Алматы қаласын дамыту орталығының басшысы ретінде Руслан Берденов тағайындалды, деп жазады Egemen.kz.
Бұл ақпаратты ҚазАқпаратқа Алматы қаласының әкімдігі растады.
Еске салайық, «Алматы қаласын дамыту орталығы» акционерлік қоғамы Алматы қаласы әкімдігінің 2008 жылғы 30 мамырдағы № 2/331 қаулысына сәйкес 100% мемлекет қатысуымен құрылды. Орталық мақсаты — Алматы қаласының тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына жәрдемдесу.
Руслан Берденов 2023 жылдың наурызынан 2025 жылдың ақпан айына дейін Қазақстан Республикасы Парламенті VIII шақырылымының депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі болды.
Биыл ақпан-тамыз айлары аралығында ол Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
21 сәуірде Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасалғаны мәлім болған. Ол жарақат алып, ауруханаға түсті.
Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасауға қатысты резонанстық іс бойынша үкім шығарылды. Сот үкімімен Ернар Жиембай 9 жылға бас бостандығынан айырылды.