• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Тұлға Бүгін, 09:30

Сүрлеуі сырлы сюрреалист

150 рет
көрсетілді

Қазақта өзі басқа халықты тани білген, ал өзі қазақты басқаларға таныта білген тұлға өте аз. Әрине, өз тамырынан үзілмей, әлемдік өркениетті түсіну үйлесімінің тепе-теңдігіне ең алдымен Абай хакім жеткен. Ол әр қазақ үшін парасат планкасы болып қала беретінінің сыры осында жатыр. Қазақтың талантты суретшісі Ерболат Төлепбай – осы гармонияға құлаш ұрған бір қазақ.

Олай дейтінім, дала­лық даналық пен еуропалық плас­ти­ка­ның сұлу синтезін дүниеге алып келген суреткер Шығыс пен Батыс өнерінің қоспасынан өзіндік ой түйе білді. Бір басына жетер абырой-беделден кенде емес кемел суреткер осы уақытқа дейін АҚШ, Белгия, Аустрия, Германия, Италия, Қытай, Үндістан, Франция, Жапония және тағы басқа дүние-жүзінің қырықтан астам елінде көрмелерге қаты­сып, Третьяков галереясы мен Эрмитажда, Болгария ұлттық музейінде экспозициясын аш­қанынан асқан қандай атақ керек? Ол аз десеңіз, таңдаулы туындылары әлемнің даңқты музейлерінде Ван Гог, Леонардо да Винчи, Микеланджело, Рафаэль, Пикассо еңбектерімен қатар тұрғанын қалай айтпайсыз? Сальвадор Далидің қазақ жеріндегі ізбасары деп мойындалған Ерболат Төлепбай ұлы суретшінің 100 жылдығына орай Парижде көрме өткізіп, әлемдік алыптың полотноларымен қатар тұрғанын біреу білсе, біреу білмес. 2004 жылы Париж төрінде өткен аталған көрменің «Сальвадор Дали және Ерболат Төлепбай» деп аталуының өзінен көп нәрсені ұғуға болады.

Адам болмысының терең ішкі жан дүниесін бейнелеген Ерболаттың «Сырнайшы» полотносын АҚШ-тың экс-президенті Билл Клинтонның інісі Роджер вилласының төріне іліп қойғаны да оның талантына әлемдік табынушылардың коэффициентін айғақтайды. Бұрынғы Кеңес одағының атақты академик-суретшілері Зураб Церетели, Таир Салахов, EuroUnion Өнер академиясының президенті Мирослав Кливер, Франция Өнер академиясының президенті Роджер Талебер, Оңтүстік Корея президенті Ли Мин Бах, басқа да төрткүл дүниеге мәшһүр даңғайыр тұлғалардың Ерболат Төлепбайды жоғары бағалауы оның әлемдік аренадағы апайтөс екенін айғақтаса керек. Қазіргі заманғы қазақ бейнелеу өнерін жаһанға танытқан Ерболат Төлепбайдың шығармашылығы бізге ерек көрінетіні – басы ашық шындық. Азат ойлы адам ғана терең ойға құрылған шығарма тудыра алатынын жыға түсінген Ерболат суреткерлік дербестігінің арқасында ғана шығармаларын шартарапқа шашыратпай жет­кізді. Көңіл-күйдің әсем тұстарын ғаламат бір әуездікпен жүрекке жеткізе білетін автордың тәуел­сіз ойының көркем келбеті кар­тиналарының тұла бойынан төгіліп тұр. Ерболат Төлепбай дүниелерін Батыстың өнер сыншылары магиялық экспрес­сионизм ретінде сипаттайды. Иә, дау жоқ, дарынды суретші рацио­налды конструкциялардан гөрі ішкі энергия мен пәлсапалық пайымды жандандыруға ұмты­ла­тынымен талайды тәнті етіп келеді. Оның туындылары сакраль­дылық пен психоанализ, түйсік пен композиция арасына дәнекер болғанымен де қымбат. Дәл осы артықшылық қазақ кескіндемесінде символикалық кеңіс­тік пен ұлттық үні бар көр­кемдік тілдің қалыптасуына ық­палын тигізді.

