Қара темірді балқытып, бір-біріне жалғайтын мамандық иесі Жандос Айталиев Қаратөбе ауданының Аққозы ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң Орал қаласындағы құрылыс техникумында оқыды. Тоқсаныншы жылдардың соңындағы тоқырау кезінде түрлі салада қызмет етті. Біраз уақыт мұнай айналасындағы «Saipem» компаниясында нәпақа тапты.
«Дәнекерлеуші деген мамандықтың маңызы зор екенін ең алғаш сол жерде көрдім», дейді Жандос. Оған дейін де электрмен пісіретін аппаратты алып, тұрмысқа, тіршілікке қажет жұмысын өзі тындыра беретін ауыл баласы шетелдік компаниядағы талапты әріптестерінің шеберлігін көріп, таңдай қағыпты. Айтары жоқ, кәсібін шебер меңгерген нағыз маманның әр қимылы әсерлі болады екен, электродты алып тұрып, тасқараңғы әйнектің артынан әр шоқығаны шедевр болып түскенде таңғалмасқа шара жоқ.
Жандос дәнекерлеуші мамандығының нағыз жауапты жұмыс екенін, майталман маманның машығы ықыласты ыждағатпен, талай жылғы тәжірибемен келетінін түйсінді. Сөйтіп, «Энергетик» оқу орталығына жазылып, бұл кәсіптің теориясына бойлады. Курсты тәмамдаған соң KCG компаниясына жұмысқа тұрды. Бұл жерде де Жандосқа тағылымды ұстаз, тәжірибелі тәлімгер кездесті.
«Осы өнерді үйреткен Мұратбек Мұхамбердиев пен Ернияз Үдіреевтерді ешқашан ұмытпаймын. Олардан дәнекерлеу техникасын, әдіс-тәсілін ғана емес, мамандыққа деген махаббатты, жауапкершілікті де үйрендім», дейді Жандос.
Адам бір кәсіпті терең меңгерген сайын айналасына қажет маманға айналады. Әуелі айналасына есік-терезе, қақпа жасап, тәжірибе жинаған Жандос 2015 жылы «Yasin stroy kz» деген өз фирмасын тіркеді. Ясин – тұңғыш ұлының есімі. Бастапқыда кез келген тапсырысты қабылдады. Өйткені өз атыңды дәлелдеу, мойындату, халық сеніміне ие болу оңай емес. Бірте-бірте үлкен жобаларға қол созды. Құрылыста сэндвич-панел деп аталатын технология саласын меңгерді. Басында Батыс Қазақстан облысы аумағында жүрсе, кейін көршілес Ақтөбе, Атырау облыстарынан да тапсырыс түсе бастады. Міне, бүгінде үш қабатты сауда үйлерін, күрделі ғимараттарды қиналмай тұрғыза беретін қабырғалы мекемеге айналды.
«Іс тетігін маман шешеді» деген. Бірақ әрбір мәтелдің мәнін өз басыңнан өткергенде анық түйсінеді екенсің. Қазір жанымда сыннан өткен 6-7 азамат бар. Біз бірге үйрендік, бірге өстік. Бүгінде кез келген тапсырыс алып, кез келген күрделі ғимаратты тұрғыза алатыныма сенемін. Өйткені ұжымымыз жұдырықтай жұмылған, бесаспап мамандар», дейді Жандос.
Батыс Қазақстан облысы