• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Пікір Бүгін, 08:43

Қауіпсіздік архитектурасын қалпына келтіруге шақырды

20 рет
көрсетілді

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясындағы Жалпы дебатта сөз сөйледі. Мемлекет басшысы халықаралық қоғамдастыққа арнаған мазмұнды және маңызды үндеуінде қазіргі таңдағы өзекті сын-қатерлерге назар аударып, Қазақстанның жаһандық қауіпсіздік, орнықты даму және цифрлық өзгерістер саласындағы бағдарына ерекше тоқталып өтті.

Баяндамада Біріккен Ұлттар Ұйымын жан-жақты реформалау мәселесіне баса мән берілді. Президент БҰҰ сексен жылдан бері адамзатқа төнген жаһандық cын-қатерлерді еңсеруде басты рөл атқарып келе жатқанын және жер жүзіндегі миллиондаған адам үшін үміт символы болып қала беретінін айтты.

Десе де, БҰҰ-ның бүгінгі құбыл­малы заманға бейімделуі үшін оның ұстанымын нығайту ерекше мәнге ие. Осыған байланысты Мемлекет басшысы қазіргі таңда халықаралық институттарға деген сенімге селкеу түскеніне назар аударып, Бас Ассамблея мінберінен Азия, Африка және Латын Амери­касы елдері арқылы ротация тәртібі­мен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құра­мын кеңейтуді, сондай-ақ орта держава­лар­дың рөлін арттыруды ұсынды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстанның БҰҰ Жар­ғысында көрсетілген еге­мендік, аумақтық тұтастық және кез келген дауды бейбіт жолмен шешу қағидаттарына бейіл екенін тағы да растады. Ол «Жарғыны қолайына қарай қолдану оның беделіне нұқсан келтіреді», деп халықаралық құқықты іріктеу тәсілі арқылы пайдаланудың алдын алды.

Президент агрессивті идео­ло­гия мен милитаризмді жою қажет екенін де баса айтты. Ол ядролық державалар арасындағы диалогті қайта жандандыруды қолдап, жаһандық қауіпсіздік архитектурасын қалпына келтіруге шақырды. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан ядролық қарусыздану және таратпау мәселелері бойынша диалог алаңы болуға дайын. Одан бөлек, еліміз Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы ұсынысты әрі қарай ілгерілетуді жалғастыра береді.

Мемлекет басшысы Украина айналасында жалға­­­сып жатқан дағдарысқа және Газадағы гуманитарлық апаттың жан түршігерлік ауқымына да алаң­даушылық білдірді. Қасым-Жомарт Кемелұлы АҚШ Президен­тінің араағайындығымен Әзербайжан мен Армения арасын­дағы қарым-қатынастың қалыпқа түскенін құптап, ең күрделі деген қақтығыстардың өзін парасатты шешім мен дипломатияның арқа­­сында реттеуге болатынын атап өтті.

Президент Орнықты даму мақсат­тары Қазақстанның ұлттық күн тәртібіндегі басымдықтардың бірі екенін айтты. Осыған байланысты біз оларды іске асырудың тиімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету үшін ОДМ-ның іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі парламенттік комиссия аясындағы жұмы­сы­мызды белсенді түрде жалғастыра береміз.

Мемлекет басшысы Жалпы дебатта экологиялық апаттардың зардап­тарына да тоқталып, аймақ­тағы серіктестерді және барша халық­ара­лық қоғамдастықты Каспий­дің су қорын сақтау үшін жедел шара­ларды бірлесіп қабылдауға шақыр­ды. Президент миллиондаған еріктіні ортақ іске жұмылдырған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы туралы айтып, еліміздің бастамасымен БҰҰ 2026 жылды Орнықты даму мақсаттары жолын­дағы Халықаралық еріктілер жылы деп жариялағанын ерекше атап өтті. Сондай-ақ ол жаһандық эколо­гиялық күн тәртібін одан әрі ілгері­лету үшін Бас Ассамблеяға 22 сәуірді Халықаралық Жер шарын көгал­дан­дыру күні деп жариялайтын қарар қабылдауды ұсынды.

Жасанды интеллектінің қар­қынды дамуы да баяндамада айтылған маңыз­ды басым­дық­тар­дың бірі болды. Президент ЖИ адамзат прогресінің қозғаушы күші бола алатынын айтты. Сонымен қатар бұл саланың технологиялық, экономикалық және геосаяси теңсіздіктердің күшеюіне әкелетін тәуекелдері де бар екенін тілге тиек етті.

Осы орайда Мемлекет басшысы Қазақстанның БҰҰ аясында Жасан­ды интеллектіні басқару бойынша жаһандық диалогке белсенді қаты­су­ға дайын екеніне назар аударды.

Президент атап өткендей, кәсіп­тік білім болмаса, цифр­лық прогреске қол жеткізу мүмкін емес. Сондықтан техникалық мамандық­тар­ды дамыту және олардың қоғам­дағы рөлін арттыру да маңызды мін­дет екені анық.

Қасым-Жомарт Кемелұлы әлемдік қоғамдастыққа Қазақ­станды үш жыл ішінде толық цифрлық державаға айналдыруды көздейтін стратегиялық мақса­тымыз туралы да айтып берді.

Мемлекет басшысы еліміз инвес­тиция саласындағы халық­ара­лық ынтымақтастық аясын кеңейтуді жақтайтынын және Қазақ­станның Еуразияның логис­ти­калық хабы ретіндегі маңызын айрықша атап өтті. Біз алдағы уақытта да Азия мен Еуропа ара­сындағы көлік транзитін, соның ішінде «Бір белдеу, бір жол» бастамасын, «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізін және Транскаспий көлік бағытын дамытуды жалғастыра береміз.

Қасым-Жомарт Кемелұлы сөзін қорытындылай келе, жаһан жұр­тының назарын Қазақстанда болып жатқан ауқым­ды сая­си реформаларға аударды. Президент бір палаталы Пар­ламент құру мәселесін жалпы­ұлт­­тық референдумға шығару тура­лы ұсынысына тоқталды және Қазақстан әрі қарай да «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын ұстанатынын айтты.

Жалпы, Қазақстан халықа­ралық ынтымақтастық бағдарына табан тіреп, әлемдік аренада бітімгер, араағайын және сенімді серіктес рөлін жалғастыра береді.

Президентіміздің БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясын­дағы Жалпы дебатта сөйлеген сөзі еліміз халықаралық құқық, сындарлы диалог және орнықты даму құнды­­лық­тарына бейіл екенін кезекті рет растап берді. Осылайша, Қазақстан қазіргідей жаһандық тұрақсыздық жағ­дайында әлемге теңгерімді тәсіл­ге, әділеттілікке және болашақ жолын­дағы ортақ жауапкершілікке негіз­делген реформалық күн тәртібін ұсын­ды. Алдағы уақытта бұл бастама әлемдік қауіпсіздіктің күшеюіне оң септігін тигізеді деп сенеміз.

 

Мәулен ӘШІМБАЕВ,

Парламент Сенатының төрағасы

Соңғы жаңалықтар