Үкіметте жылыту маусымының барысы талқыланды. Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен отырыста еліміздің өңірлеріндегі дайындық пен коммуналдық қызметтердің жұмысы қаралды, деп жазады Egemen.kz.
Баяндаманы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр ұсынды. Оның айтуынша, өңірлердің басым бөлігінде жылу беру маусымы уақтылы басталды. Республиканың оңтүстігінде жылу бекітілген кестеге және ауа райының жағдайына сәйкес берілуде. Өткен Үкімет отырысынан бері 1 энергоблок, 10 қазандық, 12 турбина, 29 шақырым жылу желісі, 828 электр желісі мен 16 қосалқы станса жөндеуден өткен.
Премьер-Министр өңір әкімдеріне жылу беру процесін бақылауда ұстауды және халықтың көмірмен қамтамасыз етілуін ерекше назарда ұстауды тапсырды.
«Жылу көздеріндегі барлық жоспарлы параметрдің сақталуын, отынның нормативтік қорын қадағалап отыру қажет. Резервтік жабдықтардың әзірлігін қамтамасыз етіңіздер. Коммуналдық қызметтердің жөндеу бригадалары кез келген жағдайға шұғыл әрекет етуге тиіс. Сондай-ақ халыққа арналған көмір бағасының тұрақты болуын да бақылауда ұстау қажет», деді Олжас Бектенов.
Бұл бағыттағы бақылау мен үйлестіру Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жүктелді.