Бүгінгі таңда жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар адамзат тіршілігінің барлық саласына тың серпін беріп, жаңа даму көкжиектерін ашып отыр. Атап айқанда, экономикадан бастап, денсаулық сақтау, көлік, қаржы және білім беру секілді салаларда адам өмірін жеңілдетіп қана қоймай, болашақ өркениеттің негізгі тірегіне айналып келе жатқанын айқын көрсетеді. Әлем мемлекеттері осы үдеріске ілесіп, заманауи технологиялар арқылы өз әлеуетін арттыруға ұмтылып жатыр. Олардың қатарында біздің еліміз де бар.
Онлайн-қызметтер саласындағы жетістік
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев түрлі жиындарда жаһандық тәртіп пен адамзаттың өмір сүру салтына түбегейлі өзгеріс әкелген трендтен қалыс қалмай, жасанды интеллект пен жаңа технология мүмкіндіктерін игеруге үндеп келеді. Ал жуырда осы салаға арнайы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын арнап, елімізді алдағы үш жыл ішінде жаппай цифрлық мемлекетке айналдыру туралы өте маңызды стратегиялық міндет қойғаны баршаға мәлім.
Осы орайда кеше Мәжілісте Президент тапсырмаларын жүзеге асыру аясында «Қазақстан Республикасында жасанды интеллектіні дамыту» тақырыбында парламенттік тыңдау өтті. Қос палатаның депутаттары мен құзырлы мекемелердің басшылары, өзге де жауапты лауазымды тұлғалар қатысқан жиында еліміздің жасанды интеллект пен цифрландыру саласындағы жетістіктері мен алда тұрған міндеттер талқыланды.
Алғашқы сөзді алған Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бұл іс-шара цифрландыру саласындағы ең ірі оқиға – «Digital Bridge» жаһандық технологиялық форумы қарсаңында ұйымдастырылып отырғанын еске салды. Астанада өтетін аталған жиынға әлемнің 100 елінен ең озық ойлы мамандар жиналып, жасанды интеллектінің болашағын талқыламақ. Мәжіліс спикері осы ғаламдық диалогке үн қосу мақсатымен Парламентте арнайы басқосу ұйымдастырылғанын тілге тиек етті.
– Бүгінде жасанды интеллектінің дамуына әлем елдерінің барлығы дерлік назарын аударып отыр. Жаһандық деңгейде біз технологиялар жарысының жүріп жатқанын анық байқаймыз. Жақында Шанхайда өткен Жасанды интеллект жөніндегі дүниежүзілік конференцияда «2025 жылғы Жасанды интеллект саласындағы жаһандық инновациялар индексі» таныстырылды. Мұнда АҚШ – бірінші орынға, Қытай – екінші орынға, ал Ұлыбритания үшінші орынға жайғасты. Алайда жағдай күн сайын өзгеріп келеді. Қазіргі таңда өзге де мемлекеттер алдыңғы қатарға шығып, екпінді даму жолына түсіп отыр. Жасанды интеллект саласындағы бәсекелестік – мемлекеттердің бірінші болуға ұмтылысы ғана емес. Бұл – қазірдің өзінде экономиканы, еңбек нарығын және миллиондаған адамның күнделікті өмірін өзгертіп жатқан үдеріс. Соның айқын бір мысалы – нейрожелілер. Баршаға танымал ChatGPT-ді екі жыл ішінде әлем бойынша 800 миллионнан аса адам қолданатын болды. Бұл кезіндегі интернеттің де таралу қарқынынан асып түсіп отыр. Шынында да, таңғаларлық қарқын. Кейбір болжамдарға сәйкес, жасанды интеллект нарығының жалпы көлемі 2025 жылдың өзінде шамамен 740 млрд долларды құрамақ. Бұл – өткен жылғы деңгейден 20%-дан аса жоғары көрсеткіш, – деді ол.
Е.Қошанов қазіргі таңда мемлекет тарапынан цифрлық даму мен жасанды интеллектіні жаппай енгізу үшін біраз жұмыс атқарылып жатқанын жеткізді. Соның біріншісі – ЖИ үшін оңтайлы құқықтық негіз қалау. Парламент осы сайланымда онлайн-платформалар, ақпараттық қауіпсіздік, ақпараттандыру және цифрлық активтер мәселелері туралы, сондай-ақ таяуда ғана Мәжілісте «Жасанды интеллект туралы» заңды қабылдағанын атап өтті.
