Жаңа стандарт бойынша мектеп асханаларындағы қант мөлшері 3,6 есе, ал тұз мөлшері 5 есе азаяды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрқан Сәдуақасов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты.
Оның айтуынша, 2023 жылдан бастап мемлекет бастауыш сынып оқушыларын, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын балалардың жекелеген санаттарын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіп келеді.
«Алайда жүргізілген талдау оқушылардың ас мәзірінде тұз, қант пен май тым көп, ал көкөніс, жеміс-жидек пен сүт өнімдері жеткіліксіз екенін көрсетті. Мұндай теңгерімсіздік балалар арасында семіздік, қант диабеті және жүрек-қан тамырлары ауруларының ерте дамуына ықпал етеді. Осы мәселенің ауқымын ескере отырып, мемлекет салауатты мектептік тамақтануды басты басымдықтардың бірі етті. 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап Денсаулық сақтау министрінің 2025 жылғы 4 наурыздағы бұйрығымен бекітілген жаңа Тамақтану стандарты күшіне енді», деді Н. Сәдуақасов.
Жаңа Стандарт барлық білім беру ұйымдарына: балабақшаларға, мектептерге, колледждерге және сауықтыру лагерлеріне қолданылады.
Негізгі өзгерістер:
қант мөлшері 3,6 есе, ал тұз мөлшері 5 есе қысқарады;
көкөністер, жемістер мен сүт өнімдерінің үлесі артады;
мәзірден шұжық өнімдері, ысталған тағамдар, спредтер және қант пен тұзы жоғары басқа да өнімдер алынады;
тәтті сусындар судың, сүт пен қышқыл сүт өнімдерінің, жеміс шайлары мен қант мөлшері аз компоттардың пайдасына алынып тасталады.
Сонымен қатар Стандартта шағын жинақты мектептерде тамақтандыруды ұйымдастыруға, арнайы диеталық қажеттіліктері бар балаларға тамақ беруге қатысты бөлек талаптар қарастырылған.