UEFA Чемпиондар лигасы негізгі кезеңінің екінші турында қазақстандық «Қайрат» (Алматы) испаниялық «Реал Мадрид» (Испания) командасын қабылдады, деп жазады Egemen.kz.
Алматының Орталық стадионындағы тарихи матч алаң иелерінің шабуылымен басталды. Әп дегеннен «Қайрат» ойыншылары қонақтарға қауіп төндіріп, Куртуаның қақпасын торуылдаумен болды. Алайда Хаби Алонсо жаттықтыратын футболшылар да қарап қалмады. Орайы келгенде шабуылға шығып, Шерхан Қалмырзаның да шеберлігін тексеріп көрді.
Кездесудің 25-минутында «Қайрат» командасының қақпасына пенальти белгіленіп, он бір метрліктен оныншы нөмірдегі Мбаппе гол соқты. Осылайша корольдік клуб есепте алға шықты. Мұнан соң таблодағы есеп екінші таймда өзгерді. «Реалдың» үздігі Киллиан 52-минутта дубль авторы атанды. Ойынның 58 минутында Мбаппенің тамаша мүмкіндігі болған. Алайда қақпа алдында білгенінен жаңылды. Дегенмен қырағы шабуылшы 74-минутта хет-трик жасап, есепті еселей түсті.
Қонақтар мұнымен тоқтап қалмады. Кезекті шабуылдарының бірін Камавинга голға айналдырды. Франциялық ойыншы 83-минутта кездесудегі төртінші голды өз атына жазды. Ал, Браим Дияс ойынның нүктесін қойды.
Өкінішке қарай, Орталық стадиондағы 22 788 жанкүйер жиналған ойында алаң иелері 0:5 есебімен қарсылас командаға жол берді.