– Екіншіден, қажетті инфрақұрылым құрылып жатыр. Жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізуге біз ерекше қарқынмен және зор әлеуетпен кірістік. Суперкомпьютер іске қосылып, ұлттық жасанды интеллект платформасы жұмыс істей бастады. «Smart Data Ukimet» платформасы да қолданысқа еніп, өз жемісін беріп жатыр. Электрондық үкіметті дамыту деңгейі бойынша еліміз қазірдің өзінде 193 мемлекеттің ішінде 24-орында тұр. Бұл жоғары позицияға мемлекеттік басқару саласын цифрландыру есебінен қол жеткізілді. БҰҰ сарапшылары да еліміздің электрондық үкіметінің тиімділігіне жоғары баға берді. Сонымен қатар банк саласы да бұдан қалыспай келеді. Еліміз Қытай, Германия және Аустралиядан озып, онлайн-қызметтер индексі бойынша үздік 10 ел қатарына кірді, – деді ол.
Қауіпсіздікке мән берілгені жөн
Қазіргі таңда барлық салада жаппай атқарылып жатқан нәтижелі жұмыстар арқылы еліміз Орталық Азиядағы ең озық цифрлы мемлекетке айналып отыр. Бұған британдық «Оксфорд Инсайтс» компаниясының Елдердің жасанды интеллектіні енгізуге дайындығы рейтингісінде 188 мемлекеттің ішінде 76-орынды иеленуіміз айқын дәлел. Осылай деген Е.Қошанов жасанды интеллектіні барлық салаға енгізу кезінде назар аударарлық бірнеше өзекті жайтқа тоқталып өтті. Соның біріншісі – жасанды интеллектіні қолдану этикасы мен қауіпсіздік мәселелеріне ерекше көңіл бөлу. Оның айтуынша, әзірге ешкім қауіп-қатер шекараларын анықтай алмай отыр.
– Жасанды интеллект технологияларын теріс мақсатта пайдалануға қарсы тұру үшін әртүрлі тактика ұсынылады. Мысалы, Қытай биылғы қыркүйектен бастап ұлттық әлеуметтік желілерге жасанды интеллект жасаған контентті таңбалау жүйесін енгізуді міндеттеді. Біз де Жасанды интеллект туралы заңымызда осындай талап қойдық. Енді қабылданған нормалармен шектеліп қалмау керек. Мұндай қарқынды дамып келе жатқан салада жаңа технологияларды ескере отырып, заңнаманы тұрақты мониторингілеу және бейімдеп отыру қажет. Уақтылы реттемесе, біз болашақта салдарын бақылау қиын болатын қауіптерге тап болуымыз мүмкін, – деді ол.
Мәжіліс төрағасы көтерген екінші мәселе – жасанды интеллектінің еңбек нарығына айтарлықтай әсер етуі. Ол «McKinsey» компаниясының болжамы бойынша, әлемде 400 миллионнан аса адам жасанды интеллект салдарынан жұмыс орындарынан айырылуы мүмкін екенін айтты. Мәселен, «Microsoft» қазірдің өзінде жасанды интеллект адамның орнын басуы мүмкін мамандықтарды атаған. Олардың арасында аудармашылар, журналистер, редакторлар, маркетологтер, PR-мамандар бар.
– Үшінші мәселе – жасанды интеллектіні білім беру саласында, әсіресе мектеп жүйесінде қолдану мәселесі кеңінен талқыланып жатыр. Қоғам екіге жарылғандай – бірі қолдайды, енді бірі қарсы. Жиі айтылатын сұрақ – жасанды интеллект шынайы білімнің орнын басып кетпей ме деген қауіп. Әлеуметтік сауалнамаларға сәйкес, пікірлер әртүрлі. Адамдардың 40,5 пайызы жасанды интеллектінің ықпалын оң бағалайды. Ал 37 пайызы керісінше, теріс қабылдайды. Олар жасанды интеллект оқуды тым жеңілдетіп, материалды үстірт меңгеруге әкеледі деп қауіптенеді. Мұның бәрі жаңа технологияларды пайдалану кезінде дұрыс тепе-теңдікті табудың маңызы зор екенін дәлелдейді. Яғни орынды шектеулер мен еркін қолдану арасынан алтын ортаны табу қажет. Жасанды интеллект – ешқашан мұғалімнің орнын баса алмайтынын, тек көмекші құрал екенін естен шығармауымыз керек, – деді Е.Қошанов.
Сонымен қатар Мәжіліс төрағасы жасанды интеллектімен жұмыс істеу кезіндегі киберқауіптерден сақтану, жаңа технология мүмкіндіктерін аграрлық салада қолдану, су ресурстарын басқару ісінде шешуші рөл атқарушы құрал ретінде пайдалану, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты дамытуда тиімді тетік ету туралы да ойларын ортаға салды. Осы орайда Мемлекет басшысы БҰҰ аясында «Жасанды интеллектіні басқару жөніндегі ғаламдық диалог» құру бастамасын қолдағанын айтып өтті.
