• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Спорт Бүгін, 12:13

Үстел теннисінен еліміздің ең үздік ойыншылары анықталды

20 рет
көрсетілді

Қарағандыдағы «Сарыарқа» спорт кешенінде үстел теннисінен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан біріншілігі өз мәресіне жетті. Бірнеше күн бойы еліміздің бірқатар аймағынан жиналған дарынды ұл-қыздар түрлі-түсті медальдарды сарапқа салды, деп жазады Egemen.kz.

Ұлдардың жекелеген сайысында шымкенттік Нұрислам Қасымның қарқынына ешкім шыдамады. Барлық қарсыласын сыпыра ұтқан ол финалда Шығыс Қазақстан облысының өкілі Әліби Шармановқа шаң қаптырды. Қола медальді Асылхан Мағзұмбеков (Қарағанды) пен Санжар Ибахан (Түркістан) иеленді. Қыздар арасындағы жарыс жеріглікті спортшы Мария Лукьянованың жеңісімен аяқталды. Шешуші тұста ол түркістандық Ноила Ханиязованы қапы қалдырды. Екінші және үшінші орынды  Дарья Фу (Қарағанды) мен Айназ Әділгереева (Алматы қаласы) еншіледі.

Жұптық сында Нұрислам Қасым мен Санжар Ибаханға (Шымкент/Түркістан) тең келер ешкім табылмады. Бас жүлде үшін тартыста олар Бақдәулет Сауырбай мен Мансұр Сүйіндікке (Шымкент/Павлодар) сан соқтырды. Үздік үштікті Мұхаммадәлі Құрбантай/Нұржігіт Жолдыбай (Шымкент / Түркістан) және Алексей Маркин/Әліби Шоманов (Алматы қаласы/Шығыс Қазақстан) жұбы түйіндеді. Бұрымдылардың бәскесіне Ноила Ханиязова мен Ақниет Амангелді (Түркістан / Шымкент) алтыннан алқа тақты. Одан кейінгі сатыларға Нұрсая Нұрман/Айназ Әділгереева (Шығыс Қазақстан / Алматы қаласы), Виктория Мочалкина/Дарья Фу (Қарағанды), Руана Шымкентбай/Гүлназ Буланова (Шымкент/Павлодар) жайғасты.

Аралас жұптардың жарысында Асылхан Мағзұмбеков мен Мария Лукьянованың (Қарағанды) мерейі үстем болды. Финалда олар Кирилл Берников пен Меруерт Тажимованы (Алматы қаласы/ Ақмола) тізе бүктірді. Мұхаммадәлі Құрбантай/Нұрсая Нұрман (Шымкент/Шығыс Қазақстан) мен Санжар Ибахан/Ақниет Амангелді (Түркістан/Шымкент) жүлдегерлер қатарына қосылды.

Ұлдардың командалық сайысында құрамында Нұрислам Қасым, Мұхаммадәлі Құрбантаев, Бақдәулет Сауырбай, Ерасыл Еркінбек, Аслан Талғат сынды шеберлері бар Шымкент қаласының өрендері ешкімге дем бермеді. Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстары екінші мен үшінші орындарға табан тіреді. Қыздардың бәсекесінде қарағандылық үстел теннисшілерінің бағы жанды. Бұл команданың намысын Виктория Мочалкина, Дарья Фу, Мария Лукьянова, Дарья Гамова, Айым Әмірза секілді дарынды жастар қорғады. Күміс медальді шығысқазақстандықтар еншілесе, түркістандықтар қолаға қол созды.