Өзінен де, өзгеден де талап ететін табандылығы мен ең­бексүйгіштігі болмаса, оның жұмыстары дүниенің ғажап галереялары мен кең қолтық коллекционерлерінің төрінен орын алар ма еді? Осы екі қасиетімен қоса оның бойында ойлаудың ішкі архитектурасы терең дамыған. Ерболат туындыларында экспрессивтік дүлей күш бар. Мұны алабөтен эмоционалдық ырғағы қалып­тасқан хас шебердің грави­та­циялық тартылыс күші деп айтсақ та жарасады. Ең алды­мен, ұлттық дәстүр мен этно­графиялық мазмұнға өте бай шы­ғармалары адамның жаны мен психологиялық көңіл-күйін әдемі аша білетінімен алға озып тұр. Оның үстіне, ұлттық нақыш контексінде өзіндік түс ерекшеліктерін тиімді пайдаланатыны да шығармашылығын биікке көтеріп әкетті. Ерболаттың ең басты ерекшелігі сол, ол картинаны қылқаламмен емес, жүре­гімен һәм пайым-парасаты­мен жазады. Кез келген образы ойлы бояуға құрылғаны сон­шалықты, кейіпкерлердің ішкі жан дүниесі мен сезімге толы толғанысын ежіктемей, ер­кін оқи аласыз. Жүрекпен жазыл­ған­дығынан болар, сезіміңді сол бойда селт еткізеді. Парасатпен жазылғандығынан болар, бояу­лар палитрасы сені ойлауға үйретіп тұрады. Осыдан кейін-ақ оның ұшқыр қиялы мен көркем логикасы қатар дамыған суретші екенін мойындамасқа амалыңыз қалмайды. Үйлесім­ділік дәлдігімен тәнті ететін жұмыстардан еркін сусындайсыз. Төрт жақтан түгел қарасаңыз да, бөлек жазу бай­қалады. Шы­ғармаға монументалды бітім беріп тұратын орасан образдар суретшінің таза рефлексті толық меңгергенінің дәлеліндей менмұндалайды. Оның туындыларында ашық композиция­лар мен абстрактілі нысандар басым, алайда олар көбіне нәзік, сызықтық және символдық көр­кемдікке негізделгенімен жү­рекке жылы тиеді. Оған қоса, суретші кез келген картинасында тірі қозғалысты алдыңызға жа­йып салу үдерісін философиялық акцентпен орындайды.