– Біздің еліміз де әлемдік қауымдастыққа өз бастамаларын белсенді түрде ұсынып келеді. Соның бірі – Жасанды интеллект жөніндегі халықаралық консультативтік кеңес пен мемлекет, бизнес және ғылымды біріктіретін «Alem.AI» орталығы. Бұған қоса жақында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезінде Президент жасанды интеллект дамуының этикасын қадағалайтын конфессияаралық комиссия құру туралы идеясын да жария еткені белгілі, – деді спикер.
Крипто-индустрия – ЖИ валютасы
Цифрлық мемлекет – ең алдымен цифрлық азаматтар. Бұл орайда елімізде барлық санаттағы халықтың, соның ішінде кәсіпкерлердің және мемлекеттік қызметшілердің өмір тіршілігін қамтитын цифрлық мемлекетті құру аса маңызды. Парламенттік тыңдауда осылай деген Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушы Жаслан Мәдиев жасанды интеллектіні дамыту жұмысында институционалды ортаны қалыптастыру, инфрақұрылым жасау және адам капиталын дамытуға мән беріліп отырғанын жеткізді.
«Мен, ең алдымен, «Жасанды интеллект туралы» заң жобасын қолдап, қабылдаған Мәжіліс депутаттарына алғыс айтқым келеді. Өйткені Үкімет, депутаттар және сарапшылар қауымдастығы ЖИ технологиясының бастапқы даму кезеңінде оны тым қатты реттеуге жол бермеудің маңыздылығы жөнінде ортақ түсінікке келгені қуантады. Институционалдық ортаны қалыптастыру аясындағы келесі ауқымды жоба – Цифрлық кодекс. Оның мақсаты – цифрлық саланы кешенді құқықтық реттеуді қамтамасыз ету. Кодекс цифрлық трансформация тетіктерінен бастап, цифрлық қатынастарды реттеу мен цифрлық тәуекелдерді басқаруға дейінгі кең ауқымды мәселелерді қамтиды, – деді ол.
Биыл мамыр айында Мемлекет басшысының тапсырмасымен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес құрылғанын, оның қатарында Ли Кай-Фу, Омар әл-Олама, Джон Хопкрофт, Питер Норвиг секілді танымал әлемдік көшбасшылар бар екенін айтқан Ж.Мәдиев алдағы аптада кеңестің алғашқы отырысы өтетінін жеткізді. Сонымен қатар ол крипто-индустрияның жасанды интеллект валютасына айнала бастағаны, сәйкесінше біздің елімізде «crypto-friendly» заңнамасы дамып жатқаны туралы ой қозғады. Оның айтуынша, жуық арада Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен тауарлар мен қызметтер ақысын криптовалютамен төлеу, мемлекеттік майнингті іске қосу, стейблкойнды теңгемен шығару, крипторезерв қалыптастыру және басқа да бағыттар дами бастайды. Сондай-ақ ол ЖИ дамытудың негізі – байланыс инфрақұрылымын қалыптастыру екенін тілге тиек етті.
– Биыл қаңтар айында «OneWeb» арқылы спутниктік интернет іске қосылды. Тамыз айынан бастап «Starlink» бүкіл ел аумағында ресми түрде қолжетімді. Сонымен қатар осы жылы Алматы облысы аумағында біздің министрлік «Shanghai Spacecom Satellite Technology Co. Ltd» компаниясымен (ҚХР) бірлесіп абоненттік терминалдардың тесттік іске қосылуын жүргізді. Ал осы аптада АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында «Amazon Kuiper» компаниясымен келесі жылы спутниктік интернетті іске қосу жөнінде келісімге қол жеткізілді. Геостационарлық емес спутниктік жүйелерді пайдалану шалғай және аз қоныстанған елді мекендерді интернетпен қамтуға мүмкіндік береді, – деген Ж.Мәдиев еліміздің осы әлемдік технологиялық алыптармен әріптестік орнатқан аймақтағы жалғыз мемлекет екенін жеткізді.
Ол бүгінде «Қазақтелекоммен» бірлесіп 3 мыңнан аса ауылды сапалы интернетпен қамтамасыз ету үшін талшықты-оптикалық байланыс желілерінің құрылысы басталғанын да айтты. Оның сөзінше, 500 мыңнан аса үй шаруашылығына талшықты-оптикалық байланыс желілерін жүргізу құрылысын субсидиялау жобасы іске асырылып, 20 қалада 5G желісі белсенді түрде кеңейтіліп жатыр.
