Мемлекеттік күзет қызметінің ұйымдастыруымен 2025 жылғы 25–26 қыркүйекте Астана қаласында күштік құрылымдардың FPV-дрон операторлары арасында «Military Drone Race 2.0» турнирі өтеді, деп жазады Egemen.kz.
Бұл сайыс пилотсыз авиациялық жүйелерді (ПАЖ) жауынгерлік және кәсіби даярлықта қолдануды дамытуға, оны киберспорт элементтерімен және жаңа технологиялармен ұштастыруға бағытталған. Сонымен қатар, бөлімшелердің техникалық әлеуетін арттыруға, мамандардың кәсіби деңгейін көтеруге, олардың тәжірибе және білім алмасуын қолдауға мүмкіндік береді.
Жүлделі орындар үшін мемлекеттік күштік құрылымдардың FPV-дрон операторларынан құралған 14 команда бақ сынайды. Турнир бағдарламасы бірнеше жаттығуды қамтитын екі кезеңнен тұрады.
Айта кетейік, күштік құрылымдар арасындағы мұндай жарыс екінші рет ұйымдастырылып отыр. Алғашқы турнир 2025 жылдың сәуірінде өткен болатын. Оның жеңімпаздары қатарында ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің, ҚР ҰҚК «А» арнаулы мақсаттағы қызметінің және Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының командалары болған еді.