Астанада өткен «Digital Bridge: Generative Nation» халықаралық форумының пленарлық отырысына Премьер-министр Олжас Бектенов қатысты. Цифрлық шешімдер көрмесін аралаған Үкімет басшысы цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу Президент айқындаған ел дамуының басым бағыты екенін айтты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні дамытуға баса назар аударып, Қазақстанды алдағы үш жыл ішінде нағыз цифрлық елге айналдыру туралы міндет қойды. Біздің азаматтарымыздың әлеуеті шексіз және серпінді жобаларды жасап шығаруға мүмкіндіктері жеткілікті. Өз кезегінде біз оларға әрдайым жан-жақты қолдау көрсетуіміз керек. Көздеген мақсатқа жетуде бизнес, ғылыми орта және мемлекеттік құрылымдар болсын, әрбір тарап маңызды рөл атқарады, – деді Премьер-министр.
Еліміз «электрондық үкіметті» дамыту жөнінен әлемде – 24, ал онлайн қызметтер көрсетуде 10-орында. Үкімет жасанды интеллект және IT-мамандарына барынша қолайлы жағдай жасау үшін қарқынды жұмыс жүргізуде. Қазіргі таңда экожүйенің инфрақұрылымы үздіксіз кеңіп келеді. Білім беру ресурстары барлық азаматтарға қолжетімді. 20 жоғары оқу орнында жасанды интеллект бағдарламалары іске қосылған. Шамамен 500 мың адам жасанды интеллект негіздері, оның ішінде «AI Qyzmet», «AI Sana», «Tomorrow school», «QazCoders» сияқты бағдарламалар негізінде білім алуда. Соның ішінде Alem.ai-дың ашылуы инфрақұрылымды нығайтуда маңызды қадам болды. Ол – ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, озық шешімдерді енгізу және стартаптарды дамыту үшін құрылған бірыңғай цифрлық кластердің негізгі платформасы. Astana Hub-та – креативті индустрияларды дамытудағы маңызды құралдардың бірі. Венчурлық инвестициялар қоры түріндегі акселератордың арқасында стартаптар ауқымды қаржыландыруға қол жеткізіп, жаһандық нарыққа шығудың да мүмкіндігі артып келеді. Жыл соңына дейін IT-қызметтер экспортының көлемін 1 млрд долларға жеткізу мақсатында стратегиялық жоспар жүзеге асуда. Қазақстан нарығына қазірдің өзінде «Playrix», «Mytona», «NetCracker» сияқты әлемдік технологиялық алпауыт компаниялар қазығын қақты. Бұл бизнес пен инвесторлардың тарапынан тұрақты серікстес ретінде Қазақстанға деген сенімнің нығайып келе жатқанын көрсетеді.
– Жуырда құрылған Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің басты міндеті – келесі технологиялық серпіліске қол жеткізуді қамтамасыз ету. Осы мақсатта құқықтық базаны жетілдіріп, жасанды интеллект және IT-мамандарын қолдау шаралары кеңейтіледі. Ұлттық білім беру платформасын әзірлеу және жасанды интеллект саласындағы зерттеу университетін құру жөніндегі Президент бастамалары болашақ нарыққа білікті кадрларды даярлауға айтарлықтай серпін береді, – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министр Үкімет қуатты экономика құру мақсатында еліміз үшін маңызды жобаларды жүзеге асыруда бірлескен жұмысқа толықтай ашық екенін жеткізді. Форумның нәтижесінде 30-дан астам маңызды меморандумға қол қойылып, өзара ықпалдастықтың жаңа бағыттарына жол ашылды. Үкімет жанынан құрылған Цифрлық штаб мемлекеттік органдардың толық цифрлық трансформациясын жүзеге асыру, бизнестегі туындайтын мәселелерді жедел шешу және нарықтың барлық қатысушылары үшін артық кедергілерді жою бағытында жұмыс істейді.
