Президент Жолдауында айтылған аграрлық саланы елімізде өндірілген тұқыммен қамтамасыз етуге қатысты және агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында, Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы және Алматы облысының әкімдігімен бірлесіп, ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқым шаруашылығы жүйесін цифрлық тұқым қозғалысын бақылау жүйесін өндіріске енгізу негізінде жетілдіру мәселелері бойынша өңірлік семинар-кеңес өткізді.
Семинар барысында ауыл шаруашылығы жүйесінің дамуына ықпал ететін цифрлы платформаны таныстырылды. Ұлттық ғылым академиясының президенті А. Күрішбаев атап өткендей, саланы қарқындатудың және егістік жерлердің өнімділігін арттырудың басты факторларының бірі – сапалы тұқымдарды қолдану. Сондықтан егіншілікте тұқым шаруашылығының дамуына ерекше мән беріліп отырған. Ғалымдардың деректеріне сүйенсек, дақылдардың өнімділігінің 25 пайызы тұқым сапасына байланысты. Өкінішке қарай, елімізде ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі әлі де төмен деңгейде қалып отыр. Мұндай жағдайдың себептерінің қатарында сорт жаңартудың және сорт алмастырудың болмауы, сапасыз тұқымдарды пайдалану, кей жағдайда тұқымдық материал ретінде тауарлық астықты қолдану бар. Мысалы, 2012-дарда елімізде дәнді-дақылдардың орташа жылдық өнімділігі небәрі 6 пайызға өсіп, 12 центнер деңгейінде қалды. Ал табиғи-климаттық жағдайы бізге ұқсас Канадада бұл көрсеткіш 28 пайызға өсіп, гектарына 38 центнерге жетті.
Бүгінде барлық дамыған елдерде тұқым қозғалысын бақылаудың цифрлық жүйесі бар. Ол нақты әрі өзекті ақпарат алуға және тұқымдық әрі отырғызу материалдарының оригинатордан тауар өндірушілерге дейінгі қозғалысын толық бақылауға мүмкіндік береді.
«Мемлекет басшысы Жолдауында еліміздің бүгінгі заманда қарқынды дамуын қамтамасыз ету үшін цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекті кеңінен қолдану жөнінде нақты тапсырмалар бергені баршаңызға мәлім. Бұл тапсырманы орындау аграрлық сала үшін өте маңызды екені айтпаса да түсінікті. Осыларды басшылыққа ала отырып Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық Ғылым академиясы ауыл шаруашылығының ең маңызды саласы - тұқым шаруашылығын цифрландыру бағытында жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында бірнеше ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдарын ұйымдастыра отырып, оның цифрлық жүйесін даярлады. Бүгінгі өткізіліп отырған семинар-кеңестің негізгі мақсаты осы жүйемен сіздерді таныстырып, оны пилоттық режимде сынақтан өткізу. Кейін осы шара жүзеге асырылған соң бұл жүйе ауыл шаруашылығы министрлігіне оны мемлекет көлемінде өндіріске енгізу үшін ұсынылатын болады» деп атап өтті А.Күрішбаев.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірлеген 2024–2028 жылдарға арналған тұқым шаруашылығын дамыту кешенді жоспарында тұқым қозғалысын бақылаудың цифрлық жүйесін әзірлеу көзделген. Осыған байланысты, Ұлттық ғылым академиясының академиктері Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті және Қазақстан-Британ техникалық университетінің ғалымдарымен бірлесіп тұқым қозғалысын бақылаудың цифрлық жүйесін әзірлеп, авторлық куәлік алды.
Семинар барысында цифрлық платформа таныстырылып, пилоттық режимде іске қосылатыны мәлім болды. Цфирлы платформа бүгінде тұралап тұрған тұқым шаруашылығы саласының дамуына тың серпін бермек. Нақты айтқанда, мемлекеттік органдарда тұқым шаруашылығының жағдайы туралы нақты әрі өзекті ақпарат болады. Бұл деректер саладағы олқылықтарды, проблемаларды анықтап, негізінде дұрыс басқарушылық шешім қабылдауға мүмкіндік береді.Тұқымдар мен отырғызу материалдарын өндіру және өткізу бойынша барлық технологиялық процестердің толық ашықтығы қамтамасыз етіледі. Жалған көрсеткіштерге жол берілмейді, бұл мемлекеттік субсидияларды заңсыз алуға тосқауыл болады. Өсімдік сорттарының авторларына роялти мен сыйақылар төлеу мәселесінде тәртіп орнату мүмкіндігі туады.
Семинар-кеңес жұмысына Алматы облысының әкімі М.Е. Сұлтанғазиев, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ басшылығы, ФАО халықаралық сарапшылары, ірі фермерлер, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен бизнес өкілдері, Алматы облысының аттестатталған тұқым шаруашылығы субъектілері, жетекші халықаралық және отандық ғалымдар-эксперттер, ЖОО ректорлары, ҒЗИ басшылары мен жас ғалымдар қатысты.
АЛМАТЫ