• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Оқиға Бүгін, 16:32

«BE WOMAN ASIA — саясаттан тыс алаң»: Форумның ұйымдастырушылар комитеті мәлімдеме жасады

20 рет
көрсетілді

BE WOMAN ASIA форумының ұйымдастырушылар комитеті форум барысында айтылған жекелеген пікірлерге қатысты ресми мәлімдеме жасады. Комитеттің айтуынша, жеке спикердің пікірі форумның, ұйымдастырушылардың немесе қатысушылардың ұстанымын білдірмейді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«BE WOMAN ASIA форумы саясатқа араласпайды. Біздің міндетіміз — Орталық Азия әйелдеріне дамитын, өзара ынтымақтасатын орта құру. Биыл форумда 100 спикер, 50 ментор және 30 серіктес болды, 2700 адам қатысты. Іс-шараға қатысқан әр әйел бизнесте, мансап жолында, жалпы өмірде пайдалы болатындай білім мен тәжірибе жинаса деген ниетпен ауқымды бағдарлама дайындағанбыз», делінген мәлімдемеде.

Комитет әр спикермен алдын ала брифинг өткізіп, ресми келісімшартқа қол қоятынын атап өтті. Құжатта Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзатын немесе форум мен оның қатысушыларына нұқсан келтіретін саяси және өзге де мәлімдемелерге тыйым салынған. Сонымен қатар, сахнаға шығар алдында спикерлерге ережелер толық түсіндіріледі.Алайда форум тікелей эфирде өткендіктен, бір спикердің сөзі регламенттен тыс айтылған. Ұйымдастырушылар мұндай жағдайға қапаланғанын және бұл форумның құндылықтарына қайшы екенін жеткізді.

«Ел алдына шығып сөз сөйлеудің аса үлкен жауапкершілік екенін ескере отырып, сахнаға шықпас бұрын спикерге ережелерді егжей-тегжейіне дейін айтып түсіндіреміз. Дегенмен форум тікелей эфирде өтетіндіктен, өкінішке қарай, спикердің бір сөзі регламенттен тыс айтылды. Алаңымызға саяси тақырыптың кірістірілгеніне қапаландық. Бұл BE WOMAN ASIA құндылығына әрі жобаның миссиясына сай келмейді. Біз қарапайым әрі нақты ережені ұстанамыз: форумды саясиландыруға қарсымыз. Біз бір-біріне құрметпен қарауды, өзара ынтымақтастықты және диалогты қолдаймыз», деді комитет өкілдері.

Ұйымдастырушылар модерацияны күшейтіп, регламентті қатаң қадағалауға және спикерлермен түсіндіру жұмыстарын арттыруға уәде берді.Сонымен қатар, ұйымдастыру комитеті жеке адамның айтқан пікірін бүкіл форумға, қатысушыларға немесе серіктестерге телімеуді сұрады.