• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Пікір Бүгін, 08:50

Әлемге сенім мен ашықтыққа негізделген консенсус қажет

10 рет
көрсетілді

Осы күндері Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 80-сессиясы жаһандық күн тәртібінің басты оқиғасына айналғанын көріп отырмыз. Дүниенің әр түкпіріндегі мыңдаған адам саммит алаңдарындағы кездесулер мен сөйлеген сөздерге ерекше ден қойып, әлем көшбасшыларынан Жер шарын бейбітшілік пен келісімге бастайтын жаңа шешімдер күтті.

Жалпы дебаттағы сөзін­де Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлемде қордаланған проб­лема­ларға тоқталып, басты басым­дық­тарына назар аударды. Оларды еңсе­ру үшін жүйелі қадамдар мен тың тәсілдер ұсынды.

Барша жерлестеріміз Прези­денті­міз­дің сөзін мақта­ныш­пен тыңдады деп ойлаймын. Ол конструк­тивизммен, дәлдігімен ерекше­ленеді. Басынан аяғына дейін бейбіт­шілік, толеранттылық пен диалог баяндаманың негізгі діңгегі бол­ға­ны көрініп тұр. Біздің қоғам үшін бұл қарапайым құндылықтар мен қағи­­даттар болғанмен, әлем оған зәру болып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев барлық мемлекет басшыларын келер ұрпақ алдында парасаттылық пен жауап­кер­­шілік танытуға шақырды. Халық­­­ара­лық құқықтың бұзылуы «жаңа нормаға» айналған қазіргі жаһандық дағдарысқа енді көз жұма қарауға болмайды. БҰҰ басшылығымен жаңа ғаламдық тәртіп моделін бірге іздеуге оралған жөн. Әлемге сенім мен ашықтыққа негізделген жаңа консенсус қажет. Ол үшін мем­лекеттердің бәрі бірігіп, БҰҰ-ны жан-жақты реформалауға кірісуі керек.

Жалпы алғанда, Мемлекет басшысы сам­митке қатысушыларға жаһан­дық мәсе­лелердің салдарымен күрес­пей, БҰҰ нақты құралдарға ие болып, дағда­рыстардың алдын алып, бүкіл адамзаттың бейбіт дамуын қам­та­масыз етуі керек екенін дөп басып айтты.

Әр бастама еліміздің барлық деңгейде және халықаралық алаңдарда жүргізіп жатқан байыпты, жете ойластырылған әрі бейбітсүйгіш саясаттың нәтижесі екені Президент сөзінің салмағын арттыра түсті.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы БҰҰ мінберінен жаңа идеялар ұсынып, еліміздің ғалам­дық сын-қатерлерді еңсеруге қа­­тысты стратегиясы туралы айтып берді. Ол – климаттың өзгеруі, су тапшылығы, Арал мен Каспий теңіздерінің мәселелері, жасан­ды интеллектіні енгізу, энергетика мен ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты жайттар.

Бұл мәселелер Қасым-Жомарт Тоқаев реформаларының негізгі басымдықтарына айналғаны және оның үнемі назарында екені баршаға аян. Президенттің сайлауалды бағдарламасы мен әрбір Жолдауы жоғарыда аталған бағыттар бойынша елді дамытуға арналған нақты шараларды қамтиды.

Әлем көшбасшыларының басын қосқан жиында жаһандық диалог­­­тің басты тақырыптарының бірі цифр­ландыруға байланысты сын-қатер­лер болды. Президент дәл осы тақы­рып­та әлемнің ең биік мінберінен сөз сөй­ле­ген күні Мәжілістің «Жасанды интеллект туралы» жаңа заңды екінші оқылымда қабылдауының рәміздік мәні зор. Бұл құжат Мемлекет бас­шы­­­сының тапсырмасын орындау мақ­сатында депутаттардың бастама­сы­мен әзірленді. Біздің еліміз – әлем­де мұндай заңды қабылдаған алғашқы елдердің қатарында. Ол әлем­дік тәжірибе негізінде әзір­леніп, қазіргі қоғам­дағы үрей мен алаң­дау­шылық­тың бәріне жауап береді. Жаңа заң­ның прогрессивтілігі мен дер кезінде қолға алынуы еліміз­дің әлем­дік үрдістерге сай дамып отыр­ға­нын көрсетеді.

Ең бастысы, жаһандағы алмағайып жағдайда елімізде барлық өзгеріс халықпен бірге жүзеге асырылып жатыр. Біз дамудың демократиялық бағдарын тұрақты түрде күшейттік. Президенттің ауқымды саяси және экономикалық реформалары қоғамның санасын өзгертіп, азаматтардың барлық салада белсенділігін арттырып келеді. Біздің саяси жүйеміз одан әрі ашық болып, тиімділігі артып келеді. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы толыққанды іске асты. Заң мен тәртіп қағидаты барлық деңгейде мүлтіксіз орындалып, заңға бағынатын азаматтардың мүддесін қорғайды. Реформалар жолындағы келесі маңызды қадам бір палаталы Парламент болуға тиіс. Ол елдің саяси өміріне қоғамның бұдан да белсенді араласуын күшейтеді.

Қасым-Жомарт Кемелұлының БҰҰ Жарғысын қайта қарау, орта дер­жа­ва­лар­дың халықаралық қатынас­тар­дағы рөлін күшейту, Қауіпсіздік Кеңесін жаңғырту, ядролық қаруға қарсы кешенді шаралар қабылдау, қазіргі ғаламдық сын-қатерлерді шешу сияқты нақты бастамалары жаһандық деңгейде егжей-тегжей талқыланады деп сенемін. Мұның бәрі бұрынғыдан да өзекті. Көптеген ел мен әлемнің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған адам қазіргі әлемдік тәртіп­тің әділет­сіз­ді­гі­мен бетпе-бет келіп, осы мәселе­лерге нақты әрі батыл жауаптар күтіп отыр. Бұл біздің планетамыздың болашағы үшін маңызды мәселе десек, артық айтқандық емес.

 

Ерлан ҚОШАНОВ,

Парламент Мәжілісінің төрағасы 

Соңғы жаңалықтар