– Алдағы 5 жыл ішінде 1 миллион адамды жасанды интеллект дағдыларына үйрету мақсаты тұр. Білім беру бастамалары мектеп оқушыларын, студенттерді, мемлекеттік қызметшілерді, бизнесті және қызығушылық танытқан барлық саланы қамтиды. Адам капиталын және инновациялық кәсіпкерлікті дамыту үшін елде тұрақты стартап-экожүйе қалыптасып келеді. «Astana Hub»-та жылдық табысы 1,5 млрд долларды құрайтын 1 700-ден аса қатысушы бар. Бұл көрсеткіш 5 жыл ішінде 40 есеге өсті. Бүгінде «Astana Hub» еліміздің 20 өңірінде жұмыс істейді, – деді ол.
Ж.Мәдиев алдағы 2 қазанда өтетін «Digital Bridge» форумы аясында біздің еліміздің бастамасымен өмірге келген «Alem.Аi» халықаралық жасанды интеллект орталығы іске қосылатынынан хабардар етті. Жаңа платформа отандық ЖИ-шешімдерді шығарып, оларды экономика салаларына енгізуді мақсат тұтатын таланттардың, зерттеушілердің, кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметкерлердің басын қоспақ.
– «Аlem.Аi» экожүйесі 8 қабаттан тұрады. 1-қабат – форумдар, дәрістер, хакатондар, жәрмеңкелер мен жасанды интеллект саласындағы конкурстарға арналған қоғамдық кеңістік. Мұнда ЖИ-кафе, ЖИ-кинотеатр, көрмелер мен форумдар өткізу алаңдары және тағы басқа көптеген нысан орналасады. Іс-шаралар аймағы қоғамның жасанды интеллектіге және озық технологиялық шешімдерге деген қызығушылығын арттырмақ. 2 және 3-қабаттарда әлемге әйгілі «TUMO School» орналасады. Арменияда пайда болған бұл бағдарлама 9-12-сынып оқушыларын 3D дизайнға, бағдарламалауға, роботтехникаға және жасанды интеллектіге үйретеді. 4 және 5-қабаттарда – Tomorrow School. Мұнда 18 жастан асқан болашақ жасанды интеллект мамандары даярланады. Бағдарламаның ерекшелігі – Peer to Peer тәсілі, яғни 24 ай бойы оқытушысыз, өзара тәжірибе алмасу арқылы оқыту жүйесі қолданылады. 6-қабат – AI-кампус. Бұл қабат стартаптарды қолдауға, акселерациялық бағдарламаларды жүзеге асыруға және ЖИ саласындағы кәсіпкерлікті дамытуға арналған. 7-қабат – ғылыми-зерттеу орталықтары (R&D-орталықтар). Мұнда ғылым мен тәжірибені ұштастырып, жаңа буындағы жасанды интеллект шешімдері жасалады. 8-қабат – AI-Driven Government. Бұл – мемлекеттік үдерістерді мониторинг жасауға, талдауға, басқаруға және мемлекеттік басқаруда цифрлық шешімдер әзірлеуге арналған ситуациялық орталық, – деді Ж.Мәдиев.
Білікті мамандар даярланады
Келесі кезекте баяндама жасаған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Президенттің биылғы Жолдауында елімізді үш жыл ішінде толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру керектігі жөнінде стратегиялық міндет қойғаны барлық саланың жаңа технологияларға ұмтылысына тың серпін бергенін айтты.
– Мемлекет басшысы ауқымды цифрлық жаңғырту кадрларға, адам капиталына жаңа талаптар қоятынын жеткізді. Осы мақсатта министрлік жасанды интеллектіні дамыту бойынша негізгі 3 бағытта жұмыс жүргізіп жатыр: біріншісі – жасанды интеллект саласында кадрларды даярлау; екіншісі – ғылыми зерттеулерді іске асыру; үшіншісі – қазақ тілін дамыту үшін жасанды интеллектіні қолдану. Қазіргі таңда біздің негізгі міндетіміз – жоғары білімді жасанды интеллект дәуірінің талаптарына бейімдеу. Осы бағытта нақты нәтижелер бар. Бүгінгі таңда 30 жоғары оқу орны ЖИ бойынша 38 білім беру бағдарламасын іске асырып жатыр. Биылдан бастап барлық білім беру бағдарламаларына жасанды интеллектіні қолдану дағдылары енгізілді. Қазірдің өзінде 95 жоғары оқу орны оқу жоспарына жасанды интеллект пәндерін енгізді. Профессорлық-оқытушылар құрамының 54 пайызы жасанды интеллект бойынша курстардан өтті. Оның ішінде 7 757 оқытушы сертификатталған курстардан өтті. Жасанды интеллект бойынша әзірленген жаңа білім беру бағдарламалары бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлерін толық қамтыды. Оқу жоспарлары ұлттық компаниялармен және жетекші кәсіпорындармен бірлесіп әзірленді, – деді С.Нұрбек.
