Елімізде ғылым жолына бет бұрған жастардың қатары артып келеді. Биыл магистратура мен докторантураға түсуге ниеттілер саны көбейіп, мемлекеттік гранттар көлемі де артқан.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің дерегінше, биыл магистратураға түсу үшін кешенді тестілеуге 51 мыңнан астам өтініш түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,5 мыңға артық. Сынаққа қатысқан 47 798 үміткердің жартысына жуығы, яғни 23 065 талапкер шекті ұпай жинаған. Орташа көрсеткіш те жоғарылап, КТ-ның орташа балы 72,9-ға жеткен.
Магистратураға 13 554 мемлекеттік грант бөлінген. Оның ішінде инженерлік-техникалық бағыттарға – 3 338, педагогикалық ғылымдарға – 3 225, ақпараттық-коммуникациялық технологияларға – 1 315, жаратылыстану ғылымдарына 1 268 грант қарастырылған.
Биыл докторантураға қызығушылық та айтарлықтай өскен. Қабылдау сынақтарына 4 307 адам қатысып, олардың 3 146-сы білім алуға мүмкіндік алған. 2025–2026 оқу жылына 2 919 мемлекеттік грант бөлінді. Оның ішінде педагогикалық ғылымдарға – 486, инженерлік және құрылыс салаларына – 615, ақпараттық-коммуникациялық технологияларға 161 грант бөлінген.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, қазір докторантураға қабылдау рәсімі толықтай жоғары оқу орындарының құзыретінде. Бұл университеттердің академиялық дербестігін арттырып, ғылыми кадрлар даярлаудың сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.