2026–2027 оқу жылында енгізілетін мектеп оқулықтарының жобалары Білім беру мазмұнын сараптау орталығының сайтында қоғамдық талқылауға ұсынылды, деп жазады Egemen.kz.
Оқулықтарды талқылау «Оқу әдебиеттерін қоғамдық талқылау» бөлімінде жүргізіледі.
4-сыныптарға арналған «Қазақ тілі», «Орыс тілі» (қазақ тілінде оқытатын мектептер үшін), «Математика» (қазақ және орыс тілдерінде оқытатын мектептер үшін), «Дүниетану», «Әдебиеттік оқу» мен 7–10 сыныптарға арналған «Дүниежүзі тарихы», «Алгебра», «Қазақ тілі», «Химия», «Биология», «Физика», «География», «Құқық негіздері», «Шетел тілдері» (ағылшын, неміс, француз тілдері) оқулықтары талданады.
Онлайн форматта өтетін талқылауға педагогтер, ғалымдар, әдіскерлер және мектеп оқулықтарының сапасына бей-жай қарамайтын қазақстандықтар қатыса алады.
«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес оқулықтар бес сатылы сараптамадан өтеді: ғылыми-педагогикалық сараптама, пысықтау кезеңі, пилоттық мектептерде апробация, қоғамдық талқылау және пәндік сараптамалық комиссияның қорытындысы. Қазір бұл оқулықтар қоғамдық талқылаумен қатар, еліміздің бірнеше өңірінде 34 пилоттық мектепте сынақтан өтіп жатыр. Пәндік сараптамалық комиссияның шешімімен барлық кезеңнен өткен оқулықтар мектептерде қолдануға және Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі бекітетін оқулықтар тізбесіне енгізуге ұсынылады», делінген Оқу-ағарту министрлігінің хабарламасында.