• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Ғылым Бүгін, 09:55

Белгілі профессор 3000 кітабын кітапханаға тапсырды

20 рет
көрсетілді

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің белгілі профессоры, түркология ғылымының ірі өкілі Шәкір Ибраев оқу ордасының кітапханасына 3000 кітаптан тұратын жеке қорын сыйға тартты, деп жазады Egemen.kz.

Филология ғылымдарының докторы, профессор, «Парасат» орденінің иегері Шәкір Ибраев — түркология саласына өлшеусіз еңбек сіңірген, классикалық академиялық мектептің көрнекті өкілі. Биыл ғалымның 75 жылдық мерейтойына орай университет қабырғасында «Түркология және Шәкір Ибраев зерттеулері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Іс-шара ХІ Түркология конгресі аясында өтті.

Профессордың айтуынша, кітапханаға тарту етілген бұл қорда өз еңбектерінен бөлек, өмір бойы жинаған сирек кездесетін әдебиеттер бар. Оның ішінде қазақ, түрік, әзірбайжан, өзбек, қырғыз, татар, башқұрт, ұйғыр, араб, тува және басқа да тілдердегі энциклопедиялар, сөздіктер, философия, фольклор, тіл мен әдебиеттануға қатысты еңбектер мен көркем шығармалар кездеседі. Сондай-ақ 1937, 1938, 1940 жылдары жарық көрген «Қазақ совет әдебиеті» мен «Әдебиет хрестоматиясы» секілді тарихи басылымдар да бар.

Кітапхана қызметкерлері барлық еңбектерді салалары бойынша сұрыптап, арнайы базаға енгізді. Бүгінде студенттер мен оқытушылар бұл қорды еркін пайдалана алады. Ғалымның айтуынша, кітап тарту етудегі басты мақсат – жылдар бойы жинақталған білім көзін келер буынға аманаттап, жас зерттеушілердің ізденісіне жол ашу.