«Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин 14 қыркүйек күні «Ақтөбеге» қарсы ойында ауыр жарақат алған қақпашы Темірлан Анарбековтың жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бас бапкердің айтуынша, Темірлан Анарбеков 25 қыркүйекте ауруханадан шығарылған.
«Анарбеков қазірдің өзінде базаға келді. Шыны керек, медициналық терминдерді білмеймін, бірақ оның жақ сүйегіне белгілі бір фиксация қойылған, сондықтан әзірге аузын қатты аша алмайды. Алдағы күндері ол фиксация алынып тасталады. Сол кезде біртіндеп жаттығуға кірісе алады. Ең бастысы оған орнатылған титандардың дұрыс орнығып, сіңісуі. Дәрігерлердің айтуынша, бәрі жоспарға сай жүріп жатыр», деді ол.
Сонымен қатар, ол жарақатынан айығып жатқан тағы бір қақпашы Александр Заруцкийдің екі-үш күнде жаттығуды бастайтынын айтты.