Сонымен қатар министр әзірленген бағдарламалардың Generative AI (генеративті жасанды интеллект), Large Language Models – LLM (үлкен тілдік модельдер), Computer Vision (компьютерлік көру), AI Ethics and Regulation (этика және реттеу), Quantum Computing (кванттық есептеулер), Neuromorphic Computing (нейроморфтық есептеулер) сынды әлемдік технологиялық трендтерге сәйкес келетінін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа білім беру бағдарламалары тек технологиялық трендтерді емес, сонымен қатар еңбек нарығындағы өзгерістерді де ескереді.
– Осы мақсатта біз жаңа мамандықтар атласын әзірлеу барысында жасанды интеллектінің дамуына байланысты еңбек нарығындағы өзгерістерді де талдадық. Жасанды интеллект саласында да қандай мамандықтар трансформацияланып жатқанын, қайсысы жойылатынын және қандай жаңа мамандықтар пайда болатынын анықтадық. Соған сәйкес біздің білім беру бағдарламалары еңбек нарығының осы сұраныстарын ескере отырып әзірленіп жатыр. Барлық жұмыс еңбек нарығындағы болашақ сұранысты алдын ала болжауға бағытталған. Ондағы негізгі мақсатымыз – келешекте қажет болатын құзыреттер мен дағдыларды меңгерген кадрларды даярлау, – дейді министр.
С.Нұрбек технологиялық өзгерістер мен еңбек нарығындағы жаңа талаптар біздің білім беру жүйесінен сапалы жауап күтетінін де жасырмады. Бұл сын-қатерлерге ұлттық деңгейде ғана емес, халықаралық әріптестік арқылы да тиімді жауап беру қажеттігі айтылды.
– Осы бағытта жасанды интеллект саласында кадрлар даярлау ісі құрылып жатқан Академиялық хаб шеңберіндегі шетелдік жетекші университеттермен бірлесіп жүзеге асырылып келеді. Мысалы, еліміздегі Cardiff университетінде жасанды интеллект орталығы ашылды, сондай-ақ қазіргі таңда 3 жоғары оқу орны, атап айтсақ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті SeoulTech-пен, Satbayev University City University of Hong Kong-пен және Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті Лу Бань шеберханасының базасында нақты серіктестік жобаларын жүзеге асырып отыр. Осындай тәжірибе басқа оқу орындарында да дамып келеді. Мәселен, Astana IT University, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетін айтсақ болады. Сонымен қатар «Болашақ» бағдарламасы аясында жасанды интеллект бағыты бойынша арнайы квота бөлінді. Бұл мүмкіндік арқылы студенттер де, ғылыми қызметкерлер де шетелдің жетекші университеттері мен ғылыми орталықтарында білім алып, тағылымдамадан өтіп жатыр, – деді С.Нұрбек.
Сонымен қатар министр Мемлекет басшысының өткен жылы берген тапсырмасын орындау аясында AI-Sana бағдарламасы әзірленіп, оны кезең-кезеңмен іске асыру басталғанын жеткізді. Бағдарлама барлық деңгейдегі студенттерді, магистранттарды және жас зерттеушілерді қамтиды.
– Бірінші кезеңде 650 мың студентті жасанды интеллект негіздеріне оқыту көзделген. Қазіргі таңда 440 мың студент курстардан өтіп, сертификат алды. Олар «Huawei», «Google», «Microsoft» корпорацияларында және университеттердің жеке бағдарламалары бойынша оқыды. Келесі кезеңдерде – жасанды интеллектіні тереңдетіп оқыту, технологиялық кәсіпкерлік, салалық жобалар әзірлеу және стартаптарды акселерациялау жоспарланған. Осылайша, AI-Sana бағдарламасы ЭКСПО аумағында орналасқан Alem.AI Халықаралық жасанды интеллект орталығы үшін адами капиталдың негізгі көзіне айналады. Айта кету керек, бағдарламаның бірінші кезеңінің өзінде студенттер жасанды интеллект негізінде 119 «жасанды интеллект көмекшілерін» әзірледі. Жыл соңына дейін тағы шамамен 400 жаңа ЖИ-агенттер іске қосылады деп күтіліп отыр, – деген министр қазіргі уақытта жасанды интеллект бағыты бойынша жалпы құны 9,7 млрд теңгені құрайтын 62 жоба іске асырылып жатқанын хабардар етті.
