Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен Қызылорда облысында Әдеп жөніндегі уәкілдердің республикалық форумы өтті. Оған Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, орталық және жергілікті атқарушы органдардың Әдеп жөніндегі уәкілдері, мемлекеттік қызметшілер және мемлекеттік қызмет ардагерлері қатысты.
Форумның негізгі мақсаты – Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Әділетті Қазақстан», «Адал азамат» қағидаттарын ілгерілетіп, мемлекеттік қызметшілер арасында заң мен тәртіптің орнығуына айрықша ықпал ету. Мұнда, әсіресе Әдеп жөніндегі уәкілдерге ерекше жауапкершілік жүктеледі.
Іс-шараның ашылуында Д.Жазықбай Президенттің Жолдауында айтқан «Заң және тәртіп» – мемлекетіміздің мызғымас тұғыры. Қоғамда осы қағиданы түбегейлі орнықтыру үшін барлық құзырлы органдар арасында ортақ көзқарас пен ортақ ұстаным болуға тиіс» деген сөзін тілге тиек етіп, «Заң және тәртіп» қағидаты мемлекеттік қызметшілерден бастау алу керектігін атап өтті.
Агенттік төрағасының айтуынша, мемлекеттік органдарда жаңадан Профилактика қызметін құру көзделіп отыр. Оның негізгі міндеттері – жемқорлықтың алдын алу жөнінде шаралар қабылдауды қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметтердің сапасына ішкі бақылауды жүзеге асыру, ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметін, оның ішінде комплаенс-қызметтердің қызметін үйлестіру.
Сондай-ақ ерекше назар аударатын маңызды өзгерістердің бірі – қызметтік тергеп-тексеру рәсімдерінің институционалдық түрде қайта құрылуы. Бұл ретте кадр қызметтері өздерінің негізгі міндеті – персоналды дамыту мен тиімді кадрлық саясатты жүргізуге бағытталса, қызметтік тергеп-тексеру жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу өкілеттігі толықтай Профилактика қызметіне беріледі. Бұл өзгерістер жаңа заң жобасында нақты қарастырылып, оны іске асыру барысында Әдеп жөніндегі уәкілдер жетекшілік рөл атқарады.
Форумда жаңартылған ант мәтіні де талқыланды. Жаңартылған анттың басты міндеті – мемлекеттік қызметшіні құқықтық ғана емес, сондай-ақ моральдық міндеттер де жүктелген мемлекеттің өкілі ретінде айқындау.
Форумға қатысушылар Әдеп жөніндегі уәкілдердің дербестігін күшейтуге, оларға жүктелетін міндеттерді тиімді орындау тетіктеріне қатысты ойларын ортаға салды. Қазіргі таңда республика бойынша мемлекеттік органдарда 770 Әдеп жөніндегі уәкіл қызмет атқарады.