Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми зерттеу институты (КІАҒЗИ) базасында республикалық эндокринология және қант диабеті орталығы ашылды. Салтанатты жиынға Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов, Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов, сала мамандары қатысты.
Әлемдік статистикада қант диабеті асқынған жағдайда түбі ажал құштырып, өлім-жітімді көбейтіп отырған кеселдердің алғашқы ондығына кіреді. Кейінгі он бес жылда бұл ауруға душар болғандар саны 3,5 есеге өскен. Қант диабетінің ең басты қаупі де сонда – жылдар бойы білдірмей ағза жүйелерін бүлдіре отырып, асқынған кезде мүгедектікке душар етеді. Бүгінде қант диабеті маңызды медициналық, әлеуметтік мәселелердің бірі.
Халықаралық қант диабеті федерациясының Диабеттік атласында жарияланған кейінгі мәліметтерге сәйкес, жер бетіндегі 20-79 жас аралығындағы 589 млн ересек адам қант диабетімен өмір сүріп жатыр. Бұл сан 2050 жылға қарай 853 млн-ға дейін өседі деген де болжам бар. Ресми тіркелімнің деректері бойынша, 2025 жылғы 31 шілдеге елімізде қант диабетімен ауыратын 544 684 пациент тіркелген, оның ішінде 18 жасқа дейінгі балалар – 6210, ересектер – 538 474 адам. 2 типті қант диабетіне душар болған пациенттердің саны 95%-ға жетіп жығылады.
Орталықтың ашылуына арнайы келген Денсаулық сақтау министрі А.Әлназарова: «Елімізде эндокринологиялық қызметті нығайту – денсаулық сақтаудың стратегиялық бағыты. Республикалық эндокринология орталығын аша отырып, эндокринологиялық қызметті дамыту мен пациенттерге жоғары мамандандырылған көмек көрсетуді көздейміз. Орталықта қолданылатын озық диагностика мен терапияның заманауи әдістері емдеудің тиімділігін арттыруға, асқыну деңгейін төмендетіп, эндокриндік аурулары бар науқастардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді», деді.
Министр эндокринология саласындағы құзырет орталықтарын көпсалалы облыстық ауруханалардың базасында ғана емес, сонымен қатар медициналық-санитарлық алғашқы көмек деңгейінде асқынулардың дамуын болдырмауға арналған диабеттік табан кабинеттерін ашу қажеттігіне де тоқталды.
Өз кезегінде КІАҒЗИ жаңадан ашылған орталық арқылы өңірлерге ұйымдастыру-әдістемелік көмек көрсететін үйлестіруші орталыққа айналуға тиіс. Қазірдің өзінде орталық білікті мамандарды жинап, қан айналымы бұзылуының салдарынан іріңдеп, шіріген аяқ-қолдарды кеспей емдеудің жаңа тәсілдерін ұсынып отыр.
«Министрлік институт базасында эндокринология және қант диабеті орталығын құруды міндеттеген еді. Министрліктің қолдауымен өткен жылдың желтоқсан айында дәрігерлеріміз Солтүстік Еуропадағы ең ірі қант диабеті орталығы – Копенгагендегі Steno диабет орталығында тәжірибеден өтті. Диабетология саласындағы жетекші мамандардан асқынған жағдайдағы емдеудің заманауи тәсілдерін меңгеріп, ауруды ерте бастан анықтау, медициналық көмекті ұйымдастыру мәселелерін зерделеді», деді КІАҒЗИ басқарма төрағасы Рүстем Төлеутаев.
Республикалық эндокринология және қант диабеті орталығы қант диабеті мен басқа да асқынған эндокриндік кеселдерді анықтап, ем-дом жүргізіп, алдын алуды жүзеге асыратын эндокринолог, офтальмолог, подолог-хирург дәрігерлерден жасақталып отыр. Орталық КІАҒЗИ аумағында орналасқандықтан, пациенттер іргесіндегі ғылыми зерттеу институтының кардиолог, гастроэнтеролог, нефролог, невропатолог сынды білікті мамандарынан да кеңес ала алады.
Жаңа орталықтың басшысы Лаура Даниярова пәнаралық тәсілдер пациенттерді жан-жақты бақылай отырып, ауыр жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік беретіндігін айтады. Орталықта қант диабетін бақылауға арналған заманауи құрылғылар бар. Дәрігерлер қант диабеті мектебін жүргізе отырып, пациенттерді инсулин терапиясын қолдануға үйретеді. Науқастар да өз дерті туралы жүйелі білім алып, өзін-өзі бақылауға машықтанады.
Сол сияқты «Диабеттік табан» кабинетінде заманауи технологияларды пайдалануға қол жеткізіліп отыр. Мұндағы кешенді диагностика тым ұзаққа созылатынына қарамастан, дұрыс ем-дом тағайындап, аяқты кесуден сақтап қалуға барынша септеседі.
Мұның алдында КІАҒЗИ мен Даниядағы Steno қант диабеті орталығының басшылығы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойып, халықаралық гибридті форматта «Диабетологиядағы заманауи технологиялар» ғылыми-практикалық конференциясын ұйымдастырған еді. Конференцияға эндокринолог, терапевт, кардиолог, қан тамырлары хирургтері, жалпы тәжірибелік дәрігерлер, басқа да мамандар қатысып, өзара тәжірибе алмасты, саланы дамытуға қатысты ой-толғамдарымен бөлісті.
АЛМАТЫ