Ол министрлік тарапынан азаматтардың мемлекеттік тілді үйренуі мен пайдалануына арналған, өмірлік циклдің әр кезеңіне бейімделген 13 цифрлық платформаның іске қосылғанын айтты. Осылайша, елімізде азаматтардың бүкіл өмірлік циклін қамтитын және қазақ тілінің білімде, ғылымда, мәдениетте әрі кәсіби ортада толыққанды қолданылуын қамтамасыз ететін тұтас цифрлық экожүйе қалыптастырып келе жатқанын аңғардық.
Сондай-ақ министр еліміздің маңызды қадамы ретінде «OpenAI» компаниясының әзірлемелері негізінде білім беруді трансформациялау бойынша осы компанияның алғашқы халықаралық қанатқақты жобасын жүзеге асыру жоспарланып отырғанын хабарлап сүйіншіледі.
«Қазақстанды оң өзгеріс күтіп тұр»
Парламенттік тыңдауға арнайы шақырылған Дүниежүзілік экономикалық форумның сарапшысы, Еуропалық Одақтың жасанды интеллект туралы заңын әзірлеуге қатысқан Хенрик фон Шейл еліміздің ЖИ саласындағы аяқалысына, қазіргі жеткен жетістігіне жоғары баға беріп, «Еуропалық Одақтың жасанды интеллектті заңнамалық реттеудегі тәжірибесі» атты баяндамасында біраз пайдалы мағлұмат келтірді.
Алдымен ол парламенттік тыңдауға шақырғаны үшін ұйымдастырушыларға алғыс айтып, біздің елдің кейінгі жылдары экономикалық тұрғыдан біраз алға жылжып, нақты өсім байқалып, халықаралық байланыстарды да нығайтып келе жатқанын таңданыспен жеткізді. Ал алдағы он жылда жасанды интеллект Қазақ елін алға жетелеп, қатты өзгертетінін айтты.
– Сіздердің осы салаға қазірден бастап жіті көңіл бөле бастағандарыңыз қуантады. Мен уақыт тауып, Қазақстандағы жасанды интеллектінің жай-күйін шолып шықтым. Әлемдегі көптеген мемлекеттің ЖИ төңірегіндегі заңнамаларын әбден зерделеп шыққан адам ретінде мен сіздер атқарған жұмысқа таңғалдым. Себебі әлемдегі ең озық үлгілерді алыпсыздар. Сіздердің «Жасанды интеллект туралы» заңдарыңыз міндетті сипатқа ие емес элементтерді қамтиды. Яғни заң мейлінше икемді екен. Ол көбіне өсуге, оны жеткілікті жылдам қарқынмен жүзеге асыруға бағытталған. Сондықтан қазіргі таңда қол жеткізген жетістіктеріңізбен мақтануларыңыз қажет, – деді Х. фон Шейл.
Сондай-ақ ол ЖИ саласындағы көшбасшы елдер Қазақстанды өз клиентіне айналдырғысы келетінін де жасырмады.
– Жасанды интеллектінің эволюциясы 2030 жылға қарай болатын революцияға әкеле жатыр. Қазір бәріміз «OpenAI» арқылы АҚШ қалай жұмыс істеп жатқанын, Қытай бұл саланы қалай дамытып жатқанын көріп отырмыз. Олар сіздерге өнімін сатуға барынша талпынып отыр. Сіздерді өз клиенті еткісі келеді, ақпараттарыңызды пайдаланып отыр. Мәжіліс жуықта ғана қабылдаған ЖИ туралы заң осындай тенденцияларға лайықты жауап болды. Мен жасанды интеллект туралы әзірлеген заңдарыңыз осы тұрғыдан алғанда үлкен рөл ойнайтынына сенімдімін. Өйткені сіздер өз азаматтарыңызды, мемлекеттеріңізді қорғауда осындай заң әзірлеу арқылы алғашқы қадамды жасадыңыздар. Бұл әрі қарай қадам басудың алғышарты бола алады, – деді шетелдік маман.
Цифрлық егемендікке қадам
Жиында Мәжіліс депутаты, парламенттік тыңдауды дайындау жөніндегі арнаулы уақытша комиссияның төрайымы Екатерина Смышляева «Цифрлық дамуды реттеу мәселелері бойынша қазіргі заманғы тәсілдер туралы» баяндама жасап, уақтылы әрі тепе-теңдікті сақтай отырып жүргізілген саясат жаңа технологиялардың қарқынды даму кезеңінде ел өркендеуінің негізгі кілті екенін атап өтті. Сонымен қатар бұл жерде тәуекелдермен қатар, мүмкіндіктерге де назар аудару керек екенін айтты.
