Біртуар күйші-композитор, дирижер, Қазақстан мен КСРО халық әртісі, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына орай, Өтеген батыр ауылында еңселі ескерткіш бой көтеріп, тұлға атында жаңа мәдениет үйі салтанатты түрде ашылды.
Халқымыз асыға күткен бұл дүбірлі тойға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен өнер майталмандары қатысты. Салтанатты іс-шара Нұрғиса Тілендиев ескерткішінің ашылу рәсімімен басталды.
Ақжарма тілектің тиегін ағытқан Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жиылған қауымға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізді.
«Қадірлі қауым! Биыл Халық қаһарманы, аса көрнекті мәдениет және өнер қайраткері Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толып отыр. Осыған орай, ұлы композитордың туған жерінде еңселі ескерткіші бой көтерді. Бұл – халқымыздың әйгілі тұлғаға деген айрықша құрметі мен ыстық ықыласының белгісі. Нұрғиса Тілендеиев өркениетіміздің өрісін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосты. Еліміздің мәдени мұрасын жаңғыртуға, қазақтың ән-күйін жер жүзіне танытуға зор еңбек сіңірді. «Отырар сазы» оркестрінің негізін қалап, ұлтымыздың дүниетанымын байыта түсті. Ол алтын қорымызға енген пъесалар мен фильмдерге музыка жазып, театр және кино саласында қайталанбас қолтаңбасын қалдырды. Нұрғиса Тілендиевтің теңдессіз мұрасы әлі талай ұрпаққа тағылым берері сөзсіз. Оның есімі қазақ мәдениетімен бірге мәңгі жасай береді. Сәулет өнерінің туындысы ел игілігіне айнала берсін», делінген Президент құттықтауында.
– Мемлекет басшысы атап өткендей, әр қазақ тебірене тыңдайтын күйлері мен жұртшылық жатқа білетін әндері халқымыздың жан дүниесімен біте қайнасып, ұлттық өнеріміздің алтын қазынасына айналды. Ұлы композитор халқымыздың тарихы мен тағдырын, қуанышы мен қайғысын, арманы мен мұратын өнерімен өрнектеп, артына мол мұра қалдырды. Нұрғиса атамыз 500-ден аса музыка туындысын алып келіп, қазақ музыкасын жаңа биікке көтерді. Ұлттық дәстүрді заманауи әуенмен шебер ұштастыра отырып, қазақ музыкасының қайталанбас болмысын әлемге танытты. Сондай-ақ көптеген шәкірт тәрбиелеп, дарынды жастардың өсіп-жетілуіне ықпал етті. Бүгінде олар ағамыздың сара жолын жалғастырып, ұлт мәдениетінің өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді, – деді министр Аида Ғалымқызы.
Ал Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев дара тұлға Нұрғиса Тілендиевтің қазақ мәдениетіндегі орны ерекше екенін атап өтті.
– Биыл ЮНЕСКО көлемінде аталып жатқан бұл мерейтой – жалпы қазақ халқының ұлттық абыройы. Сазгердің мерейтойы аясында Париж, Мәскеу, Бішкек қалаларында арнайы мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, қазақ өнерінің мәртебесі асқақтады. Сонымен қатар композитор туралы музыка зерттеушілерінің еңбектері бір жинаққа топтастырылып, жаңа кітап жарық көрмек, – деді өңір басшысы.
Келесі кезекте Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері әнші-композитор Алтынбек Қоразбаев, Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов ізгі тілегін арнады.
– Бүгін менің әкемді ғана емес, тұтас қазақ өнерін, ұлт рухын ұлықтап отырмыз. Әкемнің ғұмыры, халқы үшін соққан жүрегі – халқына арналған ән мен күйі еді. Сол жүректің үнін өшірмей, қадірлеп жатқан сіздерге алғысым шексіз. Әкемнің 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде, халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымында, Қазақстанның барлық жерлерінде атап өтілуде. Сол үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына алғысымды айтамын, – деді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Дінзухра Тілендиева.
Бұдан кейін Нұрғиса Тілендиев атындағы мәдениет үйінің алқызыл лентасы қиылып, су жаңа сахна төрінде дәулескер күйшінің сазды әуендері күмбірлеп, жүрек тербер ән-күйлері орындалды.
Нұрғиса Тілендиевтің мүсінін белгілі мүсіншілер Айдос Бүркітбаев пен Тимур Ермұхаметов әзірлеген. Қоладан құйылған ескерткіштің биіктігі – 2,85 метр, тұғыры – 1,5 метр. Жалпы биіктігі – 4,35 метр. Тұғыры граниттен жасалған. Ескерткіш – ұлы сазгердің өнерге сіңірген еңбегіне деген ел құрметінің айғағы.
Жаңа мәдениет үйінің құрылысын «АК Construction» ЖШС мердігерлігі жүзеге асырған. Мәдениет үйінің жалпы құны – 2,2 млрд теңге, сыйымдылығы – 400 орын.
Мәдениет үйінің ашылуы өңірдің рухани өмірін жандандырып, өнер мен мәдениеттің дамуына тың серпін бермек.
Іле жерінде өткен айтулы шара – ұлы тұлғаның ел тарихындағы орнын дәріптеп қана қоймай, жас ұрпақты өнерге, елдікке тәрбиелеудің жарқын үлгісіне айналды.
Алматы облысы