• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Форум Кеше

Қызылордада Әдеп жөніндегі уәкілдердің республикалық форумы өтуде

20 рет
көрсетілді

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен Қызылорда облысында Әдеп жөніндегі уәкілдердің республикалық форумы өтті.

Оған Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, орталық және жергілікті атқарушы органдардың әдеп жөніндегі уәкілдері, мемлекеттік қызметшілер және мемлекеттік қызмет ардагерлері қатысты.

Форумның негізгі мақсаты – Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Әділетті Қазақстан», «Адал азамат» қағидаттарын ілгерілетіп, мемлекеттік қызметшілер арасында Заң мен тәртіптің орнығуына айрықша ықпал ету. Мұнда әсіресе Әдеп жөніндегі уәкілдерге ерекше жауапкершілік жүктеледі.

Іс-шараның ашылуында Дархан Жазықбай Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауында айтқан «Заң және тәртіп» – мемлекетіміздің мызғымас тұғыры. Қоғамда осы қағиданы түбегейлі орнықтыру үшін барлық құзырлы органдар арасында ортақ көзқарас пен ортақ ұстаным болуға тиіс. Бұл – ең алдымен, ешқандай құқық бұзушылыққа жол бермеу қағидасы, яғни кез келген заңсыздыққа қарсы тұру деген ұстаным. Сондықтан мемлекеттік органдардың осы бағыттағы жұмысын барынша қолдау қажет. Сонда ғана елімізде құқық бұзушылыққа, озбырлық пен зорлық-зомбылыққа қарсы сана-сезім қалыптасады, қоғамға жат кез келген әрекетке төзбеушілік пайда болады» деген сөздерін тілге тиек етіп, «Заң және тәртіп» қағидаты мемлекеттік қызметшілерден бастау алу керектігін атап өтті.

Агенттік төрағасының айтуынша мемлекеттік органдарда жаңадан Профилактика қызметін құру көзделіп отыр. Оның негізгі міндеттері – жемқорлықтың алдын алу жөнінде шаралар қабылдауды қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметтердің сапасына ішкі бақылауды жүзеге асыру, ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметін, оның ішінде комплаенс-қызметтердің қызметін үйлестіру.

Сондай-ақ, ерекше назар аударатын маңызды өзгерістердің бірі – қызметтік тергеп-тексеру рәсімдерінің институционалдық түрде қайта құрылуы. Бұл ретте кадр қызметтері өздерінің негізгі міндеті – персоналды дамыту мен тиімді кадрлық саясатты жүргізуге бағытталса, қызметтік тергеп-тексеру жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу өкілеттігі толықтай Профилактика қызметіне беріледі. Бұл өзгерістер жаңа Заң жобасында нақты қарастырылып, оны іске асыру барысында Әдеп жөніндегі уәкілдер жетекшілік рөл атқарады. Олар Агенттіктің өкілдері ретінде мемлекеттік органдарға іссапарға жіберіледі.

Сонымен қатар, форумда жаңартылған ант мәтіні де талқыланды. Жаңартылған анттың басты міндеті – мемлекеттік қызметшіні тек құқықтық ғана емес, сондай-ақ моральдық міндеттер де жүктелген мемлекеттің өкілі ретінде айқындау.

Дархан Жазықбай «Әділетті Қазақстан – адал азамат» қағидаттарын мемлекеттік аппарат жұмысында бекем орнықтыру – стратегиялық маңызды міндет екенін айтты. Мемлекеттік қызметшілер осы ұстанымдарды басшылыққа алып, оны қоғам санасына сіңіруге белсенді атсалысуы тиіс. Бұл ретте олардың құмар ойындарға қатысуын, тыйым салынған заттарды қолдану сияқты бұзушылықтарды болдырмау, сондай-ақ адалдық қағидатына негізделген жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға ерекше назар аудару қажет. Сонымен қатар, отбасылық құндылықтарды сақтау да маңызды басымдықтардың бірі болып қала бермек.

Айта кету керек биылғы жылдың бірінші жартысында құмар ойындарға қатысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтамаған 25 мемлекеттік қызметші анықталып, заңнама талаптарына сәйкес қызметінен босатылды.

Форумға қатысушылар Әдеп жөніндегі уәкілдердің дербестігін күшейтуге және оларға жүктелетін міндеттерді тиімді орындау тетіктеріне қатысты ойларын ортаға салды.

Қазіргі таңда республика бойынша мемлекеттік органдарда 770 Әдеп жөніндегі уәкіл қызмет атқаратынын атап өту керек.