– Біріншіден, мәліметтер – жасанды интеллектінің жанармайы. Бұл тұрғыда басқа мемлекеттермен салыстырғанда біз – өте жақсы бастапқы позициядамыз. Біздің Smart Data Ukimet жүйемізді халықаралық рейтингтер жоғары бағалап отыр. Парламентте деректердің сапасын және айналымын реттеу бойынша алғашқы қадамдар жасалды. Ведомствоаралық деректер алмасу – ерекшелік емес, міндет болуға тиіс. Сондай-ақ бірінші басшылар үшін деректер сапасына қатысты KPI енгізіледі, – деді ол.
Мәжіліс депутаты екінші мәселе ретінде цифрлық ортаның барлық салада тепе-тең әрі бір уақытта дамуы қажет екенін атады.
– Цифрлық заңдармен қатар, қылмыстық, әкімшілік және іс жүргізу заңнамасына да жүйелі өзгерістер енгізу қажет. Қазіргі уақытта бұл салада цифрлық дәлелдер мен цифрлық криминалистика тетіктері жоқ, сондықтан оларды цифрлық ортадағы құқық бұзушылықтарды тергеу үшін енгізу маңызды. Сонымен қатар «Жасанды интеллект туралы» заң күшіне енгеннен кейін салалық заңнаманы бейімдеу қажеттілігі туындайды, – деді.
Депутаттың айтуынша, ұлттық тіл модельдері мен ЖИ шешімдеріндегі отандық мазмұн – біздің цифрлық егемендігімізді қамтамасыз етпек. Ол ғаламдық корпорациялардың контентті түсіндіруіне байланып қалмау қажеттігін алға тартты. Біздің модельдер ел азаматтарына жұмыс істеп, өз құндылықтарымыз бен мәдени кодымызға оң ықпал етуі керегін жеткізді.
– Сонымен қатар ішкі, бірақ маңызды мәселе – бюджетті жоспарлау. Жасанды интеллектіге негізделген жаңа өнімдердің өндірісінде және өмірлік циклінде өзіндік ерекшеліктер бар. Қазірдің өзінде «серпінді шешімдер» деген атпен қайта өңделген ашық өнімдер ұсынылып жүр. Бұл сенімді әлсіретіп, ресурстардың босқа жұмсалуына әкеледі. Кодекстер деңгейінде бізге цифрлық нысандардың өмірлік және бюджеттік циклдерін қайта қарау қажет. Сондай-ақ бүгінгі таңда Мемлекет басшысы цифрлық сала алдына ауқымды әрі нақты міндеттер қойып отыр. Оларды қысқа мерзімде әрі қарқынды іске асыруды ескере келе, бастапқы нүктені және қол жеткізілген деңгейді дәл бағалау аса маңызды. Жасанды интеллект жобаларын саланың жеткілікті цифрлық даму деңгейіне жеткен тұстарында ғана енгізу қажет. Хаосты цифрландыруға, оның үстіне оған алгоритмдерді жүктеуге болмайды. Сондықтан салалардың цифрлық жетілу деңгейіне міндетті түрде баға беру керек. Бұл қай жерде жасанды интеллект шын мәнінде пайда әкелетінін, ал қай жерде алдымен негізін күшейту қажет екенін анықтауға мүмкіндік береді. Келешекте осы көрсеткіш өзгерістер мен жетістіктердің динамикасын бақылауға, басымдықтарды белгілеуге жол ашады. Сондықтан бұл көрсеткіш пен оны пайдалану тәртібін заңнамалық деңгейге шығарып, барлық сала үшін міндетті ету ұсынылады, – деді Е.Смышляева.
Бұған қоса депутат жасанды интеллект пен ғылымның байланысы, трансұлттық платформалардың белең алуы, ЖИ мен адам құқықтарының қабысуы, еңбек қатынастарына әсері секілді маңызды мәселелерді көтерді. Оның айтуынша, бұл мәселелерде қоғамдық құқық қорғау институттарына үлкен жауапкершілік артылады. Қазірдің өзінде еліміздің кәсіподақтары ЖИ дәуірінің келуімен жұмысшы құқығын қорғау стандартының жобасын жасаған. Келесі айда азаматтық қоғам институттарының цифрлық трансформациясы Республикалық азаматтық форумда талқыланбақ.
Астана көшбасшылыққа лайық
Астана қаласы бүгінде жасанды интеллект технологияларын енгізу жөнінен Орталық Азияда көш бастап тұр. Бұл бағытта ең алдымен қаланы басқарудың заманауи интеллектуалды экожүйесін жасауға мән беріліп отыр. Осылай деген шаһар әкімі Жеңіс Қасымбек алда тұрған үлкен мақсат Астананы жаңа заман технологиялары көзге көрінбесе де, қала тұрғындары мен қонақтарының өмірін жайлы әрі қауіпсіз ететін мегаполиске айналдыру екенін айтты.
