Күні кеше Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде «Жетісу Вольфрамы» ЖШС-мен бірлесіп жүзеге асырылған маңызды инфрақұрылымдық жоба – туристік бағытқа су құбырын тарту жұмыстарының ашылу салтанаты өтті, деп жазады Egemen.kz.
Салтанатты шарада аудан әкімі Бота Елеусізова су құбырының тартылуы табиғатты қорғау ісінде, туризмді дамытуда және демалушыларға қолайлы жағдай жасауда ерекше мәнге ие екенін атап өтті.
«Су – тіршілік нәрі. Бүгінгі жоба тек туристерге ғана емес, жалпы өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам дер едім. Бұл – табиғатты аялау мен экологиялық туризмді өркендетуге қосылған зор үлес», – деді аудан әкімі.
Жаңа су құбырының іске қосылуы Шарын шатқалына келушілерге қолайлы жағдай жасап қана қоймай, ұлттық парктің экологиялық тұрақтылығын сақтауға да ықпал етері сөзсіз. Жоба мемлекет пен бизнес арасындағы тиімді әріптестіктің нақты нәтижесінде жүзеге асып отыр.
Ашылу рәсімінде қатысушылар табиғатты қорғау және туризмді дамытуға бағытталған осындай бірлескен бастамалардың өңір үшін стратегиялық маңыздылығын атап өтті. Бұл игі іс-шара Жетісу өңіріндегі экологиялық туризмнің дамуына да жаңа серпін беріп, ұлттық парк қонақтарына жайлы жағдай жасаудың жарқын үлгісіне айналмақ.
Алматы облысы.