• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Технология Бүгін, 20:22

Қазақстан e-gov-тен AI-gov-қа: Астанада халықаралық форум өтті

20 рет
көрсетілді

Елордада электрондық үкіметтен жаңа кезең – AI-gov жүйесіне көшуді талқылауға арналған халықаралық Astana Open Dialogue форумы өтті. Жиынға мемлекеттік органдардың, сараптамалық орталықтардың, бизнес пен халықаралық сарапшылар қауымдастығының 700-ден астам өкілі қатысты, деп жазады Egemen.kz.

Форум мемлекеттік басқаруға жасанды интеллектіні енгізудің ашатын мүмкіндіктері мен туындататын сын-қатерлерін талқылаудың негізгі алаңына айналды. Сонымен қатар Қазақстанның жаһандық цифрлық трансформациядағы стратегиялық рөлі ерекше аталды.

Sinovation Ventures және 01.ai компаниясының бас директоры Кай-Фу Ли Қазақстанның жаңа буын технологияларын енгізуге дайын екенін атап өтті. Ол ұлттық жасанды интеллект стратегиясының маңызын көрсетіп, елдің батыл мақсат қою қабілеті цифрлық дәуірдегі көшбасшылықтың кепілі болатынын айтты.

«AI-агенттердің күші – суперцифрлық қызметкерлердің пайда болуында. Олар чат-боттар сияқты сұрақтарға жауап беріп қана қоймайды, бұрын шешілмеген мәселелерді де шеше алады. Әрине, қауіпсіздік мәселелері бар. Бірақ Қазақстанның осы сын-қатерді қабылдап, жедел қарқынмен алға жылжуға дайын екенін көріп қуаныштымын», – деді Кай-Фу Ли.

Оның айтуынша, ұлттық стратегияда нақты өлшенетін мақсаттардың болуы маңызды.

«Бұл мақсаттар батыл, бірақ өлшемді болуы керек», – деп қосты ол.

Khalifa University профессоры, 6G Research Center негізін қалаушы, TII бас ғылыми қызметкері Меруан Дебба Қазақстанның ЖИ қолдану арқылы өнімділікті арттыруда және инновацияларды дамытуда ерекше мүмкіндіктерге ие екенін атап өтті.

«Силикон аңғарына қарасақ, ең табысты стартаптар – алып компаниялар емес, шағын топтар. Олар жаңа құралдарды тиімді пайдалана біледі. Бұл Қазақстан сияқты елдерге миллиардтаған халқы бар мемлекеттермен тең дәрежеде тұруға жол ашады. Өйткені қазір сіздерде осы құралдарды қолданып, анағұрлым тиімді болуға мүмкіндік бар», – деді ол.

ITU кеңесшісі, БҰҰ-ның AI for Good бастамасының жетекшісі Эбтесам әл-Мазруи Қазақстан Президенті мен Үкіметінің жасанды интеллект саласында берік негіз қалағанын атап өтті.

«Сіздердің Президенттеріңіз және Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект министрі тілдік ірі модельдер бойынша үлкен жұмыс атқарды. Ертең сіздер бұл технологияны өздеріңіз сынап көресіздер. Министр айтқандай, Қазақстан азаматтары оны бірге жасап, дамытуға қатысады. Осы арқылы қазақстандық қоғамға сәйкес этикалық нормаларды қалыптастыру мүмкіндігі пайда болады», – деді ол.

Әл-Мазруи Қазақстанның қысқа уақыт ішінде ЖИ экожүйесін құра алғанын ерекше атады. Оның ішінде H2 100 есептеу кластерін іске қосу, Президент жанындағы жасанды интеллект жөніндегі алғашқы кеңес, ұлттық AI-платформа және ЖИ туралы заң жобасы бар. Сонымен бірге адами капиталды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.

БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа елдің жаһандық ЖИ күн тәртібіне сенімді кіргенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстанда білім, денсаулық сақтау және мемлекеттік басқару салаларында ЖИ қоғамға пайда әкелуі үшін жақсы алғышарттар бар. Бірақ ол бұл өзгерістерден ешкім шет қалмауы тиіс екенін еске салды.

«Қазақстан жақсы позицияда тұр және осы күн тәртібіне енді. Бірақ біз бірлесе отырып, ешкімнің шет қалмауын қамтамасыз етуіміз керек», – деді ол.

Stanford Graduate School of Education-нің бұрынғы техникалық директоры әрі деканының орынбасары Пол Ким Қазақстанның білім беру бастамалары тарихи кезеңде тұрғанын айтты. Оның пікірінше, AI SANA жобасы білім беру жүйесін түбегейлі өзгертіп, студенттерді тек білім алушы ғана емес, жаңа технологияларды жасаушы және зерттеуші ретінде қалыптастырады.

«Мен Қазақстан дәл қазір шешуші сәтті бастан кешіп отыр деп сенемін. AI SANA жобасы қазіргі де, болашақта да зор ықпал етеді. Ол студенттерді гиперөзін-өзі реттеу қабілетін дамытуға, жасаушы әрі зерттеуші болуға үйретеді», – деді Пол Ким.

Осылайша Astana Open Dialogue III отырысы халықаралық сарапшылардың Қазақстандағы цифрландыру бағытын жоғары бағалауымен аяқталды. Елдің жасанды интеллектіні дамытуға деген ұмтылысы әлемдік үрдістерге сәйкес келетіні және жаңа технологиялық серпілістерге жол ашатыны атап өтілді.