Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан цифрландыру ісіне, соның ішінде жасанды интеллект саласын дамытуға ерекше мән беретінін мәлімдеп, толық цифрлық ел болуды стратегиялық мақсат ретінде айқындағанын жеткізді, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев аталған салалар бойынша Ұйым аясында жүзеге асыруға болатын бірқатар бастамаға тоқталып өтті.
«Жуырда Астанада Alem.Ai жасанды интеллект орталығы ашылды. Соның негізінде Түркі мемлекеттері ұйымының Цифрлық инновациялар орталығын құруды ұсынамыз. Бұл Орталық стартаптарды қолдап, бірлескен жобаларды дамытуға жол ашады. Жасанды интеллект саласында тәжірибе алмасуға және венчурлік капитал тартуға мүмкіндік береді. Біз цифрландыру және жасанды интеллектінің әлеуетін халықтарымыздың игілігі үшін ұтымды пайдалануымыз қажет. Сонымен қатар жаңа технологиялардан туындайтын тәуекелдер мен сын-қатерлердің алдын алуымыз керек. Сондықтан келесі жылы Қазақстанда өтетін Ұйымның бейресми саммитін «Жасанды интеллект және цифрлық даму» тақырыбына арнауды ұсынамын. Осы жиынның қарсаңында білікті сарапшылардың басын қосып, халықаралық конференция ұйымдастыруға дайынбыз», деді Президент.