Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) күш сынасып жүрген «Барыс» кезекті тур ойынын өз айдынында Қазанның «Ақ Барсына» қарсы өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Осыған дейін сыртта үш кездесу өткізіп, үшеуінде де ұтылған еді. Жерлестеріміз Магнитогорскіде «Металлургке» (1:5), Череповецте «Северстальге», Минскіде «Динамоға» (0:1, овертайм) есе жіберді. Енді «Барыс Аренада» спортшылар өз жанкүйерлерін қуантады деп үміттендік. Бірақ бұл матчта да жеңілістің кермек дәмін татты. Бірінші кезең басталған бетте Владимир Алистаров қонақтарды алға шығарса, үшінші кезеңде Никита Дыняк екінші шайбаны қақпаға енгізді. Астаналықтар сапынан Майкл Веккьоне ғана нысананы дәл көздей алды. Есеп – 1:2.
Енді «Барыс» 27 қыркүйекте Новосибирскінің «Сибирін», 29 қыркүйекте Владивостоктың «Адмиралын» және 1 қазанда Ярославльдің «Локомотивін» қабылдайды.