Халықаралық форум аясында «Digital Bridge Awards» байқауының жеңімпаздарын анықтау салтанаты өтті. О.Бектенов үздік отандық IT-жобалар мен цифрлық бастамалардың жеңімпаздарына марапаттарды тапсырды. «Digital Bridge Awards» 2025 сыйлығына үміткерлер бірнеше аталым бойынша іріктелді. Жеңімпаз деп танылған «Export Excellence» – (Grand Mobile), GTA рухын мобильді құрылғыға көшіріп, өзінің ашық әлемі бар, көп рет пайдалануға болатын рөлдік ойын жасап шығарды. Онда пайдаланушылар өзара әрекеттесіп, мансап қуып, өз экономикасын құра алады. Мобильді ойын әлем бойынша 60 млн реттен астам көшірілген. «AI Solution of the Year» – (Higgsfield AI), мәтін түрінде сұрау салу бойынша бейне және анимация жасауға арналған жасанды интеллектіге негізделген платформаның негізін қалады. Google Next нұсқасымен әлемнің үздік 25 стартабының қатарына енді. «EdTech of the Year» – (CodiPlay), бағдарламалау және инженерлік ойлауға оқытатын мектептер үшін білім беру экожүйесін құрды. Стартап 13 елдегі миллионнан астам оқушыны қамтиды. GovTech Innovation – (Documentolog Global Limited), мемлекеттік басқару процестерін автоматтандыру үшін цифрлық шешімдер әзірлеп шығарды, онда электронды түрдегі нормативтер шығару және интеллектуалды іздеу жүйелері бар. «Tech Media Excellence» – (digitalbusiness.kz), технологиялар мен стартаптар туралы елдегі ірі медианың негізін қалады. Оны ай сайын 200 мыңнан астам бірегей пайдаланушы оқиды. «Social Impact Project» – (7Generation / KazDream IT Holding), азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жедел әрекет ететін шұғыл қызметтерге қоңырау шалу кезінде абоненттердің орналасқан жерін анықтауға арналған LifeSignal сервисін құрды.
Премьер-министр цифрлық шешімдер көрмесінің экспозициясымен танысты. Отандық IT-компаниялар мен стартап иелері өз әзірлемелерін ұсынды.
Олардың ішінде IT-компаниялар: Shai PRO – интеллектуалды өнімдер мен ЖИ негізіндегі шешімдердің экожүйесі; «Best Vision Technologies» – өнеркәсіптік тәуекелдерді анықтауға және өндірістік процестерді қашықтан басқаруға арналған ЖИ платформасы; Axellero – күнделікті міндеттерді автоматтандыратын және бизнестің тиімділігін арттыратын ЖИ агенттерін құруға арналған платформа; Qalan – мектептер мен EdTech жобаларына арналған онлайн білім беру платформасы; Rеcado – мұнай-газ саласына арналған ЖИ негізіндегі шешімдер және Jet – көлік пен техниканы қысқамерзімді жалға алуға арналған шеринг-суперапп.
Бұдан бөлек «Paidax» – бөлшек инвесторларға арналған инвестициялық платформа; PocketDot – көру қабілеті бұзылған адамдар үшін Брайльдің алғашқы магниттік интерфейсі; «Defect AI» – өндірістік ақауларды автоматты түрде анықтауға арналған ЖИ жүйесі; Protector AI – мектептерде, балабақшаларда және әлеуметтік мекемелерде зорлық-зомбылықты, қорқытуды және қақтығыстарды автоматты түрде анықтауға арналған бейне талдау жүйесі; «Esep AI» – энергия тұтынуды талдау жүйесі; «Trust Exam» – онлайн емтихандарды автоматтандыру және мониторинг жасау ЖИ-платформасы; «Biometric Vision» – биометриялық сәйкестендіру және KYC-сервис (ағылшынша Know Your Customer – «Өз клиентіңді біл») технологиялары; Mirai Tech – сенсорлық технологияларға, биомеханикаға және деректерге негізделген интеллектуалды мониторинг және талдау жүйелері сынды стартап-компаниялар да өз мүмкіндіктерін көрсетті.
Әлемнің 30-дан астам елінен келген инвесторлар, сарапшылар, стартаптар мен IT-компаниялардың өкілдері келген халықаралық форум 30 мыңнан астам қатысушыны біріктірді.