Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауын жария еткелі парламенттік реформа, оның ішінде бір палаталы парламент моделі көп талқыланатын тақырыптың біріне айналды. Расында, қоғам ендігі жерде бір палаталы Парламенттің қаншалықты тиімді боларына ой жүгіртіп, түрлі сауалдың төңірегінде пікір көрігі қыза түсті. Десек те Президент заң шығарушы органның ендігі тағдырын халықтың өзі шешсін деп 2027 жылы жалпыхалықтық референдум өткізуді үсынды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты биылғы Жолдауында негізінен жасанды интеллектіні экономикаға барынша сіңдіріп, оны ел игілігі жолында тиімді пайдалану тетіктерін ұсынды. Президент саяси реформа мәселесіне де назар аударды. Жолдаудың түйінделер тұсында тоқталған парламенттік реформа арқылы Мемлекет басшысы еліміздің біртұтас институционалды жүйесін нығайтуды көздейтінін жеткізді. Ал бұл реформа азаматтық секторда, сарапшылар ортасында, сондай-ақ қазіргі Парламентте жан-жақты талқылануы қажеттігін де баса айтты.
«Реформаның мән-маңызы айрықша екенін ескерсек, оны талқылауға бір жыл уақыт керек деп ойлаймын. Содан кейін, яғни 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізуге болар еді. Содан соң Конституцияға тиісті өзгеріс енгізе аламыз. Мен мемлекеттің тағдырын айқындайтын барлық мәселе халықтың келісімімен ғана шешіледі деп бұған дейін бірнеше рет айттым. Егер бір палаталы Парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай Парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деп санаймын», деді Президент.
Бүгінде бұл реформаға саяси сарапшылар, саясаткерлер оң көзқарас танытып, пайымды пікір білдіріп отыр. Мәселен, Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов бір палаталы Парламентке көшу саяси жүйенің тұрақтылығын арттыратынына сенімді. Ал жаңа Парламентте саяси партиялардың өзара бәсекелестігі болмаса, бәрі бекер.
– Біздің мемлекетіміздің унитарлық табиғатына жақын әрі саяси жүйенің тұрақтылығын күшейтетін бір палаталы Парламент партиялардың дамуына да жаңа серпін береді. Өкінішке қарай, қазірде еліміздегі саяси партиялар толық қалыптасып үлгерген жоқ. Биліктегі партия да, оппозициялық күштер де әлі дамып келеді. Сондықтан партиялар алдында үлкен міндет тұр. Біріншіден, олар құндылықтары мен бағдарламаларын нақтылап, айқындауы керек. Кейде депутаттардың сөзіне қарасаң, партиясының бағдарламасын білмейтін немесе құндылықтарына сүйенбейтін жағдайлар байқалады. Сондықтан партиялар ішкі дискуссиялар өткізіп, халық алдына шығып, өз ұстанымдарын дәлелдей білуге тиіс. Партиялар бағытына сәйкес не үшін белгілі бір позицияны қолдайтынын нақтылап көрсетуі қажет, – деді Ә.Байменов.
Ол қазіргі партиялар көбіне танымал тұлғалардың басын қосқан ұйымға көбірек ұқсайтынын айтады.
– Партиялардың құндылықтар мен бағдарламаларға негізделген деңгейге жетуі үшін әділ бәсекелестік қажет. Сонымен қатар партиялардың тәуелсіздігі үшін олардың қаржыландыру көздері де маңызды. Егер партиялар бір-екі алпауыт топтарға ғана сүйенбей, орта және шағын бизнестің жарналары арқылы да қаржыланса, олар шын мәнінде тәуелсіз бола алады. Ал тәуелсіз партиялар – тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарының, тәуелсіз саяси зерттеулердің дамуына жол ашады. Бұл үшін елде мемлекеттік сатып алуға тәуелсіз, тұрақты шағын және орта бизнес қалыптасуы қажет, – дейді Ә.Байменов.
Ал Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Мемлекет басшысы ұсынған парламенттік реформаны саяси партиялардың дамуына, көбеюіне берілген үлкен мүмкіндік әрі жауапкершілік деп бағалады.
– Менің ойымша, қазір еліміздегі саяси партиялардың саны жеткілікті. Осылардың өзін ішінара, түбегейлі реформа жасап, алдағы сайлауда олардың бағыт-бағдарын, идеологиясын, ұстанымдарын анықтап алсақ, осының өзі де үлкен жетістік. Расында, Президенттің бұл саяси реформасы – өте прагматикалық шешім. Бір палаталы Парламенттің болуы, саяси партиялардың күшеюі – бұл өте қажет тетік. Бір мандатты жүйе аудан, қалалардың деңгейінде сақталуы мүмкін. Ал нағыз Парламентті күшейген саяси партиялармен жасақтауды Президенттің өте прагматикалық шешімдерінің бірі деп айта аламын. Бұл – нағыз болашақтың көрінісі. Енді саяси партиялардың арасындағы бәсекелестік артады деген ойдамын, – дейді Мәжілістегі «Amanat» партиясы фракциясының жетекшісі Е.Бейсенбаев.
Жалпы, көптеген сарапшы Мемлекет басшысының Парламентті жалғыз палатамен қайта жасақтау реформасы бұрын жүзеге асырылған реформалардың заңды жалғасы іспетті болғанын айтып отыр. Айталық, Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты саяси зерттеулер бөлімінің меңгерушісі Жанар Санхаева бір палаталы модельге көшу парламентішілік құрылымдардың нығаюы арқылы жүзеге асатынын атап өтті.
– Осылайша, парламенттік оппозицияның құқықтарын кеңейту, заң жобаларын жан-жақты қарау мүмкіндігі арқылы комитеттер жүйесін нығайту, сондай-ақ Парламентаризм институтының және басқа да талдау қызметтерінің жұмысы негізінде сараптамалық инфрақұрылымды дамыту арқылы бақылау функциялары қайта бөлінді және күшейтілді. Осының барлығы Мәжілісте алты саяси партияның өкілдігі бар көппартиялық жүйе жағдайында заңнамалық үдерістің неғұрлым жауапты және ашық болуы үшін негіз қалыптастыруға мүмкіндік берді, – дейді саясаттанушы.
Оның айтуынша, бір палаталы Парламентке көшу, саяси институттарды нығайтуға, азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталған дәйекті реформалар логикасына негізделген.
– Бір палаталы құрылым партиялық жүйені одан әрі нығайтуға жағдай жасайды. Өз кезегінде дамыған партиялық жүйе қазірдің өзінде тұрақты саяси бәсекелестікті қамтамасыз етеді, биліктің шамадан тыс жекелену қаупін азайтады және жеке тұлғалардан тәуелсіз жұмыс істей алатын институттарды қалыптастырады. Сонымен қатар партиялар Парламентке кәсіби кадрларды даярлауды жалғастыра алады, бұл негізгі мемлекеттік шешімдерді шыңдалған саясаткерлер қабылдайтынына кепілдік береді, – дейді ҚСЗИ-дің бөлім меңгерушісі Ж.Санхаева.
Қалай десек те, Президент ел тағдырына қатысты қандай да бір мәселеге келгенде тек қана ашық саясат жүргізу керек деп санайтынын, мұндай ауқымды реформаны қоғамнан құпия ұстауға болмайтынын шегелеп айтты. Сарапшылар Президент ұсынып отырған бір палаталы Парламент шешім қабылдаудың тиімділігін арттыратынына сенімді. Дамыған елдердің біразының тәжірибесінде бар бұл жүйені орта державалар қатарына қосылған біздің елде де қолданудың уақыты келді.