Өткен ғасырдың 80-жылдарына таяу студенттік максима­лизмнің ұшар басында жүрген албырт кезімізде Алматыда өтетін кез келген көрмені құр жібермейтінбіз. Қазақ бейнелеу өнерінде жылы­мық жыл­дардың басты персоны болған Салихитдин Айтбаевтың кубизмі­нен кейін тағы бір жаңа ағым­ның есіктен сығалай бас­тағанын сезе бастаған едік. Сезетініміздей бар, италиялық танымал суретші Ренато Гуттузоның өзі ару Алматыға келіп, «Салихит­дин Айтбаевтың шеберханасында» атты картинасын жазатыны да – осы кез. Интуиция алдамады. 70-жылдардың аяғында қазақ кескіндемесіне атойлап келген Ерболаттың ең алғашқы «Өскін дала» және «Маңғыстау тынысы» жұмыстары қазір ұмытпасам Ә.Қастеев атындағы өнер му­зейін­де тұр. Осы тырнақалды туын­дыларымен-ақ социалистік реа­лизмнің бұғауынан бұлқынып шығуға талпынған жас суретші өнертанушылар көзіне салған бетте ілікті. Осыдан кейін Ерболат Төлепбайдың сырға толы сюрреализм­ге біржолата көшкенін көзіміз көрді. Осы жылдары «Жел дауысы», «Молшылық», «Ауыл мұғалімі», «Суретші жастығы», «Халық композиторы Сүгір», «Түйешілер», «Көкпар», «Үндер дауысы» сияқты ғажап еңбектері дүниеге келді. Бұл туындыларында Ерболат реализмнің үйреншікті үйірінен шығып, сюрреалистік бағытта жаңа визуалдық тіл мен ой қорыту тұңғиығын ала келді. Осы орайда 1983 жылы сүрлеуі сырлы сюрреалист-суретші Шыңғыс Айтматовтың қос портретін бірдей бітіріп, терең символика мен метафоралар арқылы көрерменді сана мен қиял шекарасына жетеледі. Ой еркіндігін және түйсік пен түстің үйлесімін көрсетуге талпынған Ерболат Төлепбай осы портреттерінде атышулы жазушының бас кейіпкерлеріне арналған метафоралар арқылы жаңашылдыққа толы сюрреализмнің қазақ жерінде де кең қанат жаюына жол ашты. Дәл осы кезде Ерболат таза абстракциялық картиналар жазумен де көзге түсті. Осы жылдары «Күзгі шалғын», «Жаңбырдан кейінгі қырат», «Ән салған таулар», «Қақтығыс симфониясы», «Отырар», «Еркек пен әйел», «Зағиптар», «Қайықта», «Даладағы екеу» сияқты ғажап еңбектері дүниеге келді. Абстракция мен нақты бейне арасындағы үйлесім көрерменді жаңа психологиялық әсерге бөледі. Дәл осы принципке арқа сүйеген Ерболаттың туын­­­­­­дылары шындық пен қиял ара­сындағы диалогке айналды. Ұлт­тық дәстүр мен заманауи көр­кем­дік экспериментті керемет тан­демге айналдыра білген оның шы­ғармашылығы қазақ бейнелеу өнерін жаңа эстетикалық биікке көтерді.

70-жылдардың аяғында Ербо­лат Төлепбайдың шығарма­шы­лы­ғы толық және түпкілікті сюрреалистік бағыттың айқын көрінісіне айнала бастады. Дәс­түр мен жаңашылдық онан сайын үйлесім тауып, су­ретші кө­рерменге ой салатын сим­во­ликалық кеңістігін кеңейте түсті. Оның барлық жұмысын шағын эсседе талдау мүмкін емес. Дегенмен, жалпы ойымызды бір картинаның мысалында айтсақ та оқырманға көп нәрсені жеткізіп қалармыз. Ерболаттың 1979 жылы жазылып, 1980 жылы көрмеге қойылған «Жел дауысы» туындысы әлі күнге дейін көз алдымда. Картинадан ілкі сәтте ырғақ энергиясын сезгенімді ұмыта алмаймын. Табиғаттың көңіл-күйін өзіне бағындыра білетін суреткер ғана өнер жауһарын дүниеге әкелетінін сол жолы анық білдім. Живописецтің лирикалық ағынан жарылуының нәтижесінде туған туындының алғашқы әсерге бөлеген сәті жадымда жат­талып қалды. Аталған шығармадан суреткерге аса қажет қасиеттің бәрі табыла кеткеніне де қуанғаным бар. Суретші түс пен кеңістікті әдемі сезінген. Жарықты да жанындай ұғынған. Картина бір қарағанда монотонды көрінгенімен, қозғалыс анық байқалып тұрды. Осыдан кейін суретшінің динамика заң­дылықтарын терең меңгере бастағанын ұқтым. Туындыда салиқалы сюжеттің шиеленісуі мен кульминациясы бір линия­да ұштасып жатқанын көріп, Ерболаттың шеберлік шыңына ізгі интеллектпен жеткеніне куә болдым. Десек те, көңіл түкпіріндегі асылдың бәрін қылқалам ұшына қондырған суретшінің бұл туындысының ең басты құндылығы табиғи шы­найы­лығының астарында жат­қанын бажайладым.

