• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Тағзым Бүгін, 08:32

Париждегі Нұрғиса Тілендиев тойы

20 рет
көрсетілді

Биыл – аса көрнекті композитор, Қазақстанның Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің туғанына – 100 жыл. Елімізде басталған айтулы тұлғаның мерейтойы Франция астанасы Париж қаласында жалғасты. Кеше ғана әсем шаһардың төріндегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде «Ғасыр әуендері: Тілендиевке тағзым» атты мерекелік концерт өтті.

Ғасырда сирек туатын тұлғаның ұлт­тық өнеріміздің дамуына қосқан еңбегі – өлшеу­сіз. Қазақтың қасиетті домбырасының үнін жалпақ әлемге тыңдатты. «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрін құрып, халқымыздың рухани бай қазынасын дүние жүзіне мәлім етті. Біртуар тұлғаның ғасырлық тойы – елімізге ғана емес, әлемге ортақ оқиға. Сондықтан бұл дата ЮНЕСКО-ның халықаралық деңгейде аталып өтетін мерейтойлар тізіміне енді.

Мазмұнды іс-шараға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, дипломатиялық корпус пен шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты. Аида Ғалымқызы құттықтау сөзінде қазақ музыкасы мен өнерінің ЮНЕСКО аясында лайықты бағалануы – мемлекетіміз үшін үлкен мәртебе екенін жеткізді.

«Париж төрінде, ЮНЕСКО-ның мәртебелі штаб-пәтерінде қазақ халқының ұлы композиторы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы жоғары деңгейде тойланып отыр. Нұрғиса Тілендиевтің шығармалары – қазақ халқының рухани әлемін паш етумен қатар, жалпыадамзаттық құнды­лықтарды дәріптейтін биік өнер туындылары», деді министр.

Іс-шараның мақсаты – ұлттық мәдени мұрамыздың байлығы мен сан ғасырлық дәстүрлі мәдениетін әлемге насихаттау.

ЮНЕСКО сахнасында компо­зитордың ғажайып туындылары салтанат құрды. Оны көрнекті тұлға өзі құрған «Отырар сазы» оркестрі орындады. Бүгінде ұжымның көркемдік жетекшісі әрі дирижері, композитордың қызы Дінзухра Тілендиева. Сондай-ақ концертте елімізге таны­мал өнерпаздар: Светлана Айтбаева, Әлішер Кәрімов, Фархат Кубиев, Гауһар Жұмағұлова, Асқар Мұқият, Абай Қойшыбаев, Расул Жармамбетов, Нұрғалым Аманбай, Аягөз Хайруллина, Жұлдыз Байжұма өнер көрсетті. Тыңдармандар қазақ әні мен күйінің сырлы сазына елітіп, тамаша әсерге бөленді.

Өрелі талант иесі музы­каның барлық жанрын кәсі­би меңгерген. Оның күй­ші­лігі, домбырашылығы, композиторлығы, дирижерлігі – бір-бір әлем. Өнер шебері көзі тірісінде 500-ден астам музыкалық шығарма тудырды. 50-ден астам драмалық қойы­лым мен жиыр­маға жуық отандық көркем фильм­нің музыкасын жазды. Сонымен бірге композитордың халық жүрегінен жол тапқан әндерін жұртшылық әлі күнге дейін сүйіп тыңдайды. Оның шығармаларында еркін төгілген әсем әуен мен нәзік лиризм ғажап үйлесім тапқан.

Әсіресе айтулы тұлғаның өзі құрған «Отырар сазы» фоль­клорлық-этнографиялық оркес­трінің орны бөлек. Мұндағы қос ішекті, үш ішекті домбыра, қобыз, сыбызғы, сазсырнай, жетіген, шаңқобыз, асатаяқ секілді қан­шама ұлттық музыкалық аспап­­тардың орындауындағы шы­ғар­малар ұлттық нақы­­­шы­мен ерекшеленеді. Өнер ұжы­мы­ның репертуарына ха­лық күй­лерімен бірге зама­науи қазақ композиторларының шығар­ма­лары да енген. Оркестр 1985 жылы Мәскеудің П.И.Чай­ковский атындағы Үлкен концерт залында өткен шығармашылық концертте жоғары кәсіби орын­даушылық шеберлігін танытып, өнерсүйер қауымнан жоғары баға алды.

Нұрғиса Тілендиев – көзі тірі­сінде халықтың айрықша құрметіне ие болды. Оның есімін барша қазақ білді. Қадір тұтты. Бұл – барлық талантқа бұйыра бермейтін бақыт.