Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясының ұйымдастыруымен «Күш лекциясы» өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Игі шараны ұйымдастырушы күш мәдениетін зерттеуші белгілі ғалым Абылайхан Қалназаров бұл жоба – қазақ халқының күш пен қайсарлыққа негізделген мәдени мұрасын қазіргі заманға жеткізуді мақсат еткен бірегей бастама екенін айтады. «Күш лекциясының» өзегі – ел тарихындағы әйгілі алыптарымыз, баһадүр-балуандарымыз, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, сынды даңқты тұлғалардың өмір жолы мен игі мұрасын дәріптеу. Олардың жеңімпаз рухы мен ерлік өнегесі бүгінгі ұрпаққа жеткізіп, рухани сабақтастықты жалғау», дейді А.Қалназаров.
Іс-шараға университет басшылығы, ғалым-оқытушылар мен студенттер, зиялы қауым, Қазақстан спортының абыройлы өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты. КИНЕС рекордтар кітабына енген, «Тас балуан» атымен танылған алып күш иесі Арман Сүлеймен және Иманжүсіп Құтпанұлы, Балуан Шолақ Баймырзаұлы, Қажымұқан Мұңайтпасұлының ұрпақтары алыптардың өнегелі өміріндегі сәулелі сәттерін баяндап, естеліктерімен бөлісті. Иманжүсіптің немересі, философия ғылымдарының докторы, профессор Раушан Иманжүсіп атасының әндері тек өнер туындысы ғана емес, ұлттың рухы екенін жеткізді. «Біз осы рухты бүгінгі жастардың бойына сіңіргенде еліміздің ертеңі жарқын болады», деді.
Балуан Шолақтың немересі Шайдолла Шолақ та бабасының толағай күшін әйгілейтін естеліктерді айтты. «Балуан Шолақ атамыз халықтың намысын арқалаған азамат еді. Ол жастардың бойынан әрдайым әділеттілікті, қайсарлықты, отансүйгіштікті көргісі келді. Сол қасиеттер бүгінгі буынға да аса қажет. Мұндай еркін форматтағы жүздесудің маңызы орасан. Жас ұрпақ балуан бабаларының елдік мұрат-мүдде жолында атқарған еңбегін білгені дұрыс. Бүгінгі «Күш лекциясы» алдағы уақытта да жалғасын тапса, жастардың бойында отаншылдық сезімді нығайтуға септігін тигізері сөзсіз», деді.
«Қажымұқан-Батима (Надежда) атындағы қайырымдылық қордың» президенті балуанның шөбересі Әйкен Мұқан Ресейдің Омбы қаласынан арнайы келгенін атап өтті. «Қажымұқан атамыз әлемдік аренада қазақтың атын танытты. Аталарымыздың халқына тигізген шарапатын насихаттау – біздің парызымыз. Үш ұлы тұлғаның ұрпақтары – біз, мұның жауапкершілігін терең ұғынуымыз керек» деді.
Жүздесу барысында қазаққа тән күштік ойындардың арнайы бейне жазбасы көрсетіліп, рекордсмен Арман Сүлеймен сахнада білек күшінің қайратын паш етті. Балуан шеге ию, таға майыстыру, сом темірді бұрау сынды бірқатар күштік ойындардың элементін көрсетті. «Күш – тек бұлшық еттің қуаты емес, ол – елдіктің, бірліктің, тәуелсіздіктің қуаты. Бізге күш мәдениеті арқылы ұлт болашағын тәрбиелеу міндет. Алайда күш дегенде білім мен ғылымның да күшін ұмытпау керек», деді А.Сүлеймен.
Әсерлі өткен дидарласудың соңында Әйкен Мұқан өзі басқаратын Қор атынан Арман Сүлейменге ұлттық күш мәдениеті мен өнерін дамытуға сіңірген ерен еңбегіне құрмет көрсетті. Даңқты балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының бүгінгі ізбасары деп бағалап, арнайы жасатқан белбеуді сыйға тартты.
Абылайхан Қалназаров Академия атынан Қажымұқан Мұңайтпасұлының шөбересін «Ұлттық спорт майталманы», белгілі мәдениеттанушы ғалым Серік Ерғалиді «Ұлттық спорт жанашыры» төсбелгісімен марапаттады.
Іс-шараны қорытындылаған Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Думан Рамазанұлы оқу ордасына келген қонақтарға алғыс білдіріп, бағалы сыйлықтар табыстады.
«Күш лекциясы» жобасы бұған дейін Түркістан қаласында ұйымдастырылып, Ақтөбе және Павлодар өңірлерінде де жалғасын тапты. Ұйымдастырушылар жоба аясында алдағы уақытта еліміздің барлық өңірін аралап, жұртшылықпен жүздеспек. Сонымен қатар шетелдегі қазақ диаспораларымен де кездесу өткізіп, күш лекциясын таныстыруды жоспарлап отыр.