• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Сараптама Бүгін, 08:45

Бағыт пен уақыт

20 рет
көрсетілді

Еліміз кейінгі кезде мұнай өндірісін арттыра түсті. Биыл мемлекет 96 млн тонна мұнай өндіреміз деп жоспарлады. Жақын аралықта 100 млн межесіне жеткіміз келеді. Бұл ретте «Теңіз» жобасы үлкен рөл ойнады. Әрине, өндірісті бұлайша арттыру ОПЕК+ аясындағы міндеттемемізге қарама-қайшы.

Алайда «Теңіз» жобасы инвес­тор­лар­дың ықпалында болған­дық­тан, Үкімет те оларға қысқарт деп тапсырма беріп, мәжбүрлей алмайды. Тек қазіргі артық шығарып жатқан өнімді келешекте өтейміз деп, кейінге шегереді. Ол жинала келе әжептәуір көлемге айналуы мүмкін. Немесе ОПЕК+ құрамына кіретін өзге елдер де өз міндеттемелерін орындамаймыз деп, бас тартады. Ондай жағдайда мұнай бағасы түсіп кетуі ықтимал. Өйткені нарықта ұсыныс көп болған кезде баға арзандайды.

Алайда шындап келгенде, әлем елдері мұнай бағасының барреліне 60-70 доллар деңгейінде сақталып тұруына мүдделі. Өйткені баға күрт төмендеп кетер болса, әрине, бұл ахуал Таяу Шығыс, Араб елдері үшін де тиімсіз болады. Сондықтан ондай радикалды қадамға бара қоюы да екіталай. Ал бізді дәл қазір «100 млн тонна мұнайды қашан өндіреміз?» деген сауал емес, «алдағы бес жылды жағдай қалай болады?» деген сауал алаңдатуы керек. Себебі бізде «Теңізден» кейін мұнай өнімін арттыра алуға қабілетті басқа жоба жоқ.

Бұл орайдағы өзекті мәселе – мұнай тасымалдау жайы. Дәл қазір басым бағыт – Каспий құбыр консорциумы (КТК). Сонымен қатар бізде кейінгі 3-4 жылда Орта дәліз арқылы тасымалдау жиі айтылып, сол бағыттың өрісін кеңейту тұрғысында ауқымды жұмыс бас­талды. Бірақ соның өзінде Транскаспий арқылы тасымалдау көлемі жақын арада қатты арта қоймайды. Өйткені КТК-да шетел инвесторларының мұнайы ағып жатыр. Егер олар КТК-ны қауіпті деп ойласа, 2022 жылдан бастап Транскаспийді дамытуға күш салар еді. Алайда ондай іргелі қадамға бармады, демек олардың да бір ойлағаны бар. Әйткенмен, осындай балама бағыттарды үнемі дамытып, солар арқылы экспортталатын мұнай үлесін аз болса да көбейтіп отыру маңызды. Мұнай тасымалының 80 па­йызын бір бағытқа (КТК-ға – ред.) байлап қою жақсы үрдіс емес. Бұл – үлкен тәуекел. Өйткені КТК үлкен қиындыққа ұшырайтын болса, қатты қиналып қала­мыз. Себебі республикалық бюджет кірісінің тең жартысына жуығы мұнай сатудан түскен табысқа тәуелді.

Сөз басында ірі мұнай кеніштеріміз алпауыт инвесторлардың қарауында деп айттық қой, бұл ретте олармен жасалатын келісімшарттарға да мән беру ерекше маңызды. «Теңіз» инвесторларының бізбен мәмілесі 2033 жылы аяқталады. Олар 2028 жылдан бастап бізбен келіссөз үстеліне отырады. 2028 жылға дейін небәрі 2-3 жыл қалды, сондықтан бұл мәселеге қазірден бастап дайындалу қажет. «Теңіз» жобасы тым ауқымды болғандықтан, ол жоба Үкімет қарауына толықтай өтеді деп айту қиын. Себебі ол жерде атқарылып жатқан жұмысты істеуге адами және технологиялық ресурсы­мыз әлі де болса жетпеуі мүм­кін. Дегенмен солай екен деп қарап отырмай, Үкімет «Теңіз­дегі» өз үлесін көбейтуге күш салуы, келісімшарт тармақтарын өзіне ыңғайлы етіп ауыс­тыруы керек. Ал «Қарашығанақтың» уақыты 2037 жылы аяқталады. Оған әлі 12 жылдай уақыт бар. 12 жылдың ішінде маманды да даяр­лап, технологиямызды да жетілдіріп үлгереміз, сондықтан бұл жоба толықтай мемлекет қарауына өтуі қажет.

«Қашаған» мерзімінің аяқталуы 2041 жылға тура келіп тұр. Бұл жобада «Қашағанның» екінші фазасы бойынша қазірден бастап келіссөз жүргізіп, позициямызды нықтап алған дұрыс. Екінші фазаға ақша да, технология да көбірек керек, әрі оны 2030 жылға дейін бастап кету өте маңызды болып тұр.

Соңғы жаңалықтар