• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Сұхбат Бүгін, 09:10

Атом энергетикасының дамуы елге маңызды әлеуметтік-экономикалық әсер береді - Әсет Махамбетов

30 рет
көрсетілді

28 қыркүйек – еліміздің атом саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Бұл күн атом энергетикасының дамуына үлес қосып жүрген мамандардың еңбегін мойындау ғана емес, сонымен қатар саланың стратегиялық маңызын айшықтайтын мереке. Алдағы онжылдықтарда елімізде атом энергетикасын дамыту бойынша ірі жобалар жүзеге асырылмақ. Осы бағыттағы жоспарлар мен басымдықтар жайлы ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасының орынбасары Әсет Кеңесбекұлы Махамбетовпен сұхбаттасқан едік.

– Әсет Кеңесбекұлы, кәсіби мереке қарсаңында әңгімемізді жалпы саланың мән-маңызынан бастасақ. Қазақстан үшін атом энергетикасының басты мәні неде?

– Төмен көміртекті энергияға жаһандық ауысу жағдайында атом генерациясы сенімді және экологиялық таза энергия көзі ретінде қарастырылады. Қазақстан Париж келісімінің қатысушысы бола отырып, 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу бойынша міндеттемелерді алды. Атом энергетикасын дамыту осы мақсатты іске асырудың негізгі құралдарының бірі ретінде қарастырылады.

Халықаралық энергетикалық агенттіктің болжамы бойынша 2050 жылға қарай электр энергиясын әлемдік тұтыну екі есеге артады. Мұндай өсу келесі бірқатар факторларға байланысты: демографиялық және экономикалық даму, жеделдетілген индустрияландыру, көлікті электрлендіру, сондай-ақ энергияны көп қажет ететін цифрлық инфрақұрылымның кеңеюі – деректер орталықтары, есептеу кластерлері және бұлттық платформалар. Сұраныстың осындай қарқынды өсуі жағдайында бүкіл әлем бойынша мемлекеттер өздерінің энергетикалық стратегияларын түзетуде, жаңа жобаларды іске асыруды жандандыруда және энергетикалық әлеуетті арттыруда. Осы тұрғыда атом энергетикасы ондаған жылдар бойы тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ете алатын сенімді, болжамды және жоғары тиімді базалық генерация көзі ретінде қайтадан алдыңғы қатарға шығады.

– Елімізде қуат тапшылығы мәселесі жиі қозғалып жүр. Атом энергетикасы бұл мәселені шешуге қалай көмектесе алады?

– Қазақстан үшін атом энергетикасын таңдау жаһандық үрдістерге ғана емес, сонымен қатар объективті ішкі сын-тегеуріндерге де байланысты. Қазақстан Республикасының Бірыңғай энергетикалық жүйесіндегі электр энергиясы мен қуатының 2025-2031 жылдар кезеңіне болжамды теңгеріміне сәйкес 2031 жылы қуат тапшылығы қажетті резервті ескере отырып 4799 МВт-ты құрайтын болады.

Атом энергетикасының дамуы елге тек энергетикалық ғана емес, сонымен бірге маңызды әлеуметтік-экономикалық әсер беретінін атап өткен жөн. Ауқымды құрылыс және өнеркәсіптік жобалар аралас салаларды – машина жасау, металлургия, құрылыс және электротехникалық материалдар өндірісін дамытуға серпін береді. Құрылыс кезеңдерінде де, инженерлік, ғылыми, білім беру және сервистік құрылымдарда да мыңдаған жұмыс орындары ашылады. Ұлттық кадрлардың біліктілігі артып, экспорттық әлеует нығаяды және өңірлік даму қарқын алады.

– Агенттік әзірлеген 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы да осы мақсатқа бағытталғаны белгілі. Оның басты бағыттарын тарқатып айтсаңыз.

