• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Еңбек Бүгін, 08:10

Микрожелекті табыс еткен

10 рет
көрсетілді

Нәпақа табуға ниет болса, кәсіптің көзі көп екен. Нұргүл үйінің аядай ғана бөлмесіне микрожасыл өскін өсіріп, кәсіп қылып отыр. Жайқалған жасыл желегін апта сайы­н мейрамханаларға өткізіп, пайда табады. Ал тағамға қолданатын бұл өсімдіктердің ағзаға пайдасы әдеттегі көкөністерге қарағанда он есе көп.

Үйінің төргі бөлмесіне арнайы сөрелер жасап, 24 сағат қо­сылып тұратын жарық тарт­қан. Бөлме температурасы 25 градус, ал ылғалдылығы 60–70 пайыз. Әр сөреде микро жасыл өсімдіктің сан түрі құлпырып тұр. Жетілген же­лекті тұтынушыларға өзі жет­кізіп береді. Өсімдіктің бірі кәдімгі ас бұршақ іспетті болса, енді бірі – қызылша жапырақтарының шағын түрі. Дәмі де сол көкөністерден айнымайды. Пайдасы ұшан-теңіз. Соны аспаздар түрлі тағамға қосып сәндейді, әр­лейді. Мейрамханалар ғана емес, жекелеген тұрғындар тарапынан да сұраныс бар. Осынау ешкімнің ойына келе қоймайтын кәсіп түрін Нұргүл Алпысбайқызы қайдан тауып алған дейміз ғой.

«Осыдан төрт жыл бұрын үйде баламен отырып, интернеттен кәсіп түрлерін іздедім. Бала-шағаға қарауыма кедергі болмайтындай жұмыс керек болды. Сөйтіп жүріп, микро жасыл өсімдіктерге қызықтым. Әуелде бәрі сәтті бола қоймады. Дегенмен зерттеп жүріп, әдіс-тәсілін таптым. Қазір үздіксіз өсіріп, сатып отырмын», дейді Нұргүл Алпысбайқызы.

Айтуынша, өскіндерге ерекше күтім қажет емес. Бар болғаны бөлме температура­сын реттеп, уақтылы суын құйып отыру керек. Әлбетте, тұқымды дұрыс таңдаған жөн. Тұқымды күнтізбемен себеді. Ол да өскіннің жайқалып өсуіне әсері бар. Бір қызығы, тұқым топыраққа емес, арнайы мата іспетті материалға егіледі. Содан кейін жүйелі түрде суа­рылады, құнар беретіндей заттар қосылады. Кейбір микро жасыл өскіндерге судан гөрі тыңайтқыш көбірек қажет. Көптеген тәжірибе жасап, ерінбей еңбектенгеннің арқасында аядай ғана бөлмеде жыл он екі ай жасыл желек жайқалып тұрады. Микро жасылдарды алғаш 80-жылдары АҚШ-тағы тамақтану орындарында тұтына бастаған. 90-жылдардың ортасынан бас­тап әлемге тараған. Әр жасыл өскін тағамға ерекше дәм мен хош иіс береді. Аспаз­дардың тамағы сонымен де дәмді.

«Біз Нұргүлмен баяғыдан жұмыс істейміз. Оның микро жасыл өнімдері сапалы. Өсімдіктер бір жағынан әдемі көрінеді. Тағаммен тартқанда дастарқанды жайнатып жібе­реді. Екіншіден, пайдалы»,  дейді сушеф аспаз Елдар Ғафуров.

Ғалымдар да микро жа­сыл­дағы дәруменнің кәдімгі көкөністерге қарағанда 10 есе көптігін анықтаған. Сирек кәсіп түрімен айналысатын Нұргүл Алпысбайқызы алдағы уақытта кәсібін кеңейтуді де көздейді. Ең бастысы, сұраныс бар.

 

Өскемен