Ұлттық банктің хабарлауынша, елімізде сынақ алаңы аясында теңгеге байланған алғашқы стейблкоин іске қосылды. Жоба «Intebix» компаниясының бастамасымен жүзеге асты. Оған «Solana» блокчейн-платформасы, «Mastercard», «Еуразиялық банк» серіктес болды.
«Отандық стейблкоин цифрлық инновацияларды дәстүрлі қаржы инфрақұрылымымен біріктіріп, крипто-фиат арналарын кеңейтеді. Криптовалютаны теңгемен байланған стейблкоинге айырбастауға әрі криптокарталар арқылы сауда жасауға болады», деді бас банк.
Былтыр Мемлекет басшысы цифрлық қаржы өнімдерін дамыту туралы тапсырма берген. Үдеріс қарқынды жүріп жатыр. Осыған байланысты Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов «Қазір төрт бағыт бойынша сегіз қанатқақты жоба жүзеге асып жатыр, алғашқысы – Қазақстан стейблкоині» деді.
32 компания банкроттықтан аман қалды
Проблемалық кредиттер қорының мәлімдеуінше, кейінгі жылдары аграрлық сектордағы қарыздарды қайта құрылымдау шараларының арқасында 32 ауыл шаруашылығы компаниясы банкрот болудан аман қалды. Қор 2019 жылдан бастап агросекторды мақсатты қолдауды күшейтіп, қарыз жүктемесін азайтуға, несие мерзімін ұзартуға әрі мөлшерлемені төмендетуге көмектесіп келеді. Бұл мыңдаған жұмыс орнын сақтап, стратегиялық нысандарды аман алып қалды.
2023 жылғы қуаңшылық пен нөсер кезінде де қарыз шарттары қайта қаралып, төлемдерге жеңілдік берілді. Жақтыр элеваторы мен «Каражар Агро-2019» сияқты кәсіпорындар қайта жанданды. Қор дерегінше, былтыр 1,85 млн тоннадан астам өнім жиналып, 6,9 млрд теңге салық төленді.
Технологиялық жаңарту жеткіліксіз
Елімізде биылғы қаңтар-тамыз айларында негізгі капиталға салынған инвестиция 14,3%-ға өсті. Бірақ «Halyk Finance» зерттеуі бойынша, шілдеден бастап өсім қарқыны бәсеңдеген. Сарапшы Салтанат Игенбекова мұның бәрі өткен жылғы төмен база әсерінің әлсіреуі мен Ұлттық қордан бөлінетін трансферттердің қысқаруына байланысты дейді.
«Инвестициялардың басым бөлігі құрылыс пен жөндеу жұмыстарына бағытталып жатыр, ал технологиялық жаңарту жеткіліксіз. Мұндай өсімнің тұрақтылығы төмен», дейді ол.
Мәселен, білім саласында ең жоғары өсім тіркелсе (92%), өңдеу өнеркәсібінде 34,3% болды. Көлік, энергетика, жылжымайтын мүлік салаларында да өсім бар.