Ұлытау облысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен денсаулық сақтау саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Өңірде тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған бірқатар әлеуметтік жоба жүзеге асады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару есебінен Арнаулы мемлекеттік қордан 880 миллион теңге бөлініп, бұл қаражат «Ауылдық жерлерде денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жаңа нысандар салуға бағытталған.
Аталған қаржыға Ұлытау мен Жаңаарқа аудандарында 7 алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету мекемесінің құрылысы жүргізіледі. Атап айтқанда, Ақтүбек пен Кеңгір ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар бой көтерді. Бұдан бөлек, Бетбұлақ, Пионер, Қорғасын, Айнабұлақ және Егінді елді мекендерінде медициналық пункттер салынып жатыр.
Жоспар бойынша бұл нысандар жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Жаңа медициналық орталықтар ауыл тұрғындарының денсаулық сақтау қызметіне қолжетімділігін арттырып, облыстың жалпы медицина саласын дамытуға серпін бермек.