Бұл картинада суретші екіұш­тылыққа ұрынбайды. Қаптаған образдарды бір-бірімен шатастыру, тіпті, мүмкін емес. Өзінше өрілген әр алуан образ кескіндемеге монументалдылық пен динамизм бере түскен. Әр кейіпкердің сезімге толы толғанысы мен ішкі жан дүниесін айнытпай танисыз. Бұл да суретшінің адам психологиясының иірімдерін суреткер ретінде соншалықты дәлдікпен игергенін көрсетіп-ақ тұр. Осы қасиеті арқылы ол туындысын айқын орындаумен қатар шығарманың үлкен үйлесімділігіне жете білген. Өмірдің қас-қағым сәтін живопись тілінде сөйлете білумен бірге жарықты зерттеумен де айналысып келе жатқан суретшінің осы картинасынан кеңістікке деген жаңаша көзқарасты, ком­­­по­зи­ция­лық шешімдер мен тех­ни­ка­лық жаңа әдістерді анық көр­дім. Әртүрлі образды композициялық тұрғыдан монолитке айналдырған Ерболат уақыт пен кеңістікті парал­лельді бейнелей білумен бірге фигуралардың орналасуы мен композициялық құрылымын сюрреализмге тән көрнекілік диалектің артықшылығына айналдыра алған. Ол перспектива мен пропорцияны бұрмалау арқылы адамның ішкі әлемін және психологиялық күйін фальшь араластырмай көрсетеді. Екін­шіден, алуан түстерді және композициялық байланыстарды орамды ойды жеткізу құралы ретінде пайдаланады. Үшіншіден, оның шығармалары эмоциялық әсер мен ұлттық болмысты ашумен шектеліп қалмайды, сонымен қатар ой тереңдігі мен метафизиканы жеткізуімен де құнды. Мұның өзі қазіргі қазақ сурет өнерінің қазыналығы мен көпқырлылығын айқын көрсетеді.

Ерболат Төлепбайдың туындылары қазақ мәдениетін жаңа қырынан ашып қана қоймай, адам санасына әсер ететін әлеу­меттік идеяларды жеткізді. Мұн­дай шығармашылық тәсіл ұлт­тық өнерді жаңаша қабылдауға, оның әлемдік контексте өзіндік орнын көрсетуге мүмкіндік алып берді. Ерболаттың шығар­ма­шылығынан біз өнер қиял мен сана арасындағы терең байланысты қалай бейнелей алатынын, мәдениетті жаңа айшықты тілмен жеткізуге де болатынын түсіндік. Ендеше, оның туындылары эстетикалық құндылығын ешқашан жоғалтпайтын шедевр­­­лер шеруін болашаққа бас­тай берері сөзсіз. Әрине, Ерболаттың шығар­машылығында түрлі стиль­­­дік кезең болғанын өнер­танушылар әлденеше рет жазды да. Дей тұрғанмен, қашанда ізденіс үстінде жүретін ол пластикалық формаларды өзгертуге талпынысын тоқтатпағанымен де, адамдық болмыстың басты мәнін, живопись тілімен кестелесек, картина кейіпкерінің квитэссенциясын өзгертуге ешқашан аттап басқан емес. Бұл да Ерболаттың тірі жазу өнеріне деген алғаусыз адалдығы болса керек. 2009–2013 жылдар аралығын суретші өнімді еңбек еткен кезең деп батыл айтуға болады. Оның үстіне, Ерболат Төлепбайдың кескіндемесі дәл осы кезде тың ағымға аяқ басты. Бұл постсюрреалистік ұмтылыс қазақ суретшісінің еуропалық сюрреализмге қарсы жауабындай көрінгенін де жасыра алмаймын. Әрине, мұндай қадамға алғаш рет барған америкалық қылқалам шеберлері екенінен бейнелеу өнерінің тарихынан хабары бар адамдар құлағдар болар. Дей тұр­ғанмен, Ерболат америкалық ағымға біржолата елітіп кетті деу – қисынсыз. Керісінше, ол шығармаларында жаңа ағымды ұлттық нақыштармен, қазақтың дәстүрлі мәдениетімен тығыз бай­ланыста қарастыруымен қай­ран қалдырды. Осы кезде жазыл­ған Ерболаттың «Дала мадоннасы», «Туған жерден көшу», «Қалыңдық», «Үш грация», «Әйелдер биі», «Дала әуені» және басқа жұмыстарында тұлғалық сим­волдар, ашық түстер, абстрак­тілі формалар ұлттық мә­де­ниет пен заманауи ойды бірік­тіріп, ерекше көркем колорит қалыптастырды. Қазақ да­ла­сының рухы мен адамның ішкі әлемін осындай принципке құр­ған суретші постсюрреализмді қазақы тұғырға қондырды. Бұл – ылғи да айта жүрер ақиқат. Ерболат Төлепбайдың жаңа стилі кездейсоқ түс бейнелерінен гөрі әр детальді мұқият ойлап, кө­рерменді өзге әлемге сүйрейтін композицияларға сүйе­нетінін талай рет аңғартты. Суретшінің бояу мен форма симбиозы те­рең сырдың кілтіндей болып көрінетінінде тылсым біткеннің талайы жатыр. Ол саналы түрде қиял мен нақты өмір көрінісін біріктіріп, кейде ертегідей, кейде шынайы образдар арқылы әлем әйнегіндегі әсемдікті бейнеледі. Ол – аталған кезеңде «Талтүс», «Көршілер», «Дала балладасы», «Аялдама», «Аяғы ауыр әйел», «Кездесу», «Апалы-сіңлілер» жұмыстары арқылы постсюрреализмнің америкалық дәстүрінен бөлек, ұлттық мәдениет пен қазақ фольклоры элементтерін қосып, өзіндік бағытын тапқан бақытты суреткер. Бейнелеу өнерінде қалыптасқан жаңа бағыттың бас­тауындай көрінетін Ерболат Төлепбай көшпелілер мәдениеті мен дала архетиптерін жаңа формалармен үйлестіріп, осы картиналарында далалық кеңістіктегі рух ірілігін толыққанды ашып берді. Осылайша, қазақ живо­пи­сінің қазіргі көшбасшысы Ерболат Төлепбай ұлттық және әлемдік өнерді ұштастырған реформаторға айналды. Оның өнердегі деңгейін айшықтайтын шынайы баға осы деп білемін.

