• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Оқиға Бүгін, 17:50

Елімізде жыл соңына дейін 1500-ден астам ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді

40 рет
көрсетілді

Қазан мен желтоқсан аралығында демалыс және мереке күндерін қоса алғанда, ел бойынша аптасына бір рет жалпы саны 1619 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді деп жоспарланған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің жетекшілігімен өткен кеңесте инфляцияны тежеу мәселелері қаралды. Жиын барысында жыл соңына дейін бағаны тұрақтандыруға бағытталған нақты қадамдар сөз болды.

«Жылдық инфляцияның негізгі қозғаушысы – ақылы қызметтер. Қыркүйекте ақылы қызметтердің өсу қарқыны бәсеңдеп, тамыздағы 1,4%-бен салыстырғанда 1%-ға дейін төмендеген. Өйткені 2025 жылға жоспарланған коммуналдық қызмет тарифтерін түзету шаралары аяқталды. Бұған дейін айтылғандай, қазан айынан бастап коммуналдық қызмет тарифтерін  көтеру жоспарда жоқ. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы да тұрақталуда. Қыркүйектің соңғы аптасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік индексі өспеді. Қант, тұз, макарон, күріш, сүт және әлеуметтік маңызы бар көкөністердің бағасы арзандады», делінген хабарламада.

Жалпы ай қорытындысында нан-тоқаш өнімдері мен жармалар 0,1%-ға, ет 0,2%-ға, май 0,2%-ға, жұмыртқа 3,1%-ға, жеміс пен көкөніс 1,9%-ға арзандаған.Әсіресе қырыққабат бағасының айтарлықтай төмендеуі ерекше назарға алынды. Жылдың алғашқы жартысында едәуір қымбаттаған бұл өнім мамыр айымен салыстырғанда 52%-ға арзандаған. Басқа да маусымдық өнімдердің бағасы төмендеу үрдісін көрсетті.Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, барлық өңірлерде өндірушілермен әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын жыл соңына дейін ұстап тұру жөнінде келісімдер жасалды. Қазан мен желтоқсан аралығында ел бойынша аптасына кемінде бір рет, демалыс пен мерекелік күндерді қоса есептегенде, барлығы 1619 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді.Астанада ірі сауда желілері Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге сиыр етін өндірушілерден тікелей сатып алу тәжірибесін іске асырды. Тиімділігін дәлелдеген бұл бастама енді аймақтарға кеңейтілетін болады.

«Береке Fest» акциясы аясында еліміздің 80 сауда желісі агрофирмаларға ет пен басқа да әлеуметтік маңызды өнімдерді тікелей супермаркет сөрелеріне жеткізуге мүмкіндік берді. Сауда желілері әлеуметтік жауапкершілік танытып, осындай өнімдер үшін арнайы бұрыштар ұйымдастырды. Қазір әкімдіктер және бизнес өкілдерімен бірлесіп, Республика күніне арналған мерекелік жәрмеңкелер мен акцияларды ұйымдастыру үстіндеміз», деді Айжан Бижанова.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, өңірлердің басым бөлігі тұрақтандыру қорына жаңа өнім жеткізу жөніндегі келісімдерді аяқтады. Қорға барлығы 245 мың тонна өнім қабылданбақ, оның ішінде 146,7 мың тонна картоп, 35,3 мың тонна сәбіз, 27,4 мың тонна пияз және 36 мың тонна қырыққабат бар. Алайда Ақтөбе және Ұлытау облыстарында қырыққабат сатып алу көлемі 50%-дан сәл ғана асқандықтан, кешеуілдеу байқалады. Осыған орай вице-премьер министрлікке аталған өңірлерге жеткізушілер табуға қолдау көрсетуді тапсырды.