– Кейінгі жылдары Астанада халықпен өзара әрекеттесуді қамтамасыз ететін қалалық IKomek цифрлық қызметі арқылы бірқатар озық шешім енгізілді. Бұл қызмет жылына 2 миллионнан аса өтінішті өңдейді, аталған көрсеткіш еліміздің барлық өңіріндегі осындай қызметтердің тұтас жиынтығынан да көп. Сонымен қатар тұрғындарға тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында 120 қызмет көрсететін QalaQyzmet сервисі жұмыс істеп тұр. Ол жылына 200 мыңнан аса өтініш қабылдайды. Жол және қоғамдық қауіпсіздік саласында «Сергек» интеллектуалды платформасы құрылды, қоғамдық көлікте басқару және төлем жүйесі автоматтандырылды. Ал Smart Astana мобильді қосымшасы елорда тұрғындары мен қонақтарына арналған 70-тен аса цифрлық сервисті біріктіреді, – деді әкім.
Оның айтуынша, қазіргі таңда елорданың бейнебақылау инфрақұрылымын кең көлемді жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде қалалық полицияның Жедел басқару орталығына 37 мыңнан аса камера тіркелген. Олардың көмегімен әрбір үшінші қылмыс ашылып жатыр. Ал жыл соңына дейін тағы 20 мыңнан аса бейнекамера іске қосылмақ.
– Сонымен қатар елордада өзге де озық технологиялар белсенді түрде енгізіліп келеді. Көлік саласында машинистің қатысуынсыз пойыздардың қозғалысын толық автоматтандырылған түрде басқаруды көздейтін ең жоғары деңгейлі GoA-4 автоматтандыру жүйесі бар ЛРТ басқару жүйесі құрылады. Сондай-ақ көлік ағындарын модельдеуге және болжауға арналған машиналық оқытуға негізделген Aimsun жүйесі енгізілді. Бұл жүйе кептелістердің алдын алуға және жол желісінің цифрлық моделіне сүйене отырып, қозғалыс сызбаларын оңтайландыруға мүмкіндік береді. Жасанды интеллект пен цифрландыру үдерісіндегі аса маңызды мәселенің бірі – киберқауіпсіздік. Елордамызда қалалық деректер мен жүйелерді қорғауды күшейту бағытында жүйелі шаралар қолға алынып келеді. Әкімдікке қарасты барлық ақпараттық жүйе Ақпараттық қауіпсіздіктің жедел орталығына қосылған. Бұл орталық киберқауіпсіздік жағдайларын орталықтандырылған түрде бақылауды және оларға жедел әрекет етуді қамтамасыз етеді, – деді қала әкімі.
Бұған қоса Ж.Қасымбек Мемлекет басшысының Жолдауында жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі міндеттерді іске асыру аясында елордада өзінің төрағалығымен AI-кеңес құрылғанын айтып өтті. Бұл кеңес заманауи технологияларды қалалық инфрақұрылымға енгізу және IT-экожүйені дамыту жөнінде ұсыныстар әзірлеп, цифрлық бастамаларға сараптамалық баға беріп, оларды үйлестіруді жүзеге асырмақ. Әкімнің айтуынша, аталған шаралардың барлығы астананы ең заманауи технологияларды пайдалана отырып, қалалық үдерістерді тиімді басқару үшін жүйелі цифрлық трансформациялауға бағытталып отыр.
Парламенттік тыңдау барысында Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Игорь Рогов «Жасанды интеллектіні құру мен пайдалануды құқықтық реттеудің өзекті мәселелері», Ұлттық Банктің цифрлық трансформация басшысы Бинұр Жаленов «Ұлттық банктің Антифрод-орталығының қызметінде жасанды интеллектті қолдану туралы», «CerebraAI» компаниясының басшысы Досжан Жүсіпов «Денсаулық сақтау саласындағы жасанды интеллект», «Kazdream» ІТ-холдингінің бас директоры әрі негізін қалаушы Дәурен Төлебаев «Жасанды интеллект ұлттық мүдделерді қорғау ісінде» тақырыптарында баяндамаларын оқып, талқыланып отырған мәселе төңірегінде ойларын ортаға салды.
Жиын соңы сұрақ-жауап бөліміне ұласып, құзырлы министрліктер мен ұйымдар басшылары депутаттар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,
Жасұлан СЕЙІЛХАН,
«Egemen Qazaqstan»