• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:50

Тасымалдағы тың тәсіл

30 рет
көрсетілді

Павлодарда қоғамдық көлікті оңтай­ландырудың нәтижесінде 4 млрд теңге бюджет қаражаты үнемде­летін болды. Үш бағыттағы маршрут жойылып, 56 мыңнан астам жолаушыға автобустарға тегін ауысып міну қызметін пайдалану құқығы берілді.

Павлодар қаласының әкімдігі мәлім еткендей, қоғамдық көлік­тің маршруттық желісін оңтайландыруға қатысты бір айға созылған кешенді жұмыс аясында 11 маршрутты оңтайландыру, 2 тиімсіз бағытты жою жоспарланған. Қозғалыс сызбаларын түзету көліктік қолжетімділікті, азаматтардың өтініштерін талдау, сондай-ақ нақты жолаушылар ағыны мен маршруттардың жүктелу деңгейін бағалау негізінде жүзеге асырылған. Нәтижесінде, жолаушылар өте аз жүретін, қалалық бюджетке елеулі жүктеме түсіріп келген (166 млн теңгеден астам) №5, №6, №17 маршруттар жойылды. Бұл бағыттарда қо­сымша өзге автобустар мен трамвай маршруттары бар.

Бұдан былай қала маңында­ғы №40, 41, 38, 66 маршрут­тар теміржол вокзалына дейін жү­ретін болды. Шешім теміржол вокзалы ауданындағы дамыған көлік жүйесін ескере отырып қабылданды. Аумақта жолаушылар ағыны 60 000 транзакция­ға өскен. №66, 40 маршрут­тар ұзындығының айтарлықтай қысқаруын ескере отырып, жо­лаушыларға бір сағат ішінде тегін ауысып міну тетігі енгізілді. Бір айда 56 591 адам тегін ауысып міну қызметін пайдаланды.

Сондай-ақ теміржол вокзалынан Усолка шағын ауданына дейін жүретін №66А бағыты енгізілді. Маршруттағы орташа жолаушылар ағыны қазірдің өзінде 2 мың транзакциядан асады. Қысқартылған қозғалыс схемасы мен 14 минутқа дейінгі аралық-тың арқасында маршруттағы жолаушылар ағыны одан әрі өсуге тиіс. Осылайша, түрлі бағыттардағы қолжетімді рейстер саны ұлғай­тылып, екі бағытта маршруттың ың­ғайлылығы мен икемділігі артқан.

Автобус желілерін қайта қарау, автобустар санын 262-ден 252-ге дейін қысқарту есебінен маршруттарға қызмет көрсетуге арналған пайдалану шығындары айтарлықтай төмендеген. Жолау­­шылар ағы­нының 10%-ға артуы тіркелген (күніне 169 441-ден 186 814 транз­акцияға дейін). Әкімдік өкілдері тасымалдаушыларды субсидиялау көлемін қысқарту есебінен бюджет қаражаты жыл сайын 4 млрд теңгеге үнемделетінін жеткізді.

 

ПАВЛОДАР