• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Басылым Бүгін, 08:00

Балаларға базарлық

10 рет
көрсетілді

Балалар әдебиетінің қазынасы жаңа бір көркем кітаппен толықты. Оның авторы, белгілі жазушы Толымбек Әбдірайым. Жинақ – «Құс ұясы» деп аталады.

Балдырғандарға арнап көркем дүние жазу қиын. Алдымен олардың жан дүниесін терең түсіну керек. Бұған асқан шеберлік қана емес, балаға тән тазалық, мейірімділік қажет. Бір жағынан, бүгінгі уақыт басқа. Жеткіншектердің әдеби талғамы да өзгеше. Жас оқырманды баяғыдай ауыл көріністерімен алдай алмайсың. Қазір – жаңа технология дәуірі. Роботтехника заманы. Сондықтан бүгінде балалар тақырыбына қалам тартып жүргендерге артылған жүк жеңіл емес.

Алайда автор осы мақсатты жақсы сезінген. Жаңа жинаққа жазушының кейінгі жылдары жазылған әңгіме-хикаяттары, ертегілері топтастырылған. Мұнда қала мен ауыл балаларының психологиясы дәл көркемделген. Кейіп­керлерінің болмысы да, өмірге көз­қарасы да басқаша. Қаламгер олардың мінез-құлқын шынайы бейнелейді. Ұлттық тәрбие құндылықтары туралы да астарлап айтады.

Мысалы, «Бағың жансын, балам!» деген әңгімесінде қалаға жақында қоныс аударған Әбуталап қарттың басынан өткен оқиға баяндалған. Бұлар тұратын екінші қабаттағы қарама-қарсы есіктегі кішкентай бала күнде есік алдында отырған ақсақалдың қасынан үндемей өте шығады. Бірақ өзі пысық. Бір күні қасынан асыға өтіп бара жатқан әлгі баланы қарт тоқтатады. Енді осы диалогке зер салыңыз:

« – Әй, балам кішкене аялдашы!

Кішкентай ұл кідірді.

– Атың кім?

– Асхат.

– Қай сыныпта оқисың?

– Төртіншіде.

– Сабағың қалай?

– Жақсы.

– Бестік бағаларың көп пе?

– Иә, ата! Бір сабақтан төртім бар...

– Әке-шешең үлкен кісімен амандас деп айтпай ма?

– Айтады.

– Ендеше, неге амандаспайсың?».

Осы қысқаша үзіндіден біраз нәрсені аңғарасыз. Бұнда үлкенге сәлем беруді ұмытқан баланы ғана емес, ұлттық тамырдан ажырап бара жатқан бүгінгі ұрпақ бейнесін көресіз. Автор оны айқайлап емес, емеурінмен жеткізеді. Жалпы, кітапта көңілді селт еткізер осындай ойлы дүние көп. Жинаққа жазушының көлемді үш повесі енген. Ондағы кішкентай кейіпкерлер бейнесі арқылы қоғамдағы келеңсіз оқиғалар көрініс тапқан. Ал ертегілердің мазмұны бөлек. Бәрі де өмірден ойып алынған.

Толымбек Әбдірайым – бүгінгі балалар әдебиетінің белді өкілінің бірі. Бұған дейін бірнеше прозалық еңбегі жарық көрген. Көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әкім Тарази көзі тірісінде: «Мен Толымбектің шығармашылығын арналы өзенге теңер едім. Оның айтары алда деп ойлаймын...», деп баға беріпті.