БҰҰ-да Орталық Азия мен Ауғанстанның орнықты даму орталығы құрылды. Орталықты аймақтағы дамуды үйлестіру мекемесі ғана емес, дипломатиялық қалқан деп те айтады. Бұл тарихи оқиға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен жүзеге асты. Орталықтың мәні мен болашағы туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің Көпжақты ынтымақтастық департаментінің директоры Дидар Талғатұлы Теменовпен әңгімелестік.
– Дидар Талғатұлы, алдымен Орталық Азия Ауғанстандағы орнықты даму мақсаттары жөніндегі орталықтың құрылу тарихын толық баяндап берсеңіз...
– Жалпы тамыз айының басында өздеріңіз көрген шығарсыздар мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы мен БҰҰ-ның бас хатшысы Антониу Гутерриш Орталық Азия және Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттарына арналған орталықтың қол қою рәсіміне куә болды. Аталған құжатқа Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен Бас хатшының орынбасары Ла Джин Хуа қол қойды. Бұл оңай шаруа болған жоқ. Себебі мемлекет басшысы идеяны алғаш рет 2019 жылы БҰҰ-ның Бас ассамблеясының 74-ші сессиясында жариялаған болатын. 6 жыл көлемінде Сыртқы істер министрлігі, барлық елшіліктер, әсіресе Нью-Йорктегі біздің тұрақты өкілдігіміз, барлығы атсалысып, осы жылдың 4-наурызында БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында дауыс беру болды. Бастамамыз бір ауыздан қабылданды. Оған қоса 152 мемлекет тең демеуші болды. Оның ішінде әлемнің алпауыт елдері: Қытай, Ресей, Еуропалық одақтың барлық мүше елдері, Жапония, Үндістан сияқты елдердің барлығы тең демеушілікке қосылып, осындай үлкен жетістіктерге алып келді.
– Осы орталықты құру қандай қажеттіліктен туындады және неге Қазақстан бұл ұсынысты жасады?
– Қазіргі әлемде, өзіңіз білесіз, геосаяси тегеуріндер заманында Орталық Азия аймағы әлемнің жаңа субьектісі ретінде танылып келе жатыр. Оған мемлекет басшылығындағы тұлғалардың сіңірген еңбегі зор. Сонымен қатар еліміздің бейбітсүйгіш және көпвекторлы сыртқы саясатының әсері көп. Бас хатшы Алматыға келген сапарында «Мен Қазақстанға тек осы орталықтың ашылуына ғана келген жоқпын, мен Қазақстанның әлемдегі бейбітсүйгіш, елдер арасына көпір салушы ел ретінде танылған БҰҰ-ның жақын досы ретінде құрмет білдіру үшін келіп отырмын» деп атап өтті. Сондықтан Қазақстан жайдан-жай оған бастамашылық еткен жоқ. Өйткені біздің ойымызша, қазір әлем, әсіресе, БҰҰ күрделі дағдарыстан өтіп жатыр. Орталық Азия мен Ауғанстандағы орнықты даму мақсаттары бойынша орталықтың құрылуының негізгі себебі – Алматыда өзіңіз білетіндей 18 БҰҰ-ның агенттіктері мен қорлары жұмыс істейді. Аталған БҰҰ-ның бөлімшелері, аймақтық және субаймақтық мандаттары бар. Яғни тек осы Қазақстанға ғана емес, Орталық Азия, Кавказ елдеріне жауап беретін бөлімшелер бар. Сол барлық 18 ұйым әрқайсысы өзінің миссияларын жеке-жеке жүзеге асыратын. Әрқайсысының штаб-пәтері бар. Біреуі Нью-Йоркке бағынса, біреуі Женеваға бағынады. Біреуінің Бангкокта ЭСКАТО бойынша субаймақтық кеңсесі бар. Олардың өздерінің жеке бағдарламасы, жеке бюджеті болады. Бірақ бір-бірімен жүйелі түрде үйлестірілген жұмыс жүргізбей келді. Керісінше өзара бір қаржы көзіне таласып, бәсекелесіп, бақталастық орнаған. Соны болдырмас үшін барлығын біріктіріп, аймақтық мәселелерді бірлесіп шешкен жөн деп ұйғарылды. Барлығымыз ақылдасып, Орталық Азияның қажеттіліктеріне, мүдделеріне қарап, қандай мәселелер бар, экология, ауызсу тапшылығы, миграция мәселесі, айта берсең көп, осы Орталық Азияға тән мәселелерді бірлесіп шешу жолдарын табу керек болды. Сондықтан осы орталықты құру арқылы біз барлық БҰҰ-ның агенттіктерін бір мүддеге жұмылдыруды көздейміз.
– Орталық Азия мен Ауғанстандағы орнықты дамуға арналған орталық Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға қалай көмектесе алады? Шынымен де ол елдің әлемге интеграциялануына жәрдем бере ала ма?
– Ең алдымен осы бастаманы қолға алмас бұрын Орталық Азия елдерінің келісімін алдық. Барлық Орталық Азияның атынан бұл резолюция ұсынылды. Резолюцияны бәрі бір ауыздан қабылдады. Бұл біздің елімізге деген халықаралық қауымдастық тарапынан үлкен сенімнің көрсеткіші және еліміздің, ел басында отырған басшыларымыздың беделінің жоғары екенінің көрсеткіші.
Әрине біз Ауғанстан тарапының да пікірін сұрадық. Олар да қолдады. Бұл орнықты даму мақсаты Ауғанстан үшін де өзекті, өйткені оларда да жұмыссыздық мәселелесі, экономикалық, экологиялық, ауызсу тапшылығы деген сияқты мәселелер өте көп.. Сондықтан осы мәселелерді БҰҰ-ның ең мықты деген тәжірибесін алып, осы Орталық Азияда енгізіп, іс жүзінде оны көрсету біздің мақсатымыз болғандықтан Ауған тарапы да оны қолдап отыр. Жалпы бұл халықаралық институт Орталық Азия мен Ауғанстанның арасындағы көпір деуге болады. Транзиттік, транспорттық, логистикалық байланыс орнатып, сауда-саттық, экономика жағынан Орталық Азиямен жақсы қарым-қатынаста орнатқан сайын Ауғанстанның экономикасы тұрақты әрі орнықты даму жолына түседі.
– Ал керісінше Ауғанстанмен ынтымақтасу Қазақстанға, басқа мемлекеттерге қандай пайда береді?
– Мысалы біз Ауғанстан арқылы Оңтүстік Азияға транзиттік жол салу мүмкіндігін аламыз. Қазір Тургонзин-Ирак темір жол құрылысын салу жоспарда бар. Соны жүзеге асырсақ, кейін Қазақстанның тауарларын Оңтүстік Азиядағы Индия, Пәкістан сияқты алпауыт елдерге өзіміздің тауарларымызды жеткізе аламыз. Тікелей ашық мұхитқа жол ашылады. Біздің экономикамыздың диверсификациясына септігін тигізеді деген пікірдеміз. Айта кететін тағы бір жақсы жағы – БҰҰ орталығы Алматыда болғандықтан Алматыда көптеген халықаралық шаралар өтеді. Конференциялар, семинарлар, тренингтер болады, яғни оған әлемнің барлық елінен сарапшылар, эксперттер, қатысушылар келген сайын біздің әуе компанияның билеттерін алады, қонақүйлерде тұрады, ресторандарға барады, туризм саласының дамуына өте көп ықпал етеді. Демек бұл қаланың бюджетіне, еліміздің бюджетіне қосымша қаржы тартуға мүмкіндік ашады.
– Рахмет!