Қазақ кескіндемесінің көк­жие­­гінде қиялдың ғарыштық қанатын кеңге жайып, өнердегі тосындық пен тереңдікті паш еткен Ерболат Төлепбайдың шығармаларына қараған сәттен бастап-ақ көрермен күнделікті өмірдің дағдысынан бір сәт ажырап, шексіз әлемнің беймәлім кеңістігіне қадам басады. Кос­мостық шарықтау деген осы болар. Ерболаттың полотноларынан қазақ дүниетанымының терең қатпарлары, көне миф пен ұлттық пассеизмнің нышандары қылаң береді. Ол дәстүр мен жаңашылдықты, архаика мен модернді табыстырған сиқыр­шыдай басқалардан алабөтен ерекшелене білді деп батыл айтуға болады. Жанрлық шығармаларда суретші Ерболат Төлепбайдың ішкі драматизмі айқын сезіледі. Оның «Келіспеушілік туралы әңгіме», «Даудың өрбуі», «Қайшылық», «Шиеленіс» серия­сы – қазіргі отандық қылқалам шеберлері сирек қозғайтын тақырыптар. Десек те, Ерболатты қашанда адам­зат табиғатына тән мәңгілік сұрақтардың өзек­ті­лігі ерекше қызықтырады. Фигуративті жанрға барынша басымдық беретін Ерболат көбіне қарапайым адамдарды бейне­лей­ді. Оны шабыттандыратын да – қараша халықтың қоңыр тірлігі.

