Мектеп педагогтерінің басты қағидасы – «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға». Осы тәмсілді ұстанатын Ләззат Төлепованың 33 жылдық еңбек өтілі бар.
Әр оқушыға сапалы білім беру үшін пән мұғалімдеріне зор жауапкершілік жүктеледі. Дегенмен оқушылардың мінез-құлқын қалыптастыруда педагог-психологтің атқарар міндеті аз емес. Еңбек жолын 1992 жылы мұнайлы шаһарда орналасқан Ғ.Мүсірепов атындағы №5 орта мектепте педагог-психолог болып бастаған Ләззат Жайшылыққызы да білім саласына лайықты үлесін қосып келеді.
Оны әріптестері тәжірибелі ұстаз ретінде құрметтейді. Өйткені оның тәжірибесі сатылап толысты. Мектепте желі тартқан еңбек жолы бірнеше жылдан соң облыстық балаларды оңалту орталығы директорының орынбасары лауазымында жалғасты. Білікті маман қалалық білім бөліміне шақырылып, әдіскерлік қызметті атқарды. Кейінгі төрт жылдан бері «Атырау облыстық арнайы мектеп-интернаты» КММ директоры қызметіне тағайындалды.
Бұл – әдеттегі білім ордаларына ұқсамайтын ұжым. Мұндай мекемені басқаруға кез келген педагогтің жүрегі дауаламайды. Ұстаздарынан ерекше күтім мен көзқарасты, ең бастысы, мейірімді күтетін балалар оқитын мектеп-интернатқа жетекшілік ету үшін тәжірибе де, психолог те, тіпті дефектолог-олигофренопедагог те болуы қажет. Осы тұрғыдан айтқанда, жергілікті білім саласының басшылары директорлыққа Ләззат Төлепованы таңдады.
Тәжірибелі педагогтің жетекшілігімен 2022–2025 жылдары аталған мектеп-интернаттың материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Атап айтқанда, физика, химия, биология, тарих, география, дене тәрбиесі, бейнелеу өнері, музыка және технология пәнінің кабинеттері толық жабдықталды. Ал логопед кабинеті мен сенсорлық бөлме жаңа оқу құралдарымен қамтамасыз етілді. Мектеп-интернаттың жатақханасына жаңа жиһаз алынды.
Ал білімді шәкірттері республикалық және халықаралық сайыстарда айтарлықтай жетістікке жетіп жүр. Мәселен, «Аlmaly KZ» халықаралық фестиваліне қатысқан Айназ Құралова бас жүлдеге ие болды. Биыл дәл осы оқушы Германияда өткен парадзюдо олимпиадасында күміс жүлдені еншіледі.
Ерекше балалардың сапалы білім алуына барынша жағдай жасап, ұжымды ортақ іске ұйыстырып отырған Ләззат Төлепованың кәсіби жетістігі көп. Облыстық білім басқармасы жанындағы әдістемелік кабинеті ұйымдастырған «Үздік әдіскер – 2021» байқауының бас жүлдесін иеленді. Білім саласына қосқан көпжылғы еңбегі үшін Білім және ғылым министрлігінің Алғысхатымен, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталған. Ол білімін ұдайы жетілдіреді. Ресей Федерациясындағы Оңтүстік федералды университетінен (Дондағы Ростов) магистратура бітірді. Психолог ретінде көңілге түйгені мен тәжірибесі жөніндегі ғылыми мақалалары республикалық басылымдар мен жинақтарда жарияланған.
«Ұстаздық – жүрегімнің таңдауы, балаға деген махаббатымның мәңгілік шамшырағы. Шәкірттерімнің білімді, саналы болғанын қалаймын», дейді Л.Төлепова.
Жақында Президенттің Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды. Оны ұстазға Мемлекет басшысы тапсырды. Бала жанының бағбанына айналған тәжірибелі педагог мұны ұжымның ортақ жетістігі санайды.
Атырау облысы