• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Тағзым Бүгін, 08:05

От ауызды Оразалы

20 рет
көрсетілді

Тәңіртау өлкесінде айтыстың ақтаңгері Оразалы Досбосыновтың 50 жылдығы дүбірлеп өтті. Тегістіктен түлеп ұшқан айтыс өнерінің мұзбалақ қыраны бозбала шақтан қанатын қомдап, заңғар биікке самғады. Мектеп жасынан аудандық, облыстық айтыстарда оза шауып, республикалық жарыстарда дараланды. Бір күнде бес ақынмен айтысқа түскені аңызға айналды.

Айтыскер ақынның мерейтойы білім алған мектебінде басталды. Білім шаңырағына ақын есімі жазылған ескерткіш-тақта ілінді. Еске алу шарасына жиылған сөз зергерлері мен айтыс өнерінің майталмандары от ауызды Оразалының отызға толмай, қамшының сабындай ғұмырда халқымыздың рухани қазынасына қайталанбас мол мұра қалдырып, айтыс өнерінде өзіндік мектеп қа­лыптастырғанын естелік-әң­гімеге арқау етті. Тіпті бала Оразалыны бас-тауыш сыныптан баптаған ұстазы да оның күлімдеп тұратын жып-жылы бейнесін елжірей еске алды. 

«Мектеп табалдырығын аттағаннан Оразалы өте зерек болды. Оқушылар «Балдырған» журналына жазылатын. Ондағы тақпақ, жаңылтпаштарды тез жаттап алатын. Ылғи жымиып жүретін еді. Көпбалалы отбасынан шыққан Ораздың жүзіне мейірім ұялап тұратын», дейді бастауыш сынып мұғалімі Бақытгүл Рахымова.

Сүйінбайдың 170 жылдық тойында өзінен жасы әлдеқайда кіші Оразалыны шабысынан танып, шын талантқа батасын берген айтыс өнерінің бүгінгі ақсақалы Шорабек Айдарұлы: «Мына заңғар таулары бар өлкеде Оразалыдай кең тынысты, үлкен жүректі ақын­ның тумауы мүмкін емес екен. «Тұлпар ізін тай басар», ұрпақтар жалғаса берсін», деп ізгі тілегін білдірді.

От ауызды, орақ тілді Ора­за­­­лының шешендік өнері мен өмірін арқау еткен іс-ша­рада сөз тиегі асау өзендей ағы­тылды. Айтыс әлеміне қа­на­тын қомдаған бала Ораза­лыны қолынан жетектеп, қол­дау білдірген ел ағалары, Райым­бек ауданының Құр­мет­ті азаматы Ызғарбек Бек­тұр­­сынов, Жазушылар ода­ғының мүшесі, «Мұқағали» журналының бас редакторы Дүйсен Мағлұмов, зейнеткер ұстаздар Дәулет Шәкенов, Жанаткүл Дауқабақова және марқұмның сыныптас, курс­тастары да естеліктерін айтты. Сондай-ақ ақын атындағы қо­ғамдық қордың ұйытқы бо­луымен Оразалы Дос­бо­сы­нов­тың ­айтыстары топ­тас­­ты­рыл­ған «Ақын­мын сөзі жетер сан ғасырға» атты кітаптың тұ­сауы кесіліп, оқырманға жол тартты.

«Орнында бар оңалар» де­мекші, айтыс ақтаңгерінің артында қалған қызы Нұрайша мен ұлы Нұрсұлтанға ел-жұрты ат мінгізді. Ән мен күй төгілтті. Мектеп жанындағы саябаққа ағаштар отырғызылды.

Осылайша, Тәңіртау аясын дүбірге бөлеген мерейтой келе­сі күні Нарынқол ауылындағы Баққожа Мұқай атындағы аудан­дық мәдениет үйінде өткен «Құлмамбеттің құлыны» атты оқушылар арасындағы республикалық айтысқа ұласты. Оған еліміздің әр өңірінен келген 20-ға жуық жас айтыскер қатысып, өзара бақ сынасты. Айтыс қорытындысында шашасына шаң жұқтырмаған шын жүйріктер анықталып, қар­жылай сыйлықтар табыс етілді.

 

Алматы облысы