күдікті кінә­сін толық мойындаған. Сот үкі­мімен күдіктіге 2 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру туралы жаза тағайындалды», деп ақпарат берді департаменттің баспасөз қызметі.

Жақында Атырау қаласындағы №2 сотта блогер С.-ға қатысты іс қаралды. Күдіктіге Қылмыс­тық кодекстің 190-бабының 3-бөлі­гінің 1), 3), 4) тармағымен айып тағылған.

«Блогер жәбірленушілердің алаяқтық жолмен жымқыру үшін өзінің Instagram парақшасында қайырымдылыққа ақша жинай­тыны, әртүрлі тауардың ұтысын ­ойнататыны туралы жалған жар­нама жариялаған. Оған 49 жәбір­лену­ші сеніп, лотереяға қатысу үшін айыпталушының банктегі есепшотына ақшасын аудар­ған. Айыпталушы жәбірленушілер­дің 13 млн теңгеден аса ақша­сын иемденіп, өзінің қажетіне жұмсаған. Күдіктінің кінәсі өзі­нің жауабымен, жәбірленуші­лер мен куәлердің айғақтарымен, іске тіркелген бейнежазбалармен, хат-хабарлардың скриншоттарымен, банк есепшоттарындағы үзінділермен дәлелденді», деп хабарлады аталған соттан.

Прокурор айыпталушыға Рақымшылық жасау актісінің не­гізінде 3 жыл 1 ай 10 күнге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды ұсынды. Алайда кінәсін ішінара мойындаған айыпталушы өзіне бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.

«Сот үкімімен айыпталушы кінәлі деп танылды. Оған 5 жыл мерзімге қоғамдық қызметпен айналысу, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарын және телекоммуникация желілерін пай­далану құқығынан, 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Рақым­шы­лық жасау актісінің негі­зінде тағайындалған жаза үш­тен бір бөлігіне қысқартылып, түп­кілікті 3 жыл 1 ай 10 күн­ге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жәбірлену­ші­лердің талап арыздары толық қанағаттандырылды», деп мәлім етті №2 соттан.

 

Атырау облысы