UFC-де жеңіліссіз өнер көрсетіп келе жатқан қазақстандық файтер Шавкат Рахмонов ұзақ үзілістен кейін алғаш рет әлеуметтік желіде жазба жариялап, келесі жекпе-жекке белсенді дайындалып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Спортшы өз жазбасын жексенбі, 5 қазанда Х (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісінде жариялады.
«Күн сайын бар күшімді жаттығуға жұмсап жатырмын. Жақында октагонға қайта ораламын, шыдамым таусылып барады», – деп жазды Рахмонов.
Бұған дейін әлеуметтік желілер мен БАҚ-та Рахмонов жарақат алып, UFC-дегі мансабымен қош айтысады деген ақпарат тараған болатын.
Ағылшынтілді Twitter-де тараған хабарламаларда спортшының тізесінен жарақат алып, алдағы айларда октагонға қайта орала алмайтыны айтылды. Ал ресейлік MMA қауымдастығында одан да даулы мәлімдеме жасалып, Рахмонов AҚШ промоушенінде енді өнер көрсетпейді деген ақпарат тарады.
Алайда біраз уақыт өткен соң Рахмонов жаттығатын Dar Team командасының әлеуметтік желісінде спортшының жаттығу үстіндегі бірнеше фото және видео жарияланды, онда ол жарақат алған адамға ұқсамайды.
Tengri Sport тілшісі Рахмоновтың жаттықтырушысы Эдуард Базровтан пікір алды. Ол шәкіртінің қазіргі жағдайы туралы нақты ақпарат жоқ екенін айтты.
Ал Vesti.kz сайтының сауалына Рахмоновтың менеджері Саят Абдрахманов: «Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды», – деп мәлімдеді.