• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Технология Кеше

Робототехникалық жүйелер мен жасанды интеллект бойынша бірлескен жобалар таныстырылды

30 рет
көрсетілді

«Пудзянь инновациялық форумы–2025» аясында цифрлық трансформация, жасанды интеллект және интеллектуалды өндіріске арналған Ляонин подфорумына еліміздің жетекші университеттері мен ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Пудзянь инновациялық форумы Қытай ғылым және технология министрлігі мен Шанхай қаласы үкіметінің бастамасымен құрылған және ол ғылыми-техникалық прогрестің басымдықтарын, сондай-ақ жоғары технологиялық салалардағы ынтымақтастықты талқылауға арналған маңызды халықаралық алаңдардың бірі болып табылады. Ляонин подфорумы өнеркәсіпті жаңғыртудың практикалық міндеттерін шешуге, смарт-өндірісті дамытуға және пилоттық енгізуден бастап технологияларды жергіліктендіруге дейінгі екіжақты әріптестікті кеңейтуге бағытталды.

Ляонин провинциясының губернаторы Ван Синьвэйдің ресми қабылдауында өңір басшысы Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының вице-президенті, академик Амандық Төлешов бастаған қазақстандық делегацияны ыстық ықыласпен қарсы алды.

Академик А.К. Төлешов Қазақстан мен Қытай арасындағы тату көршілік пен достық сипатқа негізделген қатынастар университеттер мен ғылыми ұйымдардың ғылыми-практикалық және білім беру салаларындағы ынтымақтастығын жүйелі әрі қарқынды дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Айқын мысал ретінде Қытай ғылым академиясының Шэньян автоматтандыру институты мен Ө.А. Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институтының робототехникалық жүйелер мен жасанды интеллект әдістерін әзірлеу бойынша бірлескен жобалары көрсетілді. Қабылдау қазақстандық әріптестерге деген жоғары сенімді және ғылым, технологиялар мен инновациялар салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Сонымен қатар, академик А.Төлешов Ляонин подфорумының пленарлық сессиясында баяндама жасап, еліміздің жеделдетілген цифрлық трансформацияға, жасанды интеллект экожүйесін дамытуға және халықаралық ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған стратегиялық бағытын ерекше атап өтті. Шэньяндағы алаң жоғары деңгейде айқындалған басымдықтарды растаумен қатар, оларды бірлескен жобалар, технологиялар трансфері және ғылыми-инженерлік кадрларды даярлау арқылы практикалық тұрғыда іске асыру құралына айналды.

Делегация құрамында Рудный индустриялық университетінің ректоры Н.Сапарходжаев, «ҚазАтомӨнеркәсіп» ҰАК АҚ "Семізбай-U" ЖШС-нің даму және бизнес-әкімшілендіру департаментінің бас менеджері А.Алтынбек, академик Ө.А. Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институтының директоры З.Уалиев, Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі департаментінің директоры М.Қуатова мен жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері бар

Дөңгелек үстелде Рудный индустриалды университетінің ректоры Нұрбек Сапарходжаев сөз сөйледі. Ол Ғылым және жоғары білім министрлігінің мемлекеттік бағдарламаларының, атап айтқанда AI Sana бастамасы мен университеттерді қолдауға арналған өзге де салалық бағдарламалардың өнеркәсіп үшін қолданбалы шешімдер әзірлей алатын «ЖИ буынын» қалыптастырудағы рөлін атап өтті. «Бүгін біз таланттар лифтісін құрып жатырмыз: студенттік жасанды интеллект зертханаларынан – тәжірибелік үлгілерге, ал одан әрі сериялы өндіріске дейін. Қазақстан жаһандық білім экономикасының архитектурасына бақылаушы ретінде емес, тең автор ретінде еніп келеді», деді сарапшы.

Академик Ө.Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институты мен Қытай ғылым академиясының Шэньян автоматтандыру институты (SIA CAS) соңғы үш жыл бойы робототехника және зияткерлік өндірістік жүйелер саласында ынтымақтастықты дамытып келеді. Әріптестік аясында бірлескен ғылыми зерттеулер, академиялық алмасулар және кадрлар даярлау жүзеге асып жатыр. Нәтижесінде Алматы қаласында робототехника және зияткерлік жүйелер жөніндегі Қазақстан-Қытай орталығы құрылды.

Делегация Қытайдағы өнеркәсіптік роботтардың ең ірі өндірушісі SiaSUN компаниясына барды. Тараптар Алматы қаласындағы академик Ө.А. Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институты базасында құрастыру, сервистік қызмет көрсетуді ұйымдастыру және инженерлік орталық ашуға дайын екендіктерін растады. Бұл бастама Қазақстан мен Орталық Азия нарығына бағдарланатын болады.

Келісімдер аясында коллаборативті және логистикалық роботтар желісі бойынша жол картасын әзірлеу, кадрларды оқыту және отандық кәсіпорындардың сұраныстарына жедел бейімделетін шешімдерді көрсетуге арналған демонстрациялық-өндірістік полигон құру қарастырылған.

Сапар аясында Рудный индустриалды университеті мен Халықаралық инженерлік-технологиялық университет Шэньяндағы Қытай ғылым академиясының Автоматтандыру институтымен (SIA CAS) ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.

Тараптар робототехника және интеллектуалды өндіріс салаларында жаңа бірлескен жобаларды іске қосу, ЖИ және цифрлық технологиялар бойынша білім беру бағдарламаларын кеңейту, сондай-ақ қазақстандық кәсіпорындар үшін пилоттық енгізулер мен технология трансферін дайындау жөнінде келісімге келді.

АЛМАТЫ