Шынында да, ол пейзажға немесе натюрмортқа әсіре ден қоймайды. Оның басты кейіпкері – бірде шалт қимылға бейім тұ­ратын жарқын тұлға, енді бірде – нәзік те лирикалық бейне. Суретші адамның ішкі әлемін ашуға, қоғамдағы өзара қарым-қатынас үстінде туындайтын көңіл-күйді тап басуға ұмтылады. Мұндай рухани құбылыстарды қарапайым реалистік тіл жеткізе алмайтынын анық білетін ол нақты детальдан, тура көшірмеден қашып, көбіне шартты стиль мен стилизацияға жүгінеді. Сол арқылы ол шындықтың ажарын дәлме-дәл қайталамай, бас­қаша көркемдік шешім табады. Дегенмен, «Жетінші аспан» секілді кейбір еңбектерінде суретші реалистік кескінге бір қадам жақындағандай әсер қал­дыратыны рас. Мұнда үйдің нұсқасы айқын көрінеді, арқан­мен секіріп тұрған қыздың бейнесі де нақты өрнектеледі. Бірақ оның жерден көтеріле ұшқан күйі мен ойға шомған сәті көрерменді қайтадан сюрреализм мұхитына сүңгітіп барып, бір-ақ тоқтайды. «Үш грация» жұмысының айтар ойы да осыған ұқсас. Екі туындыда да кейіпкерлер уақыт пен кеңістіктен жоғары қалықтап, көрерменді өмірдің киелі мәні туралы, өткен мен бүгіннің сабақтастығы төңірегінде ойлануға шақы­рады. «Шығармашылық пайғамбар­лыққа жақын» деген постулатқа осындайда еріксіз сенесіз. Шы­нында да, Ерболаттың кес­кін­демелері адамды жаман­дық пен жат құбылыстан сақтан­дыруға арналған рухани ескертудей естіледі.

Францияның «Әдебиет пен өнер» ордені, Мемлекеттік сый-лығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Тарлан» тәуелсіз сыйлығының лауреаты, Алматы қаласының Құрметті азаматы, Сальвадор Дали атындағы халықаралық альянс жүлдесі (Мадрид-Прага), EuroUnion жоғарғы марапаттауы (Брюссель), Ресей, Чехия, Қырғызстан Өнер акаде­мияларының академигі... Осының бәрі – Ерболаттың атақтары. Әрине, бұл марапаттар кезінде берілген болар. Жалпақ жұртқа танылуы үшін керек те болған шығар. Бірақ мұның бәрі дәл қазір оның Ерболат Төлепбай деген асқақ атағынан әлдеқайда төмен тұр.

Суретшінің былтыр Венеция­да алты ай өткен 60-ха­лық­аралық көркемсурет көр­ме­­сіне қатыс­қа­нынан хабар­дар­мын. Оның Қазақстан Респуб­ли­касының «Жерұйық» Ұлттық павильонына арнап салған «Жаңа өскін. Қайта туу» монументалды полотносы ерекше ұнады. Алып туындыдан уақыт пен кеңістіктің шекарасын жарып шыққан жаңа ұрпақтың символы айқын көрінеді. Суретші 80-жылдары бастаған рухани әңгі­­месін одан әрі жалғастырып, идеологиялық қақтығыстардан азат жаңа дәуір­дің ұрпағы туралы терең ой толғайды. Материалдық және руха­ни әлемнің арасындағы өткел тақырыбы өркениет қиран­дысын елестеткен апокалипсистік сарын­дағы топтамасын жазып, за­ман рухын дәл бейнелеген Ерболат Төлепбайдың басты өмірлік тақырыбы болып қала беретініне тағы да бір рет көз жет­кіздім. Көрерменді таң­­ғал­ды­ру үшін емес, ойландыру үшін өмір сүріп келе жатқан оның туындылары алдында тұрған әр адам өз қиялына ерік беріп, ішкі әлемімен бетпе-бет қалатыны – тағдыр сыйы­­­­нан бұрын жанкештілікпен еткен еңбегіне берілген ұлы награда. Ерболаттың суреткер ретіндегі басты миссия­сы: шындықты өзінше пайымдау, болмыстың екін­ші қырын ашу. Сондықтан болар, ол қазақ өнерінің бүгінгі тарихындағы дара тұлғадай көрі­­неді. Ол – ұлттық рухты әлемдік өнер кеңістігінде кестелеген суреткер. Оның мұрасы уақыт өткен сайын биіктей бермек. Өйткені ол – айкью мен эмпатияны серік еткен мәңгілік өнер сәулетшісі.

 

Шархан ҚАЗЫҒҰЛ