– Қазіргі уақытта ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі «Қазақстан Республикасының атом саласын дамытудың 2050 жылға дейінгі стратегиясы» жобасын әзірледі, ол қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік органдардың келісімінде. Стратегия жобасында Қазақстанда мынадай бағыттарды дамыта отырып, заманауи және орнықты ядролық кластерді қалыптастыру көзделген:

бірнеше атом электр станцияларын салу; перспективалы учаскелерде іздестіру және геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу арқылы шикізат базасын дамыту; жаңа өндірістер құру арқылы ядролық отын циклін дамыту; радиоактивті қалдықтармен және пайдаланылған ядролық отынмен жұмыс істеу; атом саласы объектілерінің ядролық, радиациялық және физикалық ядролық қауіпсіздігін қамтамасыз ету; ғылыми қалалар құру және зерттеу инфрақұрылымын жаңғырту арқылы ядролық ғылым мен ядролық медицинаны дамыту; атом саласы объектілерін салу, пайдалану және оларға қызмет көрсету процесіне отандық кәсіпорындарды, мамандар мен технологияларды барынша тарту мақсатында өндірісті оқшаулау және жергілікті қамтуды дамыту; орта буыннан бастап жоғары білікті мамандарға дейін кәсіптік білім берудің барлық деңгейлерін қамтитын атом саласының кадрларын даярлау.

Сондай-ақ отандық жоғары оқу орындарын қолдау, халықаралық білім беру ынтымақтастығы және реактор тренажерларында мамандарды практикалық даярлау көзделетін болады. Стратегияда көзделген басым міндеттердің бірі атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы қызметті сапалы қадағалау мен бақылауды қамтамасыз ету мақсатында нормативтік-құқықтық және институционалдық базаны дамыту болып табылатынын атап өту қажет.

– Қоғамда жиі талқыланып жүрген тақырыптың бірі – атом электр станциясын салу. Бұл жобаның негізі артықшылықтары қандай?

– Қазақстанда АЭС салу жобасын іске асыру елеулі артықшылықтарға ие. Ең алдымен, заманауи (3+ буын) атом электр станциялары көпдеңгейлі қорғау жүйелерімен жабдықталып, халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді, бұл жоғары деңгейдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Экологиялық тұрғыдан алғанда, АЭС іс жүзінде парниктік газдарды шығармайды және көмір генерациясымен салыстырғанда көміртектік ізді азайтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, жобаның экономикалық тиімділігі елді ұзақ мерзімге тұрақты әрі салыстырмалы түрде арзан электр энергиясымен қамтамасыз етуінде. Сонымен қатар, АЭС құрылысы жаңа жұмыс орындарын құрып, ғылым мен технологияның дамуына серпін береді, сондай-ақ жергілікті ұйымдардың қатысуын кеңейте отырып, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Осылайша, жоба қауіпсіздікті, экологияны және мемлекет үшін стратегиялық тиімділікті ұштастырады.

– Ядролық қауіпсіздік мәселесіне тоқталсақ. Қазақстан бұл бағытта қандай халықаралық міндеттемелерді басшылыққа алады?

– Қазақстан ұлттық заңнамамен қатар, Ядролық қауіпсіздік туралы конвенция, Пайдаланылған отын мен радиоактивті қалдықтарды қауіпсіз басқару жөніндегі бірлескен конвенция, Ядролық апат туралы жедел хабарлау жөніндегі конвенция, Ядролық материалдың физикалық қорғалуы туралы конвенция, Ядролық апат немесе радиациялық апат жағдайында көмек көрсету туралы конвенция, Ядролық залал үшін азаматтық жауапкершілік туралы Вена конвенциясы және Ядролық қаруды таратпау туралы шарт аясындағы халықаралық міндеттемелерді де басшылыққа алатынын атап өткен жөн.

Барынша ашықтық пен сенімді қамтамасыз ету мақсатында тәуелсіз халықаралық сараптама тартылатын болады. Мысалы, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) өз мүше мемлекеттеріне ядролық қауіпсіздік және физикалық қорғаныс сияқты кең ауқымды салаларды қамтитын шолу миссиясы, сараптамалық бағалау, консультациялар, оқыту және техникалық көмек қызметтерін ұсынады.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан –

Қырмызы Жұмағалиқызы